Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Tengri Bank» АҚ қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату туралы шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бұйрығымен банкті тарату комиссиясының құрамы тағайындалған. Қолданыстағы заңнама шеңберінде оған банк ісін басқару өкілеттілігі беріледі.
Банкті тарату комиссиясының төрағасы болып аталған агенттіктің қызметкері Огай Оксана Дмитриевна тағайындалды.
«Заң талаптарына сәйкес енді үш жұмыс күні ішінде банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі және уәкілетті органның тарату комиссиясын тағайындауы туралы хабарлама көпшілікке жария етіліп, оның ішінде банктің интернет-ресурсында да орналастырылады. Ал он жұмыс күні ішінде бұл ақпаратты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми басылымдары қазақ және орыс тілдерінде жариялауға тиіс», – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті банктік және өзге де операцияларды жүргізу жөніндегі лицензиясынан айырған болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<