Фото: ашық дереккөз
1 қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысы 14,5% өседі. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әлеуметтік қолдаудың алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуі қажеттігін атап өтті.
«Дегенмен, кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды.
«Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын-алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<