Асқар Мамин Қостанайда KIA автомобильдерінің өндірісін бастап берді

748

0

– ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапары аясында автомобиль жасау және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz.ге сілтеме жасап.

Үкімет басшысы «KIA Motors Россия и СНГ» ЖШҚ президенті Ким Джинмен бірлесіп «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында KIA өндірістік желісінің ашылу рәсіміне қатысты. Жоба шеңберінде жылына 20 мың KIA автомобильдерін шығару жоспарланған. Өнімді оқшаулау деңгейі шанақтарды дәнекерлеу және бояу операцияларын қоса алғанда, ұсақ торапты өндіріс технологияларын қолдану арқылы 50%-ға дейін арттырылатын болады. «Автомобиль жасау Қазақстанның индустриялық дамуының стратегиялық маңызды бағыттарының бірі және ол жыл сайын оң динамиканы көрсетіп келе жатыр» , — деді А. Мамин. Премьер-Министр «KamLitKZ» шойын құймасын өндіру зауытының құрылыс барысымен танысты. Құрылыстың бірінші кезеңін 2021 жылдың қазан айында, екінші және үшінші кезеңдерін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның құны 80 млрд теңгені құрайды. 300 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалық қуатына қол жеткізген соң өндірісте К5 жаңа буынның жүк көліктеріне арналған жетек картерлері, цилиндр блоктары мен қозғалтқыш цилиндрі блоктарының бастиектері шығарылып, жалпы көлемі жылына 40 мың тоннадан астам шойын құймасын құрайтын болады. Жобаны іске асыру Қазақстанды «КАМАЗ» ЖАҚ жеткізушілерінің жаһандық технологиялық тізбегіне енгізеді – өнімнің 95%-ы экспортталатын болады.

Үкімет басшысы ҚР аумағында шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасындағы қазақстандық қамту деңгейін едәуір арттыруға бағытталған «АгромашХолдинг» АҚ оқшаулау орталығында болды. 36 мың шаршы метр аумақта металды лазермен кесуге, майыстыруға, сырлауға және дәнекерлеуге, пластик бұйымдарын, интерьер бөлшектерін, термошуоқшаулағышты өндіруге, конвейерлік құрастыруға және т.б. арналған автоматтандырылған желілер орнатылған. Бұл жабдықтар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржы құралдары арқылы сатып алынды. Жақында оқшаулау орталығында ауыл шаруашылығы техникасына арналған компоненттердің 1200-ден астам атауы, сондай-ақ «Кировец», «Essil», «Lovol», «Pottinger», «Deutz-Fahr», JAC, Chevrolet және т. б. автомобиль өнеркәсібі брендтері шығарылатын болады.

Премьер-Министр «КАМАЗ», «Татнефть», «АвтоВАЗ» және «KIA Motors» компанияларының басшылығымен автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жергіліктендіруді арттыру мәселелері «Петербург трактор зауыты» АҚ, беларустік «Гомсельмаш» ААҚ және италиялық «SDF Group» басшылығымен кездесулерде қаралды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша А. Маминнің қатысуымен автомобиль жасауда бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 9 құжатқа, оның ішінде өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге, инвестициялық келісімдерге және арнайы инвестициялық келісімшарттарға қол қойылды.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр өңірдегі АӨК, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында іске асырылып жатқан жобалармен, сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй инфрақұрылымын дамытумен танысты.





 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<