«Адал еңбек – адал азамат»

174

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Еңбек күніне арналған «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов пен М.Әбенов, жауапты сала басшылары, қала, аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, зиялы қауым, шаруашылық өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы қажыр-қайратын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсаған нағыз еңбек адам­дары барлық құрметке лайық екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы маман­дықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбеккеш және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деді.

Бұл – экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты фак­торы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам.

Ұлтымыздың ұлы мұраты жо­лын­да, еңбек майданында ата-баба­ларымыз тер төкті. Олардың арасынан 1792 Социалистік Еңбек Ері шықса, 102-сі – Сыр өңірінің еңбеккерлері.

Өз мектебін құрып, шәкірт тәр­биелеген, Сыр күрішінің даңқын асқақтатқан дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың, Сәлима Жұмабекованың орны ерекше. Осындай ұлы ұстаздың тәлімін алған, бала тәрбиелеп, ұлт­жан­­дылықпен қызмет атқарған Шы­рынкүл Қазанбаева, Ұлбала Ал­тай­­­баева бастаған Сырдың батыр ана­­­ларының қажырлы еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Алдыңғы буынның өнегелі ізін жалғап, Тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Роза Бағланова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Жұмаділдаев, Юрий Пя, Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев сынды жерлестерімізді әрдайым мақтан етеміз.

Егемен еліміздің жарқын болашағы жолында Отанымызға адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу – біздің қастерлі міндетіміз!

Баршаңызды мерекемен тағы да құттықтап, облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Еңбек адамдарын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шарада әр номинация бойынша қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтсақ, «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары жеңімпаздарына 1 орынға 500 мың теңге, 2 орынға 300 мың теңге, 3 орынға 200 мың теңгеден берілді.

Сала үздіктеріне, яғни коммуналдық және басқа да салаларда қызмет ететін 15 маманға облыс әкімінің Алғыс хаты және 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар, өз саласының үздігі деп танылған 15 еңбек майталманына облыс әкімінің Алғыс хаты, облыстық кәсіподақтар орталығының шипажайға жолдамасы ұсынылды.

Айта кетейік, шарада «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жеңім­паз­дарына 19 арнайы коммуналдық тех­ника, тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдардың абат­тандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн теңгенің сертификаттары берілді.

«Өнер орталығының» фойесінде қай­тарымсыз мемлекеттік грант алу­шылардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.