Фото: ашық дереккөз
Тасқын су ортасында қалған жүкті әйел мен баланы ауыл әкімі беліне арқан байлап қауіпсіз жерге алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін Бәйдібек ауданында болған. Шаян-Мыңбұлақ облыстық маңызы бар автожолмен келе жатқан «ВАЗ-2106» автокөлігі қырдан аққан ағын судың әсерінен жолдан шығып кеткен. Автокөлік ішінде 39 жастағы ер азамат және 33 жасар жүкті әйел мен 7 жасар бала болған. Олар қорыққанынан көлік үстіне шығып, көлікті паналаған.
Бұл жайында түсірілген видео әлеуметтік желіде де тарады. Онда адамдарды көлікпен бірге су ағызып бара жатқанын көруге болады. Жағада тұрғандар құтқаруға әрекеттеніп, көмек береді. Кеңес бойынша олардың бірі суға секіреді. Алайда ол біршама жерге ағып кеткен.
«Кейін машина үстіндегі қалған әйел мен баланы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап су ортасынан алып шықты. Қазір олар аудандық орталық ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер бақылауында» – дейді Бәйдібек ауданы әкімдігі таратқан ақпаратта.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<