Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс нысандары тексерілді

400

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров және жауапты сала басшылары Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы құрылыс нысандарына барды.

Алдымен Шиелі ауданы «Алмалы» ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның және Шиелі кентіндегі «Руханият орталығының» құрылыс алаңдарындағы жұмыстармен танысты.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы маусым айында басталған. Жақын арада ел игілігіне табысталады деп күтілуде. Сонымен қатар, аудан орталығының «Ақ орда» мөлтек ауданындағы ипотекалық тұрғын үйлердің құрылыс барысы да тексерілді. Бұл жердегі 122 пәтерлік тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс нысандары тексерілді

Әрі қарай облыстық мәслихат төрағасы бастаған жұмысшы топ Жаңақорған ауданындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» құрылыс жұмыстарын көрді. Мұнда жер жұмыстары, іргетас қалау, монолитті колонна, ригель құю, кірпіш қалау, екі қабаттың да ішкі қабырғасын сылау, әрлеу, терезелерін орналастыру 100 пайыз аяқталған. Ендігі кезекте сырты қапталып, абаттандырылуда. Жаңақорған кентіндегі «Руханият орталығы» мен «Бесарық» ауылындағы №54 мектеп жанындағы 375 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылыс алаңдарында да қызу жұмыс атқарылуда. Бастауыш сыныптарға арналған қосымша оқу ғимараты сәуір айында салына бастаған болатын, жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.

Келесі бағыт – «Төменарық» ауылындағы дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана. Құрылысы облыстық бюджет есебінен қолға алынған медициналық мекеме де осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Биылғы «Руханият жылында» Қызылорда облысының өнер және мәдениет саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланғаны белгілі. Барлық ауданда 11 млрд 500 млн теңгеге тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалары бар «Руханият орталықтары» салынуда. Орталықтар жыл соңында іске қосылады. Қазір ішкі және сыртқы сылақ, әрлеу жұмыстары, шатырын жабу қолға алынған.

Айта кету керек, облыс әкімі құрылыстың сапасына баса мән беріп, жұмысты уақытылы аяқтауды үнемі тапсырып келеді. Сондай-ақ, егер кемшілік орын алса, мердігер мекемелер есебінен қалпына келтірілетінін ескертті.

Жұмыс сапары барысында санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады.

Еске салайық, бүгінде өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын өткізудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Оған сәйкес «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» тақырыптарында апталық шаралар ұйымдастырылуда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<