Зылиха Жаңабай. «Адамдар тапса екен бақытын»

1834

0

*** 
  
 Тамсантады өзің жайлы тәтті елес,
 Кербез күннің қытықтайды шуағы.
 Біздің күй ол санадағы сәтті егес,
 Таусылмайтын сезімдердің сынағы!
  
 Босаңсыған бойымды бір от қарып,
 Сарсаң уақыт сынаптайын сырғиды.
 Сүйген жанға әппақ сырын ақтарып,
 Тұман ойдың жетегіне сүңгиді.
  
  Махаббаттың  бөлек  болған мәні де,
 Сен жолыққан кездер қайтып оралмас.
 Айналып та үлгергенсің әніме,
 Жанарыңмен тілдескенде сол алғаш!
  
  Өзің барда  айтушы едім төкпелеп,
 Саған аян сырларыммен сыңармын.
 Болмашыға бар жаныммен өкпелеп,
 Болмашыға қуануды шығардым!
  
 Білінер ме білеу-білеу сиқымнан,
 Ойға аламын халі қалай деп кейде.
 Түсіме еніп оятпашы ұйқымнан,
 Ұйқысыз көп түн өткіздім, жетпей ме?
   
Зылиха Жаңабай. «Адамдар тапса екен бақытын»
Пенделік 
  
 Шектегенде шексіз дүние асылдан,
 Бақытым деп баққа қарай бас ұрғам.
 Көріктім деп көкке қарап күлімдеп,
 Жақұтымды кім болды екен жасырған?!
  
 Тағдырыма тұр ма сезім тең келіп,
 Жо жоқ..қиял,арман қуу сенделіп?
 Бақыт іздеп басы айналған жандарға,
 Не істетпедің пенделік?!
  
 Бағың сенің жүрген шығар жаныңда,
 Ерік бермей көз алданар сағымға.
 Қолда барда біл алтынның қадірін,
 Тек сезімге тарылма! 
Зылиха Жаңабай. «Адамдар тапса екен бақытын»
Жаныңда 
  
 Жанымда,
 Бөлейтін көңілді жалынға.
 Сен барсың шынайы қалпыңмен,
 Дамылда,жүректе, дамылда.
  
 Тым ыстық естелік барында,
 Тыныштық өзіңнің жаныңда.
 Көздерің бар сырды ұқтырып,
 Айналдың барыма,бағыма.
  
 Арнайын жырымның жақұтын,
 Сыр айтсын өзіңе тағы түн.
 Мен сені, сен мені тапқандай,
 Адамдар тапса екен бақытын! 
Зылиха Жаңабай. «Адамдар тапса екен бақытын»
Түсініксіз 
  
 Біртүрлі. Күй жадау. Көңілсіз.
 Тарттырып кеткендей өмір сыз.
 Жылтырап еліткен жалғанда,
 Бір нәрсе жетпейді толымсыз..
  
 Сан тұрып жүргенде,сан құлап,
 Қу тағдыр салғандай мәңгі дақ.
 "Барлығы ғажайып" дегенге,
 Сенгім де келмейді,сандырақ!
  
 Біле алман көңіл не сұрайды,
 Солған гүл секілді шырайы.
 Арпалыс. Жанталас ұдайы,
 Сезім де селк етпес шынайы.
  
 Ғарыштан, алыстан келер кім?
 Кімге кеп серік деп сенемін.
 Жақсылық үшін деп әрдайым,
 Шаттанып, шарықтай беремін!
  
 Күдікке күмәнім қосыла,
 Күтемін үмітпен тосыла.
 Бақытты етемін дегендер,
 Бақсыздық дегенің осы ма?!
  
 Кейде әсем ән келед есіме,
 Тыңдап ап жымиям несіне.
 Білмеймін тағатсыз тағдырым,
 Өтуде жылдарды көшіре.
  
 Бейнелер айтып тұр бәр шынын,
 Жанымда сағаттың тырсылы.
 Жел ғана баяу кеп сырғиды,
 Оның да бар шығар бір сыры,
  
 Түсініксіз... 
Зылиха Жаңабай. «Адамдар тапса екен бақытын»
Анажан

Қуаттар қадамымды,
 Өшпес үн,әуенімсің.
 Күн сүйген қабағыңды,
 Жемісті мәуе гүлсің.

 Анажан,қазынамсың,
 Балажан көңіліңмен.
 Жадыма жазыларсың,
 Мағына өміріңмен.

 Жейдеңе мейір сіңген,
 Бейнеңе ең жанашыр.
 Фәниді бейім сүрген
 Жаны игі-сен ғанасың!

 Тәрк еттің сен уақытты,
 Бауыр ет балаң үшін.
 Жарқ еткен ең бақытты
 Болашақ қалау үшін!

 Қаймықпай жарды жығам,
 Сен барда басам алға.
 Анамның барлығына,
 Шүкірлік Жасағанға!

 Көзіңде бар жылулық,
 Жүректе жиған әлің
 Өзіңде ар сұлулық,
 "Жарықты сыйлағаның!"

 Жаңғырып жан күйзелсін,
 Ұмытпас бала қамын.
 Мәңгілік әлдилесін,
 Суытпас алақаның!

Зылиха ЖАҢАБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<