Жеңістен кейінгі сөз

918

0

«Сыр бойы» газетінің 2014 жылғы 25 қаңтар күнгі санынан журналист Жолдасбек Ақсақалұлының «Бауыржан Момышұлы және соғыс шындығы» атты мақаласын оқыдым. Адамзат баласына қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қанды қырғын соғыста Бауыржан батыр ерліктің символына айналған. Қазақтың біртуар ұлы, дарынды қолбасшының Мәскеу үшін шайқастағы әлі де оқырмандарға айтылмаған естеліктерінен көп жайттарды оқып білдік.


Б.Момышұлының өмі­рі ке­шегі аумалы-төкпелі, тота­ли­­тарлық жүйедегі қыспақ за­манға, ел басына күн туған соғыс жыл­дарына, елуінші жыл­дар­дағы аласапыран кезеңге сәйкес келді. Өзіне табиғат тар­ту еткен дарыны мен жан-дү­ниесін бостандықта еркін көр­сете алмай, кедергілер мен тос­қауылдарға ұшырап толық аша алмай кеткен. Саналы ғұмырын ел қорғауға, әс­кери өмірге арнаған. Сонау оты­зыншы жылдары Отан қа­білетті, сауатты азаматтарды ел қорғауға алып жатқанда, алдыңғы қатардағы жауынгер болды. Әскери өмір жолын Шыршық, Қиыр Шығыс, Киев әскери округінде жалғастырған Бау­кеңнің коман­дирлік таланты мен қабілеті батальон басқарғанда ба­рынша байқалған еді.


Мәскеуді жаудан қорғауда қол­­басшы­лы­қ дарынын көр­сете білген Б.Момыш­ұлын аға лейтенант шенімен полк ко­мандиріне та­ғайын­дау кезінде 6-армияның қолбас­шысы, генерал-лейтенант Ракоссовский:
– Сәлеметсіз бе, жолдас Мо­мышұлы, сізді көріп қуанып та, қобалжып та тұрмын. Сіз туралы маған марқұм Н.В.Пан­филов талай рет айтқан болатын. Енді, міне, кездесіп, таныс­тым. Қызыл Армиядағы басқа жағдайды білмеймін, полк ко­мандирі жалғыз аға лейтенант сіз боласыз, – деген еді. Баукеңнің атақ-даңқын дивизия, армия, майдан қолбасшылары да жақсы білген. Атақты әс­кер­басылармен терезесі тең сөй­лесіп, өз ойын ашық айтқан.


Тәуелсіз еліміздің тарихы қайта жазылып, тұлғалар есімі жаңғырып жатқанда, Баукең си­яқты ұлт мақтанышының өмір жолын, естеліктерін оқыр­мандарға жеткізу аға ұрпақтың міндеті болуы тиіс.
Архивімде сақталған осыдан 75 жыл бұрын, Жеңістен кейін өзі бас­қарған дивизия жауын­гер­лерінің алдында Баукеңнің сөй­леген сөзін оқырманға жет­кізуді жөн көрдім.


– Мен сіздермен ең соңғы оқиғалар туралы кеңескелі кел­дім. Бұл оқиғалардың әрқай­сыңыз үшін әр отбасы, әр ана, әр бала үшін шешуші маңызы бар. Демек, мемлекеттік, бүкіл­армиялық, бүкілхалықтық, бү­кілдүниежүзілік салмағы бар оқиға бұл.
Біздің еліміз өзінің даму тарихында Германия мен Жапонияны жеңуге байланысты жаңа кезеңге аяқ басты. Осыған байланысты СССР Жоғарғы Советінің президиумі армия қа­тарындағылардың кейбір ка­тегориясын еліне қайтару ту­ралы заң қабылдады. Бұл заң бойынша осы категорияға жа­­татын жолдастар елдеріне қай­тарылады. (указды оқиды) Бұл заң бойынша біздің мил­лиондаған ата-ана балалы болады, миллиондаған жесір ерін табады, миллиондаған ша­ңырақ жаңадан көтеріледі. Ал кей сәби өз әкесін бірінші рет көреді. Өйткені ол бұрын әке­сін суреттен ғана танитын. Енді ол әкесінің тізесіне отырады. Кішкене қолымен мосқал жауынгердің тотыққан жүзін сипалайды. Бұл заң бойынша талай үй иесін табады. Бұл заң бойынша ер-тұрмандар жа­ңарады, айылдар тоғаланады, тартпалар май­ланады. Соғыс айырған та­лай арулар табысады. Бұл заң­ның арқасында еліміз талай ауыртпалықты басынан ке­­шірген, талай қатаң сыннан өткен, маманданған мил­лион­даған жұмысшы қолына ие болады. Міне, бұл заңның бүкіл еліміз үшін мәні осындай. Ха­лық, үкімет, сіздерге, жауынгер жолдастар, шын көнілден алғыс айтады.
Бұдан үш ай бұрын біз қарттар мен қыздарды ғана ар­мия қатарынан босатқан едік. Олар армияның негізгі бө­лімдерінің бірі болды. Әйт­се де нағыз көпшілік, қорғау­шы күш, сүйенер тірек болған жоқ. Бұл факт олардың жан­қиярлық еңбектерін, адам таң­ғаларлықтай табанды­лықтарын жоққа шығара алмайды. Олар өз қолдарынан келгенін бәрін жасады, өздеріне тиесіліні ал­ды. Мен қарттар мен қыз­дар­дың қайтпас қайратты ру­хы­ның алдында басымды ие­мін. Енді біздің армияның қа­тарында сіздердің інілеріңіз бен қарулас жолдастарыңыз қал­ды. Бұлардың қайсыбірі әс­керге 1943-1944 жылдары ша­қырылған азаматтар. Сонда бүкіл соғыстың ауыртпалығын түп-түгел көтерген кім? Ол жиыр­ма бес пен қырық жастың арасы, сіздер, сіздердің құр­дастарыңыз. Соғыстың басынан аяғына дейін бар ауыртпалықты өз иығымен көтерген осы ұрпақ, бұл – тарихи жеңіс, негізінен осы ұрпақтың үлесіне тиеді. Бұл жеңіс – Совет қаруының жеңісі, сол қаруды ұстаған біздің жеңіс. Сіздің қол фашизмнен тек елімізді ғана қорғап қалған жоқ, бүкіл дүниежүзін апаттан аман алып шықты. Бүкіл цивилизацияны, демократияны, революцияны сақтап қалды. Өткенді ғана емес, болашақты қорғап қалды. Міне, Совет Армиясы жеңісінің бүкіл дүниежүзілік тарихи ма­ңызы осындай!


Сіздер өз полктеріңіз – 22-гвардия полкін тек сіздерде ғана құрылған және қазір де солай деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, олай ойламайсыздар. Сіз­дерді полк командирі сапқа тұр­ғы­зып, маған рапорт бергенде, мен тек сіздерді ғана көргенім жоқ. Сіздер секілді Ленин орденімен наградталған үш полкті – өлгендер полкын (залда қозғалыс) және сіздің полкті көрдім. Өлгендер көп пе, сіздер көпсіздер ме? Бір жауынгер орнынан:


– Өлгендер көп, жолдас полковник!
– Мүгедектер қанша?


Жауынгер тебірене:


– Аз емес, жолдас полковник.


Сонымен сіздер бірінші сентябрь мен он бесінші ноябрь ара­­лығында елдеріңе ораласыздар.


Сол қамқор ұяға, бейнет­қор отбасына ораласыздар. Са­ғынышқа-сағыныш, махаб­бат­қа-махаббат ғана жауап бере алады. Отбасылық, әкелік, ба­лалық беделдеріңізді сақтай бі­лі­ңіздер. Бұл – менің бірінші ақылым.


Екінші, біз әрқайсыңызға аз­­даған ақшалай сыйлық бере­міз. Бұл – сіздерге берілген дү­ние емес, үй-іштеріңізге ба­ла­­ла­рыңызға, жақын-жаран­да­ры­ңызға, бір сөзбен айтқанда сіздердің же­­ңістеріңізді той­лауға хақы бар адамдарға бе­рілген дүние. Біз­дің еліміздегі әр отбасының хал-күйінің ауыр­­лығы ешкімге құпия емес. Біз осы арқылы ешкімді де ба­йытпақ емеспіз. Тек ескереміз, сіздер де еске­ріңіздер. Егер сен беделді адам екенсің, сол беделді алдымен өзің қадірлей біл. Сен тамаша жауынгер бола алдың. Тамаша егінші, тракторшы, мұғалім, ға­лым, тамаша еңбек иесі де бола біл. Мылтық ұстаған қолың күректі де ұстасын. Жауыңды жек көрген білген жаның жарыңды аялай білсін. Жорықта буған белді еңбекте босатып алма. Сіз енді мылтық атпайсыз. Бірақ шабуыл аяқталған жоқ. Сіз енді окоп қазбайсыз, бірақ күрек ұстау керек.


Сіз енді мылтықтан, бомбадан, жаудың тұтқиыл шабуылынан қорықпай тыныш ұйықтай аласыз. Бірақ, сергектік қа­жет. Жеңістің мақтанышы, же­ңіс­тің тәкаппарлығы отба­сына жүр­мейді. Мұны да ұмыт­па­ғайсыз, сыпайы, қара­пайым сол­дат болып аттандың сондай болып орал. Даңқ атаулы қатаң тәртіпті талап етеді. Жауынгер – жауға ғана жауынгер емес, еңбекте де – жауынгер, – деп ойын қорытқан екен қайран Баукең.


Рысбай КӘРІМОВ,


Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<