Аймақ басшысы Мейірбек Сұлтанханды құттықтады

219

0

Фото: ашық дереккөз

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзінің Faceebook әлеуметтік желісінде «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы жерлесіміз Мейірбек Сұлтанханды құттықтады.

«АЛТЫН ДОМБЫРА» ҚҰТТЫ БОЛСЫН! Жаңа әзірде Астанада екі күнге созылған «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы «Алтын домбыра» айтысында жерлесіміз Мейірбек Сұлтанханның топтан озып, үздік шыққаны туралы ақжолтай хабар жетті. Жыл бойы өткен халықаралық және республикалық айтыстарда жүлделі орын алған 14 ақын бақ сынаған сөз сайысында Сыр өнерінің, руханиятының жұлдызы биікте жарқырағанына бүкіл өңір жұртшылығы қуануда.

Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленген Мейірбек жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Нартайдың мақамын әуелетіп, атадан балаға мұра болған өнердің өміршеңдігін көрсетті. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлады.

«Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек үлкен айтыста азулы ақындарға алдырмас қарсылас болып, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты. Табан астынан тауып айтатыны, салмақты ойы үйлесім тауып, оны биікке көтерді. Барша жұртшылықты Сыр перзентінің қанжығасына «Алтын домбыраның» байлануымен құттықтаймын. Мейірбекке айтыстағы жетістігің құтты болсын, ел алдында айтар сөзің сарқылмасын деймін. «Сыр елі – жыр елінің» өнер керуенін алға апарар ақтаңгерлері аман болсын, – деді Н.Нәлібаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<