Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші…»

4599

21

Кешірдім

Мен бүгін келеді кешіргім,
Біреуді емес, бәрін де кешірдім.
Көріп тұрып – көрмегенді де,
Біліп тұрып – білмегенді де.
Жаныңа жақын тартқанмен,
Көңілін – бөлмегенді де.
Кешірдім.

Шындыққа – сенбегенді де,
Ойларын – жеңбегенді де.
Түсінуге тырысып, сырды ұғып,
Тереңге – енбегенді де.
Кешірдім.

Іздесең – келмегенді де,
Қол ұшын – бермегенді де.
Барлығын біле тұрғанмен,
Әдейі – көрмегенді де.
Кешірдім.

Аяқтан шалып – құлатқанды да,
Жаныңа тиіп – жылатқанды да.
Бетіне күліп қарап, бірақ та,
Өсек айтуды ұнатқанды да.
Кешірдім.

Ренішпенен мына фәни өтпесін,
Алла бізді иманды жан еткесін.
Кешіріңдер қатем болса мені де,
Ешбір күдік ойымызда кетпесін.
Кешірдім.

Сендерде мені кешіргін...
Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші...»
Бала сезім

Кездессе де жаңа үміт, жаңа сезім,
Ұмытылмас алғашқы бала сезім.
Шынайы пәк көңілмен алабұртқан
 Мен үшін, сен үшін де дара кезің.

 Балалық кезге қайта оралғандай,
 Сен үшін жүрек мәңгі жаралғандай.
 Қанша уақыт өтсе де кіршіксіз боп,
 Ұғысқан бірін-бірі жанарларды-ай.

 Ойласаң бәрі жақсы, жырым нықтай,
 Жүрсек те бірін ұғып, бірін ұқпай.
 Шырқап тұр балалықтың саз әуені,
 Кеудемдегі жүректе жұдырықтай.

 Бала көңіл – пәк сезім естелігін,
 Түсірдік сағынышпен еске бүгін.
 Жүректің түкпірінде мекендейтін,
 Біз үшін оюланған кестелі күн.

 Бұл сезім ұлы боп тұр пәктігімен,
 Сағыныштар осындай қапты кімнен.
 Сыйлайды ерекше бір ғажайыпты
 Бал кездің естелігі тәтті күннен.

 Ұмытылар сәттер мүмкін уақытпенен,
 Ал, балалық өшпейтін бақыт дер ем.
 Армандарға жетелер үміт беріп,
 Алғашқы махаббат тең жақұтпенен.

 Қадамдарға қарасам ойым батпан,
 Жоқ сезім деп өмірде пайымдатқам.
 Суып кеткен көңілге қайта айналып,
 Бала сезім тек қана мойындатқан. 
Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші...»
Мұз 
 
Суық есім, естіледі ызғарлы,
 Басып өтіп кететіндей құздарды.
 Ойып тұрып ашатындай суықсың,
 Жүректегі білінбейтін сыздарды.
  
 Айнадайсың қарап тұрған қызғана,
 Түсінісіп тұрғандаймыз біз ғана.
 Жай жылылық жібіте алмас кей кезде,
 Қаттысың сен, ерітетін тұз ғана.
  
 Жарқырайсың тас секілді бағалы,
 Қалай кінә саған айтшы, тағады.
 Шымырлыққа үйретесің, төзімге,
 Аязды леп "сыбыр" етіп шағады.
  
 Жаралғандай болсаң дағы шойыннан,
 Бір жылулық табылады бойыңнан.
 Кейде бірдей секілдіміз екеуміз,
 Ұқсастығым шықпай қойды ойымнан. 
Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші...»
Әкеме хат 
   
 Көп болды өзіңе хат жазбағалы,
 Ой түбін отырып бір қазбағалы.
 Саралап сендер айтқан әрбір сөзді,
 Қанағат етіп келем азға дағы.
  
 Хат жазуды ұмыттың қызым деме,
 Жабырқаулы неліктен жүзің деме.
 Сен одан маған қарай жауап қатшы,
 Мен жазған хаттарымды тізімде де.
  
 Жалғанның көріп жүрмін жалғандығын,
 Көңілдің кейбір кездер қалғандығын.
 Жалт етіп өте шығар мына өмірде,
 Сендерді көру маған арман бүгін.
  
 Өздеріңді әттең бір көрсем деймін,
 Еркелеп алдарыңа келсем деймін.
 Сағынышпен еске алып өткен күнді,
 Жас келіп жанарыма, кемсеңдеймін.
  
 Хат жазбай кеттім білем, көптен бері,
 Түсші Әке қарап тұрмай, көктен бері.
 Әңгіме айтып отырып бір қайтатын,
 Келер ме екен көңілдің көктемдері.
Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші...»
Бізге де көктем кеш келер 

 Ақ қардың артынан көш келетінін,
 Аязды ызғармен ескеретінін.
 Табиғат түсіндірейін деген болар,
 Бізге де көктемнің кеш келетінін.
  
 Көктемге өз жолын бергісі келмей, 
 Еріген мұздарды көргісі келмей.
 Мына қыс жүр әлі, қимай біздерді,
 Жылылық шуаққа енгісі келмей.
  
 Бұлқынып, борандап алысып жатыр,
 Ызғар мен жылы леп жарысып жатыр.
 Күйінен шыға алмай қарашы әне,
 Әлі де көктемде қар ұшып жатыр.
  
 Боран боп ұлыма, қаһарды төкпе енді,
 Жолыңды бер «Аяз», ұмытып өкпеңді.
 Қыс кетіп жылылық орнасын,
 Күтеміз асыға кеш келер көктемді.
Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші...»
*** 

 Қуансам менің жанымда жүрші шаттанып,
 Кетейік бірге армандарыма аттанып.
 Бала күннің балғын кезі сағым боп,
 Жүрегімнің түбінде жүр сақталып.
  
 Күннен сонау нұр секілді таралып,
 Шуақ шашып шыңға биік баралық.
 Үлкен жолдар тосып алда тұрса да,
 Келе берем балалыққа оралып.
  
 Еш шетінен таба алмайтын ғаламның,
 Жігер күшті балалықтан алам мың.
 Балғын кезім түскен кезде есіме,
 Елестейді кең құшағы Анамның.
  
 Ақтарғанда ойша әке хаттарын,
 Еске түсер ең керемет шақтарым.
 Есейсекте періште пәк жүрекпен,
 Аралайық жүрші бақыт бақтарын. 
Жанар Бимұратқызы. «Қуансам менің жанымда жүрші...»
*** 

 Ойлар жатыр шашырап бірікпеген,
 Жымиып сонда да мен күліп келем.
 Пендеге берілсе де қанша сынақ,
 Көз салады алысқа үмітпенен.
  
 Жолдар жатыр бөлініп тарамдалып,
 Ұзақ олар қалмайды тәмамдалып.
 Мейлі сені құлатсын қаншама рет, 
 Кетпесінші тек қана санаңды алып.
  
 Көрінсе де сан сұрақ талайтындай,
 Қадам бас мықтылыққа жарайтындай.
 Өзге емес өз-өзіңе тіке тұрып,
 Сен адал бол, ұялмай қарайтындай.
  
 Алға қой адалдықты, биік ұста,
 Кейбірлер қашып кетер қиын тұста.
 Қазақтың бұрынғыдан сөз емес пе,
 Жаныңды шүберекке түйіп ұста.
  
 Түйіп ұста, жымиып күліп тұрып,
 Шындықты өзің ғана біліп тұрып.
 Алға қарай шынайы нық қадам бас
 Ойлар мен жолдарыңды біріктіріп.

Жанар БИМҰРАТҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<