«Тұранның» тартуы

570

0

Арал ауданында тек балық өнімдері ғана емес, құрылысқа қажетті заттар да шыға бастады. Жобаны қолға алған жеке кәсіпкер Асхат Алдабергенов. Ол мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантпен 2 млн теңге ұтқан. Ал қосымша қаржыны өз қалтасынан құйыпты. Қазіргі таңда  арзан бағадағы сапалы өнім сатылымға шығып үлгерген.

– Бастама 3 жылдан бері ойымда жүрген. Біздің өңір құрылыс заттарын өзге аймақтан тасиды. Неге сырттан әкелмей-ақ өз ауданымызда мұндай қажет дүниені шығармасқа?! Сондай ынта-жігермен бастап кеттік. Қазір өзіміз жиі қолданатын кәдімгі кафельді жапсыруға арналған құрғақ қоспа, яғни, желім дайындаймыз. Украиндық құрылғы орналасқан шағын цехта күніге 10-12 тоннаға дейін өнім шығарылады. Тапсырыс түссе, одан да көп мөлшерде өндіреміз. Ал аймаққа «Тұран» есімі тән болғандықтан, өнімге де осындай брендті атау бердік, – дейді Асхат Алдабергенов.

Аралдық өнімге сұраныс жоғары. Аудан тұтынушыларынан бөлек, Сексеуіл мен Жақсықылыш кентіне жеткізілуде. Байқоңыр қаласы және көрші Қазалы, Ырғыз аудандарымен келісім-шарт жүргізіліп жатыр. Жеке кәсіпкер өз идеясын іске асырып қоймай, жергілікті жерден 5 адамды жұмысқа алған. Алдағы уақытта құрылысқа қажетті мұндай желімнің басқа да түрлерін шығаруды қолға алмақ.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<