Бұдан бірер жыл бұрын дәл осы сұрақты тура осы қалпында қойып, «ыстық ботқаша жабысып, ылжырап, былжырап, тілімізді шұбарландырып бара жатқан» осынау сөзді қысқа-қайырым әңгіме қылып, біршама уәжімізді айтқан едік. Содан бері не өзгерді? «Өзгерген дәнеңе жоқ» деп те айта алмаймын, себебі, азыншуақты өзгеріс бар, бірақ бір өкініштісі, кері тұрғысында. Кілең кесірлі нәрсе сияқты, мұның да ерегіспе жыны бар-ау деймін, біреу айтты екен деп айылын жиятын түрі жоқ, қайта барған сайын ауа жайылып, арам шөпше қаулап барады.
Бұрын көбінесе теледидардағы көп сериалдардың аудармасында, кейбір газетсымақтардың тілінде әредік қылаң беретін болса, енді салиқалы басылымдарды да, тіпті көркем шығармаларды да шетжағалап иектей бастағанға ұқсайды. Ал ауыз-екі тілдегі көріністерін атамаңыз.– Менің туылған жылым елу жеті ғой, – деді құдағиымыз бір әңгіменің орайында.– «Туған жылым» деңіз…– Қалай дейсіз? Сөздің байыбына бара қоймаған құдағи кәдімгідей аңырды.– Дұрыс қой, – деп сөзге араласты әңгіменің бағытын түсіне қойған тағы бір құда. Өзі филолог, әдебиетші-ғалым. – Құдағидың сөзінде қате жоқ. Бізді анамыз туады, ал біз одан туыламыз. Солай емес пе?Міне, мәселе қайда! Біз өздігімізден тумаймыз, басқа біреулердің (ата-анамыздың) әрекеті арқылы жаралып, содан туыламыз дейді ғой қисындатқанда. Ал бірақ бұл қисынға сала берсек, қай қияннан шығатынымызды, ойлау мен сөйлеу машығымыздың не тамтығы қалатынын қаперіне алған жан бар ма екен?
Тегі, тіліміздегі осы мүкістің қай жерден басталып, қалың қазақты баураған жұқпалы дертке айнала бастағанын көзіқарақты жандардың өздері де байқамай қалған болуы керек. Әйтеуір осы күнгі аға буынның ес біліп, етек жапқан шағынан әріде мұның елесін де таппайсың. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда жер қайысқан қол едік» деп қайран Махамбет айтпақшы, олардың қай-қайсысы да текті атаның дегдар туған ұрпағы екенін мақтан ете жүріп өсті, соған лайық болуды мұрат тұтты. Сондай-ақ, ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің үлгілерінде болсын бұл «туылу» іздесең де жоқ. «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне», «Туған елім болмаса, тумай-ақ қойсын Күн мен Ай» дейді қазақ. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деп келеді. «Ұқсамасаң тумағыр» дейді әлдебіреудің баласы әкесіне не шешесіне аумай тартқанын көрсе. Аса бір ризашылық сезімін «Тусаң ту!» дейтін екі-ақ ауыз сөзімен білдіреді. Тіпті қарғысын да «Тумай туа шөккір!» деп айтады.
Көркем тілдің майын ішкен ақындардың сөзіне құлақ түріңіз: Жабыдан айғыр салсаң шабан туар, Балаң да, қатты болсаң, сараң туар.Қатының ойсыз, дүлей, надан болса Жақсыдан соның үшін жаман туар.Тегіне тартпайтұғын пенде болмас,Адамнан екі аяқты адам туар.Омарқұл мен Тәбияныңайтысынан Қайсыбірін айта берерсің, көп қой мұндай мысалдар. Тегі, өзгені қоя тұрып, Абайға жүгінсек қайтеді?
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ.
Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да көп тұрмады.
Адам баласы жылап туады, кейіп өледі.
Одан сәл әрегіректе Бұхар жырау бабамыз да: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» демеді ме.Шәкәрімге сөз берейік:Баяғы атақты Айса тумай тұрып,Криз деген хан болған дәурен сүріп.Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы.Шаранамен туып едің,Бөз оранып өтесің.Тегінде, әлгідегі қисынға салсақ, адам тумайтын болса, яғни туылатын болса, мал да туылуы керек қой. Базар жыраудың айтуында басқаша. Әрі бұрынғы-соңғы (тек бүгінгі күнгіден басқа) сөз ұстағандардың бәрі солай айтады. Әрі десе, өзі тумаған баланың өздігінен өспейтіні, ата-анасының аялы алақанында, сылап-сипауымен өсетіні белгілі. Ал бірақ жаңағы қисынға салып, ата-анадан туылдық, өсіріліп-өндірілдік деп неге айтпаймыз? Дегенмен, мал құлағы саңырау, айтқан жерінде қалсын, бүйте берсе, кім білген…
Бұларға қоса бұрынғы-соңғы сөз зергерлерінің жазғандарынан сансыз мысалдарды келтіруге болады және солардың бірде-біреуінің «туылмайтынына» көзіңіз жетеді.Ал енді бүгінгі жазармандардың аяқ алысына келейік. Мысалы, Жаңагүл Сұлтанованың «Егемен Қазақстан» газетіндегі (11.10.2014) жазушы Роза Мұқанова туралы мақаласынан: «…білімді қастер тұтатын шаңырақта туылып, бала жасынан ауыз әдебиетінің тұма бұлағынан құмары қана сусындап өскен балаң қыз қиял әлеміне біршама жақындау болды», – дегенді оқисыз. Ал Ораз Қауғабай «Ақиқат» журналының биылғы 9-шы санында жарияланған «Қонаевтың атасы Қонай батыр кім?» дейтін мақаласын: «Қонай батыр Азынабайұлы қашан, қай жерде туылған?» – деп бастапты. Бәрінен гөрі өкініштісі – қарымды қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек інімнің «Көбелек» деп аталатын сыны бөлек, жап-жақсы шығармасынан: «Өз рұқсатымен туылған бала ғой деп санасқаны жөн», – дейтін сөйлемге тап келгенім болды. Бұл індет енді көркем әдебиетті де шетжағалай бастаған сияқты деуім осыдан. (Бұл арада бір айта кететін нәрсе: осы «туылуға» әсіресе әйелдер жағы құмар келетінін байқаймын – оның сыры неде екенін білмедім)….
Сөйтіп, «туылу» дейтін былжырақ сөз ел ішін дендеп, тілімізді тағы бір сөзбен «байытып» бара жатыр. Біз келтірген мысалдар осындай мын-сан көріністердің бірнешеуі ғана. Радио мен теледидарды алып қараңыз. Екеуара, үшеуара әңгімелерге, әсіресе, жастардың сөзіне құлақ түріңіз. Кілең бір «туылған» жұрт. Бірдеңе деп жөн айтпақ болсаң, өзіңді күстана қылады. Уәждері сол баяғы: «Бізді анамыз туды, ал біз анамыздан туылдық» дейтін қисын. Өзіңнен-өзің аңырып: «Апыр-ау, қазақ қазақ болғалы осыны да білмей келген бе?!» – дей жаздайсың. Абайың мен Махамбетің де, Шәкәрімің мен Мәшһүр Жүсіпің де, Мұхтарың мен Ғабитің де «туылғандарын» білмей, адасып жүргеніне көзің жетеді. Пай-пай, бүгінгінің жастары-ай! «Бәрі ақылды, бәрі есті, бәрі желдей еседі!». Бүйте берсе, бұл сөз ана тіліміздің асыл қорынан орын алып, заңдастырылып шыға келуі де ғажап емес-ау!
Ал енді осының төркіні неде, бұл кесел қай жерден бастау алды деп ой сорабына түссеңіз, оның ұшығына жете қоюыңыз қиын. Әйтеуір менің білуімше, бұған даңғыл жол салып бергендер, тіпті ең болмаса көрігін үрлеп жібергендер ең бір ізгі мақсат жолындағы жандар – қасиетті Құран Кәрімнің аудармашылары ма деймін. Олай болатыны – өткен ғасырдың соңына таман тәуелсіздігімізбен бірге еркіндіктің желі есіп, жаппай мұсылманшылыққа бет бұрған ел Алланы қайтадан ауызға алып, Оның «ләм йәлид уа ләм йулад» сипатын жадуалша жаттай бастағаны күні кешегідей есімізде. Ал Құранды қазақшалаған Халифа Алтай оның ауызға ең көп ілінетін Ыхлас сүресіндегі осы аятты: «Ол (яғни Алла – Б.Ә.) тумады да туылмады» деп аударғанын және Қасиетті кітап аудармасының неғұрлым жатық, жаңа нұсқасын жасап шыққан Уахап Қыдырханұлы ағамыздың да мұны «Ол тумаған да туылмаған» деп алғанын әрі ең ұғынықты мағынасында Алладан ешкім тумады және Ол да ешкімнен туған жоқ дейтінді растайтын бұл сөз дәл сол аудармашылар берген қалпында әлі күнге қолданыста жүргенін білеміз. Әрине, қай аудармада болсын түпнұсқадан ауытқымау парыз әрі сөздің ықшам болғаны да дұрыс.
Бірақ ол қайткен күнде де, аударылып отырған тілдің заңдылықтарына бағынуы және қалай да түсінікті болуы керек емес пе?Орайы келгенде айта кетейік: осындай әсіре діндарлардың кесірінен тіліміз «Аллаһ» дейтін «бөтен сөзбен былғанып» (Абай) бара жатқанын ілкіде бір әңгіме еткеніміз бар-ды. Осы жақында ғана жаңа келген бас мүфтиіміз бұл сөзді қазақтың өз тілімен «Алла» деп айтуға және жазуға бәтуа беріпті деген хабар естідік. Сол рас болса, жөн білген азаматтың атасына мың да бір рақмет деуіміз керек.
Бекболат ӘДЕТОВ, жазушы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<