«Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға»

558

0

Қызылорда гарнизонында Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай қалалық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әскери-патриоттық клубтары арасында әскери сайыс ұйымдастырылды.

Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде өткен сайысқа гарнизон бастығының орынбасары подполковник Арслан Әбиев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Мыңділда Ршауов, «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Қайраддин Баймаханов, «Ардагерлер одағының «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай мен білім ордаларының әскери оқытушылары қатысты.

Сайыс басында қатысушылар мен қонақтар М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ауласында орналасқан ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым жасап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен бірге 66597 әскери бөлімінің әскери қызметшілері әскери жекпе-жек пен жауынгерлік дайындық түрлерінен көрініс көрсетті.

Әскери-патриоттық сайыстың мақсаты – әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің салауатты өмір салтын ұстанып, туған жер мен Отанға деген патриоттық сезімдерін арттыру.

Шара барысында жас өрендер жылдамдық пен ептіліктерін, төзім мен күштерін көрсете білді. Саптық адыммен жүру, Калашников автоматын шашып-құрау, оқжатарға патрондар жарақтаудан және пневматикалық қарудан нысанаға дәлдеп тигізуден бақ сынасты.

Әскери-патриоттық сайыстар келешек Отан қорғаушылар үшін маңызды деп ойлаймын. Сайыс барысында жастар бойларына жігер мен қайрат қалыптастыра білді, дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай.

Сайыс соңында үздік атанған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жастары марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Мұхит Қонаров,

 Қызылорда гарнизоны

баспасөз қызметінің

бастығы, лейтенант

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<