Астанада VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы ашылды

657

0

Сурет ашық дереккөзден

Елордада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы республикалық телеарналарда және әлеуметтік желілерде тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Жиынға жаңадан сайланған депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері қатысуда.

Сонымен бірге сессияның ашылуы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді.

Еліміздегі басты саяси науқан – Мәжіліс сайлауы мәресіне жетті. Бұған дейін 7 рет шақырылған Парламент Мәжілісі тарихында алғаш рет 6 партия өкілі заң шығарушы органның 69 мандатына ие болды. Ұзақ жылдық үзілістен кейін бір мандаттық округтер бойынша 29 депутат жеке-дара сайлауға түсіп, іріктеліп шықты.

Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Мәжіліс құрамында 107 депутат бар еді. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат қалды және олардың өкілеттік мерзімі – бес жылды құрамақ.

Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бір мандатты округтерден сайланды. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатысты және өзін-өзі ұсынды.

Саяси партияларды тіркеу рәсімі де айтарлықтай жеңілдеген еді. Бұрын партия құру үшін құрамындағы адам саны 20 мыңға жетуі тиіс еді, ал қазір 5 мыңға дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінде, әр өңірде кемінде 600 жақтас болуы шарт еді, бүгінде саяси ұйымның тіркелуі үшін әр аймақтан 200 адам жеткілікті.

Партиялардың Парламентке өтуі үшін ең төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30% квота сақталады.

Осылайша, Мәжіліс сайлауына 7 саяси партия қатысып, олардың алтауы Парламент Мәжілісіне өтті. Кеше Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің 8-сайланымы депутаттарын тіркеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<