Арал ауданында автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында 30 жоба іске асуда

582

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Аймақ басшысы М-32 «Самара- Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1248-1555 шақырымындағы орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Ұзындығы 11 километрден астам автожолды «Қыран» ЖШС қалпына келтіруде. Оған республикалық бюджеттен 1 005,760 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары биыл қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жол жамылғысының ақаулары қайта қалпына келтіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын пәтерлерді көрді. Биыл бағдарлама аясында Арал қаласынан 84 пәтерлік 42 үйдің құрылысы жүргізілуде. Баспана қараша айында пайдалануға берілмек.

Арал ауданында автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында 30 жоба іске асуда

Еске салсақ, биыл аталған ұлттық жоба аясында облыста 1346 пәтерлік 26 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 322 пәтерлік 9 тұрғын үй және 1024 пәтерлік 17 несиелік тұрғын үй бар. Ал 842 пәтерлік 20 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында жалғыз тұрғын жайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен 6 млрд.теңге қаралып 34 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1000 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 9,6 млрд. теңге бөлінді.

Арал ауданында автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында 30 жоба іске асуда

Облыс әкімі аудан орталығындағы А. Сатаев және Төле би көшелерін жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мердігер мекеме – «Арал құрылысы» ЖШС көшелердің астыңғы қабатын көтеріп, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 772,3 млн. теңгеге Арал қаласындағы 7 көшенің жолдары жөнделуде. Олардың жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайды.

Әрі қарай аймақ басшысы Арал қаласындағы теміржол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын көрді. Аспалы көпірдің құрылысын «РИТМ» ЖШС жүргізуде, ұзындығы – 940 метр. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталды, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қазір қажетті заттар және техникалар тасымалданып, нысан басы тегістелді, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан орталығындағы көліктер бір ғана теміржол өткелі арқылы қатынайды. Өткел жабылғанда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болып, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары сияқты кезек күттірмейтін қызметтермен қоса, тұрғындарға да кедергі келтіреді. Көпір пайдалануға берілген соң осы мәселе түпкілікті шешімін табады деп күтілуде.

Айта кетейік, биыл Арал ауданының автомобиль жолдарын жақсартуға 7,2 млрд. теңге бөлініп, жалпы 30 жоба іске асуда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<