Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыс халқын Республика күнімен құттықтады.
Құрметті жерлестерім!
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мейрам – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн.
Өздеріңізге белгілі, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиынында Мемлекет басшысы Республика күнін ұлттық мереке мәртебесіне қайтаруды ұсынып, оны еліміздің басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл бастама халықтың қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді.
Ел Президенті «Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», деген болатын.
Қазір біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған мемлекет атандық. Бұл – халқымыздың ортақ жеңісі.
Елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіруде алдымызда мол міндет пен мақсат бар. Осы жолда Сыр өңірінің өнегесін жаңғырта түсуіміз керек.
Біз ел ертеңіне деген сеніммен кемел бағдарымызды бағындырып келеміз. Аймақта айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда.
Биыл облыста 9 мектеп пайдалануға берілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектептің құрылысы басталуда. Физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты мен Оқушылар үйі салынуда. 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы, Қан орталығы бой көтеруде. «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары қызметін бастады. Жыл соңына дейін Өнер орталығы халық игілігіне табысталады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысанының құрылысы жүруде.
Мереке салтанатында жаңарған қаланың көркем келбетіне көз жетіп, көңіл толып, өскелең өмірге қадам бастық.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<