Зияткерлік меншікті қорғау – стратегиялық бағыттың бірі

636

0

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз, – деген болатын.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары көптеген жетістіктерге жетіп, күрмеуі қиын мәселелерді еңсеріп келе жатқаны баршаға мәлім. Әсіресе, Қазақстанның әлемдік аренада өзінің орнын тауып, дамушы елдерге үлгі боларлық нәтижелерге қол жеткізгені бізді қуантады.


Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын алға қойғаны белгілі. Осы мақсатта барлық салалар бойынша ілгері жылжудың ұзақ мерзімді жоспары, дамудың стратегиялық бағыттары нақтыланды.
Даму бағыттарының бірі – зияткерлік меншік саласы болып табылады.

Қазіргі таңда зияткерлік меншік мәселесіне үлкен назар аударылуда. Зияткерлік меншік дербес сала ретінде Қазақстанның инновациялық дамуының барлық стратегиялық құжаттарында және стратегиялық халықаралық келісімдерінде кездеседі.


«Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында» зияткерлік меншікке ерекше мән берілген. Яғни, ұлттық мүдделерді ескере отырып, зияткерлік меншік құқығын айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді осы саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге баса назар аудару қажеттігі айтылған.


Елімізде 1996 жылдан бері «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заң жұмыс жасап келеді. Бұл заң Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi. Қазақстанда бұл заңнан басқа да құқықтық нормативтік ережелер мен қосымша заңдар қабылданған.


Зияткерлік меншікке нелер жатады десек?

Біріншіден, адамның ой-еңбегімен жасалған жобасы;

Екіншіден, әдеби және драмалық туындылар;

Үшіншіден, өндірісшінің немесе жеке кәсіпкердің өзі ойлап, өндірген тауары.


Елімізде өнер иесінің немесе автордың туындысын кез келген адам өз меншігіне айналдыра алмайды. Егер азамат өзгенің туындысын заңсыз пайдаланса, ол әрекеті үшін заңдармен жауаптылық көзделген.


Ал, өнертапқыш азаматтар өз туындысын ҚР Әділет министрлігі арқылы тіркеп, арнайы патент алу қажеттігін білуі тиіс. Егер туынды немесе шығарма тіркелмесе, патенттелмесе, онда оны басқалар пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Мұндай жағдайда, туынды немесе шығарма авторы ол «пысықайларға» заң жүзінде ешқандай кінәрат таға алмайды. Сондықтан құқықтық жағынан әркез сауатты болу аса маңызды.
Зияткерлік өнеркәсіп меншік нысандарының бірі – бұл тауар таңбалары және тауардың шыққан жерлерінің атаулары болып табылады.

Аталмыш объектілер ҚР «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауардың шыққан жерлерінің атаулары» туралы заңымен реттеледі.
Тауар таңбасы дегеніміз – қызмет көрсету таңбасы – заңға сәйкес тіркелген немесе ҚР қатысатын халықаралық шарттардың күшімен тіркеусіз-ақ қорғалатын бір заңды және жеке тұлғаның тауарын келесі бір заңды және жеке тұлғаның біртектес тауарынан ажырататын белгі. Тіркелген тауар таңбасы өнімді пайдалануға толық құқық береді.


Тауар таңбасын тіркеу ресми түрде міндеттелмесе де ол тауар шығаратын немесе қандайда бір тауар таңбасының атымен қызмет көрсететін кәсіпкердің өзі үшін тиімді. Ең алдымен азамат тауар таңбасын басқа азаматтар қолданбас үшін, барлық құқық тек жалғыз өзінде болуы қажет. Ал, мұндай құқық тек құзырлы органда тіркеуден өткеннен кейін ғана пайда болады.


Тіркелген тауар таңбасы кәсіпкерге айтарлықтай пайда алып келетін материалдық емес активке айналады. Тауар таңбасын сатуға, үшінші тарапқа оны қолдануға рұқсат беретін арнайы лицензияны ақысына беруге, банкке кепілдікке қоюға болады. Сондай-ақ тауар таңбасының иесі заңбұзушыдан шығындарын өтеуді талап етіп, оны жауапкершілікке тартуға құқылы. Өйткені тауар таңбасының өз бағасы бар.


Тауар белгісіне айрықша құқықты немесе тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын бұзғаны үшін, оның ішінде оларды орналастырғаны не оларға айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгiлемелердi тауарға немесе оның қаптамасына орналастырғаны үшін кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.


Қазақ¬стан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес, бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе тауар шығарылған жердiң атауын немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдалану – тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі, тауар шығарылған жердің атауы немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелер заңсыз бейнеленген тауарлар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.


Ендеше, Заңның баршаға ортақ екенін ескере отырып, заңдық күші бар қолданыстағы тәртіп, ережелерді орындауға міндеттіміз. Заңға бағыну – арға бағынумен тең.

Заң шеңберінен шықпау – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, бастысы бейбіт елімізде адамдардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасамақ.

Шахар Бегежанова

Қызылорда облысы Әділет

департаментінің бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<