Тау мен теңіз арасы сұлу Сырда әз Наурыз

960

0

«Наурызды неге наурыз айы келгенде бастаймыз? Ұлттық киімді ұлықтауға тура осы айды ғана күтеміз бе? Ұлыстың ұлы күнін тек ата-баба киімімен нақыштайтын болсақ, онда менде 365 күн наурыз. Өйткені, мен ұдайы қазақы нақыштағы киім киемін».  Бұл белгілі дизайнер, «SAPA» жеңіл өнеркәсіп орталығының жетекшісі, қызылордалық Аида Керімқұлованың сөзі.

Кейінгі жылдары Наурыз мерекесін жаңаша өткізу туралы пікірлер айтылып қалып жүр. Бұл дұрыс та, өйткені мерекеде көбіне клуб ішінде концерт көріп, наурызкөжеден ауыз тиіп қана қайтамыз. Одан қалса, жылдағы салт-дәстүрден қойылым беріп, спорт түрлерінен шағын жарысты тамашалаймыз. Бітті, осымен тәмам. Айтпақшы, бұл карантин болмай тұрып жасалатын, жылдағы қайталама көріністер. Ұлыстың ұлы күнін шынайылықпен тойлау әлі де жетіспейтіндей.

Мақала басында айтып өткендей, қазақ екеніміз, қазақша киініп, салт пен дәстүрді ұлықтауға тура 21-22 наурызды күтетіндер бар. Бірақ, осы жерде мұндай қатып қалған сеңнің шетін жұқалап бұзып жүргендерді де жоқ дей алмаймыз. Әсіресе, қазақылықтың қаймағы саналған ауыл дейтін қасиетті өлкеде Наурыз мерекесін ай бойы атап өтетіндер бар.

Тойлайды деуіміз артық болар, бұл жерде даңғаза мен шу қылып, аста-төк тамақ таратып жатқан олар жоқ. Тойлаудың да әдебі бар. Бірер жыл бұрын Арал мен Жаңақорған арасындағы жұрттың бұл мерекеге деген шын ықыласын байқап, жазғанбыз да. Еске түсірсек.

Теңіз жағалай жатқан аралдық ағайын Наурыз мерекесін жылда ерекше атап өтуге тырысады. Дарияның төменгі сағасындағы шағын ауылдар қыс бойы сақтаған дәмін ақтара төгетін кезі де осы. Күн жылт етіп, тоқсан шыққан уақытта қонаққа бір-бірін шақырып, түйе еті мен ауға күздікүні түскен жайынның сүрленген бел кеспесінен ақсақалдарына дәм таттырады.

Ал мен туған ауыл – Жаңа­құрылыста 21-нен 22-ші наурызға қараған түні ауыл жастары кешкі сауық ұйымдастыратын. Мұнда ән де, би де кештің көркі болуымен қатар, алтыбақан құрылып, жеңге мен қайны немесе жігіттер мен қыз балалар қосыла тербетіліп, ән шырқайды. Ұлттық ойындар, оның ішінде, «ақсүйек» ойыны жыл сайын ойнатылады. Қарулы жігіт алыстата сермеп лақтырған сүйекті табу кім-кімге де оңай емес. Топтасқан жастар арнайы белгісі бар сүйекті ұзақ іздеп, жүлдені жеңіп алуға тырысады. Түн ауғанша жастар ұйымдастырған сауық жалғаса береді. Ал ертеңіне жаңақұрылыстықтар жылдағы дәстүрмен Наурыз тойын көпшілік болып тойлайды.

Аралдан берірек жатқан Қазалыдағы көп ауылда мерекелік ән-биден бөлек, спорттық жарыстарға басымдық мол беріледі. Айдың ортасынан бастап әр көше жастары волейболдан турнир өткізіп, тұрғындар жаяу жарыстан марафонға қатысады.

Көшелер сайысы мұнда керемет өтеді. Әр кө­шеде өнер сайыстары ұйым­дастырылып, жылдағы дәстүрмен өнерлі отбасы анықталады. Жас отбасылар арасында ұлттық ойын – арқан тартыстан жарыс өтіп, білегі мықты жас жігіттер әр көше атынан аударыспаққа да қатысады. Тағы бір ерекшелік, ауылда әр көшеде бір адам семіз, ту қойды көтеруден сайысқа түсіп, ұтқан ауыл тұрғыны сол қойды өзімен бірге алып кете беретін.

Айтпақшы, көпшіліктің санасында «ұлттық киімдер тек Наурыз мерекесінде ғана киіледі» дейтін теріс пікірді жоюға ұмтылғандар бар. Біздің байқағанымыз, үш жылдан бері қазалылық ұстаздар ұлттық киімді ұлықтап жүр. Иә, аудан бойынша барлық мектеп мұғалімі мен оқушылар наурыз айында тек қазақша киінеді.

Ал Сырдың оңтүстік беткейі наурызды тіпті бөлекше тойлайды. Арнайы күнді күтпестен Жаңақорған халқы көше-көше арқылы бір-біріне дәм таттырады. Ақсақалдардың батасы да ерекше. Мұндайда жас жігіттер дуалы ауыздан құр қалмауға ұмтылады.

Жаңақорғанда өзге аудандарға қарағанда көк ерте шығып, жұрт көктем лебін ертерек сезінетіні рас. Сондықтан болар әр ауылда өтетін наурыз думаны ерекше. Мереке жақындаған сайын ауыл келіншектерінде де тыным жоқ. Олар бір үйге жиналып, бір ауылға жететін дастарханның қамын жасайды. Шара-шара бауырсақ пісіреді. Тәттілер мен салаттың түр-түрін дайындайды.

Жаңақорған мен Шиелі жігіттері, әсіресе, ат спортына бейім. Күн жылт етіп жылымық келгеннен ат сайманын әзірлеп, Ұлыс күнінің ұлылығын ерте дәріптеп кетеді. Мұндағы халықтың делебесі қоза тамашалайтын сайысы – көкпар. Салым салуға асыққан сом білекті жігіттерге сүйсінген ақсақалдардың кеу-кеулеген дауысын осында естисіз. Тіпті, бес-алты жастан асқан ұлдың өзі де ербиіп, атасы меншіктеп берген жуас тайдың үстінде отырады. Аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу ойындары мұнда жиі ойнатылады. Айтпақшы, ұлттық киімнің түр-түрін білгіңіз келсе, осы жаққа барып, арнайы көрмені көріңіз. Ал ондағы қазақы күрестің өзі де ұлт рухын аспандатып тұрады.

Қармақшының қойнауында Жаңақала деген ел бар. Қазіргі атауы батыр Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауыл. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елде қарбалас басталады. Себебі, ауылдан түлеп ұшқан азаматтар Наурыз мерекесін тойлауға республиканың түкпір-түкпірінен ағылады.  1989 жылы Наурыз мерекесін жаппай тойлау басталғанда алғаш болып мерекелеген жаңақалалықтар өз ауылында салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай өткізді. Отыз жыл бұрын басталған Наурыз мейрамын 1947-1948 жылғы туған ауыл азаматтары қолға алып, демеушілік жасаған. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын табуда. Жыл сайын өз кезегінде әр жылғы туғандар мерекені өткізу міндетіміз деп біледі.

Әз Наурызда туған жерге тағзым жасайтын жаңақалалықтардың осы дәстүрі өзгелерге үлгі боларлықтай. Дәл осы жұрт секілді «елге болсын, туған жерге тарту жасаймын» дейтіндер басқа ауылдарда да көбейіп келеді. Жер-жерді аралап жүрген біз де бұны жиі байқаймыз.

Сырдария, Жалағаш – бір-біріне тым жақын жатқан ел. Ауылдары да көрші орналасқан. Індет болмай тұрып, мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, орталық алаң сахнасы мерекеге сай безендірілетін. Мерекелік көңіл-күйдегі жұртшылық бір-бірімен құшақ айқастырып, бір-біріне жақсы тілектерін жеткізіп жатады. Арнайы театрландырылған көріністен бастау алған ұлық мереке күміс көмей әншілердің, күйшілер мен мың бұралған бишілердің өнерімен кешке дейін жалғасады. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, білегі мықты палуандар мен тас көтерер толағайлар арасынан мықтылар анықталып, ел ақсақалдары бата беріп, арнайы жүлдемен марапаттайтын.

Сөз соңында. Иә, ауылда Наурыз ерекше тойланады. «Әттеген-айы» бүгінде індеті құрғыр әзірге тұсау. «Күн жаманы кетеді». Әлі де «Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар» деп, тайқазанда наурыз көже пісіріп, енді біріне қыстан қалған сүр етті асып, халық болып тойлаудың да сәті қайта оралар. Қариялардың өнегелі әңгімесін де есту бұйырары анық.

Наурызды ұлттық нақышты киіммен орталықты бір айналып келу деп түсінсеңіз, онда биылғы карантиндік шектеу сізге мейлінше мүмкіндік бермесі анық. Мұндайда қайтпек керек?! Біз де хал-қадірімізше ұсыныс айтып көрсек.

Әзірге отбасы болып, өз үйіңізде жеті түрлі дәмнен жасалған көжені тойып ішіңіз. Тойып ішсеңіз, келесі жылға дейін тоқ жүресің деген сөз бар. Одан бөлек, жеті атаны түгендеп, шежіре жаттау, ата-тек айыру және салт пен дәстүрдің мән-маңызын кішкентайларға тағы ұғындырып қойыңыз. Тіпті, қайталап болса да. Туған өлкедегі жер-су аттарын ұғындырып, тарихи орындарға отбасы болып саяхат жасауға да тамаша мүмкіндік.

Жаратылысқа осылайша әр бе­ріп, тіршілікті түлетіп сала беретін көк­тем, Жыл басы, қандай ғажайып, ә!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<