Дерматофития —шашты, теріні, тырнақты, аяқты, шаптың маңайын және бетті зақымдайтын микозды жұқпа, ол халық арасында теміреткі деген атпен белгілі. Теміреткінің ең көп таралған түрі: микроспория және трихофития.
Теміреткі-адамның терісіне ауру тудыратын микроскопиялық саңырауқұлақтардың енуінен пайда болатын жұқпалы ауру, ауру қоздырғыштары табиғатта кең таралған. Ауру қоздырғыштары теріге басқа да жұқпалардың енуіне жол ашады және аллергиялық аурулардың басты себебтерінің бірі болып табылады. Дерматофития өте жылдам жұғатын және тез таралатын тері ауры. Теміреткімен көбінесе балалар ауырады, аурушаңдық деңгейінің өсуі күз-қыс айларында байқалады.
Негізгі жұқпа көзі-мысықтар (46%) мен иттер (13%) болып табылады, көп жағдайда теміреткіні балалар жұқтырады ( 73%).
Теміреткі қалай жұғады?
Ауру көздері көбінесе теміреткіні жұқтырған мысықтар мен иттер, әсіресе қаңғыбас жануарлар болып табылады, сондай-ақ ауру қоздырғышы бар науқастың бас киімін, төсек жамылғылары мен іш киімін, сүлгісін, тарағын, жөкесін пайдаланғанда жұғады. Жеке бастың тазалығы және қоғамдық тазалық сақталмаған жағдайда , шаштараздарда да жұғуы мүмкін. Ауру қоздырғыштарын жұқтырған жануарлар сау жануарларға тікелей қатынас арқылы немесе әртүрлі заттар арқылы теміреткіні жұқтырады. Үй жануарлары арасында жұқпаның таралуы-оларды лас, қараңғы, тар қораларда ұстауға байланысты. Ауру қоздырғыштары жануарлардың жүндерімен, тері қабыршақтарымен қора-жайдың еденіне, қабырғасына, төсемшесіне түседі. Мысықтар өздері ауырмаса да теміреткіні жұқтырған басқа жануарлардың жүндерін, тері қабыршақтарын үйге алып әкеледі.
Жұғу жолдары:
• Қатынастық-науқастың тері қабыршақтары, шаштары, ауру жұқтырған жануарлардың жүндері арқылы жұғады;
• Тұрмыстық- науқастың бас киімі, төсек жамылғылары, тарағы, қайшысы және тағы да басқа жеке заттары арқылы жұғады.
• қоздырғыштары сау адамның терісіне түскенде олар теміреткімен ауырады.
• Теріде 6 айға дейін, ал шашта 4 жылға дейін сақталуы мүмкін. Теміреткінің қоздырғыштары жертөлелерде, көпқабатты үйлердің кіреберістерінде, құмсалғыштарда 10 жылға дейін сақталуы мүмкін.
Ауру қалай байқалады?
• Аурудың жасырын кезеңі-1аптадан 1 айға дейін. Шаштың арасында 1-2 домалақ немесе сопақша келген үлкен, қызғылт немесе алқызыл түсті қабыршақты жара пайда болады. Беттің, дененің, аяқ-қолдың терісінде де домалақ, шеттері айқын көрінетін, білекше тәрізді қабынған дақ пайда болады. Жараның ортасында қабыршақтар байқалады. Бұл ауру 1-2 айға дейін ұзақ емдеуді талап етеді.
• Құрметті ата-аналар!
• Теміреткінің алдын алу:
• Балаларыңызға теміреткіні жұқтырмау үшін, келесі іс-шараларды орындау қажет:
• Балалардың қаңғыбас жануарлармен ойнауларына жол бермеңіздер.
• Мысық пен итті асырап алғанда міндетті түрде мал дәрігеріне барып, жұқпалы тері ауруларына тексертіңіздер.
• Үй жануарларына міндетті түрде дерматофитияға қарсы екпе ектіріңіздер. Екпені қаладағы немесе аудандағы кез келген ветреинарлық мекемеде алуға болады.
• Ауру мысық пен итті көшеге тастамаңыздар.
• Үй жануарларын ұстағанннан кейін міндетті түрде балалардың қолдарын сабындап жуғызыңыздар.
• Бөтен адамдардың бас киімдерін, тарақтарын, киімдерін, сүлгісін пайдаланбаңыздар.
• Спорттық кешендерден, шаштараздардан келгеннен кейін міндетті түрде жуыныңыздар.
• Теріде қабыршақты жара пайда болған жағдайда, шаш түсіп немесе қырқыла бастаса міндетті түрде тері ауруын емдейтін дерматолог дәрігерге қаралыңыздар.
Гүлмира СЕМБИЕВА, Облыстық тері-венерология диспансерінің мейіргері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<