Техниканың тілін білетіндер жетіліп келеді

882

0

Біздің үйге қарама-қарсы бетте техникалық қызмет көрсету орталығы орналасқан. Күндіз-түні көліктің қарасы бір үзілмейді. Жол бойында ұзын-сонар кезек. Жазғы мезгіл болған соң есіктері ашық тұрады. Темірлердің тарсыл-тұрсылы анық естіледі. Әсіресе көлікті жоғары көтеріп қойғанда шыңылдап естілетін ащы шиқылдан құлақ тынады. Оның үстіне терезе ашық тұрғандықтан, бояудың иісі қолқаны қабады. Бірақ, тынымсыз жұмыс істеп жатқан жас жігіттердің еңбегін көріп, тауып жүрген нәпақасы екеніне түсіністікпен қараймыз. Дархан есімді көлік жөндеуші механиктің арнайы алған дипломы болмаса да, темір тұлпардың «кеселін» тамыршыдай дөп басады. Сонан да Дарханды іздеп келетіндер көп. 

– Кішкентайымнан әкемнің жанында жүріп, көліктің қыр-сырына қанық болып өстім. Қай жері бұзылса, қалай жөндеу керегін бақылап отыратынмын. Кейін өз бетімше жөндеуді үйрендім. Қазір осы жерде жұмыс жасағаныма он жылға жуықтады. Көліктің түрі көп. Алайда оның  бөлшектері табылмай жатады. Оны сырттан алдырамыз. Бір автокөлікті жөндеуге кейде екі-үш күн уақыт жоғалтамыз. Ауыр қозғалтқыштарды көтереміз деп денсаулығымызға да зияны тиіп жатады. Қыста мұздай темір ұстап, жаздың ыстығына төтеп беру оңай емес, – дейді ол.

Рас, әр адам қабілет-қарымына қарай жұмыс істейді. Оны бала кезден байқауға болатынын бүгінгі психолог мамандар да айтуда. Көп бала ата-анасының бағытымен көбіне гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдайтын.  Қазір айта беретін заңгер мен экономист емес керісінше, дәнекерлеуші мен слесарьға сұраныс артты. «Бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет» деген еді Мемлекет басшысы.

Аймақта автомеханик мамандарын даярлайтын оқу орындары санаулы. Солардың ішіндегі материалдық базасы жағынан көш ілгерісі – М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі. Оқу орнының директоры Бақыт Кенбаевтың айтуынша, жұмысшы мамандықтарын даярлайтын кәсіптік оқу орындарына қаржы көптеп бөлінуде.

– Біздегі автокран, автослесарь, дәнекерлеуші мамандықтарына биыл  323 миллион теңге қаралды. Бұл қаржы елдегі қиындықтарға қарамай, бөлініп, оның игілігін студенттер көруде. Қазір заңгерлерден гөрі жұмысшы мамандар өте керек. Олардың да табысы еселеп артты. Айқын дәлелін айта кетейін. Біздің оқу орнын бітірген түлек дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, айына миллион теңгеге жуық ақша табатынын естіп қуанып қалдық. Автомеханик маманын дайындауда бізде мықты база жасақталған. Автобөлшектерді шашып, қайта жинау, көліктерді айдап үйрену сияқты мүмкіндіктердің барлығы бар. Жыл сайын бұл мамандықтарға сұраныс жоғары. Алдағы уақытта автоэлектрик мамандығын ашуды жоспарға алдық. Қалада олардың саны жоқтың қасы. Сондықтан көлік иелері сағаттап күтуге мәжбүр. Бір жылда 25 баланы оқытып, дайындап шығарсақ үш жылдан соң 25 жерден автоэлектрик саласы бойынша қызмет жасайтын кәсіп ашса, жұртшылыққа тиімді болар еді. Тағы бір жаңалық биылдан бастап оқуға қабылданатын баланың құжаты үш жақты келісім-шартпен қабылдануда. Жұмыс беруші, оқу орны және студент арасындағы келісім  алдағы уақытта оқуын бітірген соң жұмысқа орналасуға үлкен септігін тигізеді. Ол бала жұмыссыз жүрмейді, таңдаған мамандығы бойынша мекемеге бірден барып орналасады. Бұл өз кезегінде аймақтағы жұмыссыздық мәселесін шешуге оң ықпал етері анық, – дейді колледж директоры.

Мамандықтың бәрі жақсы, тек жан-жақты меңгеріп, оның шыңына жетсе ғана жемісі де тәтті болады. Жиырма жылдан бері автослесарь мамандарын даярлап, өндірістік шеберлікке баулып жүрген Әлімжан Пшанов бұл салада жыл сайын барлық топ толық болатынын айтады.

–       Әр топта 25 баладан болса, биыл «Жас маман» бағдарламасы бойынша 30-дан жасақталды. Бұл мамандықтарға қызығушы жастар көп. Шеберханамызда екі аяқты көтергіш құралдар арқылы автокөлік бөлшегін, қозғалтқышын балалар өздері жөндеп үйренеді. Биыл заманауи техникалар алдық. «КамАЗ», «Лада веста» көлігі келді. Оның тізгінін ұстауды, әр бөлшегін жөндеуді көрсетіп, меңгертіп шығарамыз. Жыл сайын техниканың түрі жаңаруда. Бұрын «Нива» көлігін айдап үйренетін. Ал қазірде 2021 жылғы көлікті айдап, оның құрылысымен етене танысуда, – деді өндіріс шебері.

Байқасаңыз қазір бір көшенің бойында бірнеше ТҚО  (СТО) бар. Соның әрбірінде кемінде 5-6 көліктің кезекте тұрғанын көзіміз шалады. Бұрынғыдай емес, темір тұлпардың саны артқанын қаладағы жол қозғалысынан аңғару оңай. Сондықтан ашылып жатқан техникалық қызмет көрсету орталығы көп. Бұл мамандарға деген сұранысты жоғарылатады. Колледж бітірген студенттердің жартысынан көбі мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Оларға күнделікті түсіп отыратын табыс та аз емес. Айына 200 мың теңгенің үстінде қаржы табады.

Көлік рөлін тізгіндейтін көбіне ер адам болған соң, оған қатысты мамандықтарды таңдайтын да жігіттер. Кез келген жерде ақау шығып бұзылып жатса олар қиналмайды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Арайлым Бисенова осы мамандыққа алты жылдан бері оқушыларды баулып келеді. «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша дәріс беретін мұғалімге бұл салада жұмыс істеу ауырлық қылмайды.

– Көлік жүргізу ер балаға ғана тән жұмыс деп қарайтындар жоқ емес. Алайда, қазір темір тұлпарды тізгіндеп жүрген нәзікжандылар да баршылық. Аяқ астынан көлігі бұзылып қалса, олардың да хабары болуы керек. Мен теория жағынан білім беремін. Жалпы техникалық пәндер, материалтану, механика, еңбек қорғау секілді сабақтардан да қыздар жағы дәріс оқиды. Ал құрылым, техникалық көмек көрсетуді ағайлары үйретеді. Біздің колледжде осы мамандық бойынша 6 оқу тобында 140 студент мемлекеттік грантта оқиды. Былтыр ақылы негізде бакалавр мамандығында эксперимент түрде 11 студент бітіріп шықты. Олар кіші инженер біліктілігін алып шығып, жоғары оқу орнын әрі қарай қысқартылған мерзімде жалғастыра алады. Биыл республикалық бюджеттен бакалаврға грант бөлінеді. Біздің колледжді бітіргендердің екеуара бірігіп, кәсібін ашып жатқандары бар. Мәселен, Мағжан Омаров есімді түлектің үлкен техникалық қызмет көрсету орталығына студенттер тәжірибеден өтуге барады, – дейді оқытушы.

Күннен-күнге техниканың дамуы бұл салаға бөлінетін қаржыны да еселеп арттыруды талап етеді. Қазір бір техниканы ауыстырып, қайта салу жоқ. Автосканерлеу арқылы диагностикалау,техникалық қызмет көрсету, форсунканы тексеретін арнайы стендтер дейсіз бе, соның барлығына едәуір қаражат қажет. Болашақ маман иелері арнайы құрал-жабдықпен қамтылған базасы мықты оқу орындарында білім алуы керек. 2021-2022 оқу жылында 30 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық 163 біліктілікте 19678 студент білім алса, оның тең жарымы осы автомеханик, автослесарь мамандықтарын таңдаған. Демек, білікті мамандардың бәсекеге қабілетті өз ісінің мықтысы болып шығуы үшін соған сай оқу орындарына гранттарды көбейтіп, техникалық базаны нығайтуға бөлінетін қаржыны да көбейткен жөн. Ал әзірге ондай оқу орындары аймақта саусақпен санарлық.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<