Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ЕҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігі директорының орынбасары Бахтиер Файзиев және жетекші банкир Владимир Сидоренкомен кездесті. Кездесуде ЕҚДБ-мен бірлесіп іске асырылатын жобалардың барысы және болашаққа жоспарлар талқыланды.
– Әріптестерімнің атынан біздің облыс үшін маңызды жобаларды іске асыруда қолдау көрсеткендеріңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бүгін сіздермен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруды – Қызылорда ЖЭО-н жаңғырту және кеңейту, Қызылорда қаласындағы биологиялық тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру мәселелерін талқылағымыз келеді. «ЖЭО жаңғырту және кеңейту» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жоба екі кезеңнен тұрады: КОГТЭС (когенерациялық газ-турбиналық электр станциясы) құрылысы және су жылыту қазандығының құрылысы. Біз жалпы сомасы 9 млрд теңгеге ЕҚДБ арқылы кредит беру жолымен КОГОЭС-ті жаңғыртуды ұсынамыз. Негізгі қарызды «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС есебінен өтеу механизмі бар, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Бүгінде Нарық кеңесінің қорытындысын алу үшін тиісті құжаттарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нарық Кеңесіне 2021 жылғы 1 ақпанға дейін осы инвестициялық бағдарламаны әзірлеу кезінде жүргізілген тәуелсіз техникалық және қаржылық аудиттердің нәтижелері бар инвестициялық бағдарламаны ұсыну қажет.
«Биологиялық тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру» жобасы бойынша да мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар, жобаның құны – 2,8 млрд теңге. ЕҚДБ-мен бірлескен жоба үшін бұрын бөлінген қаражатты пайдалана отырып, іске асыруға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің келісімі алынды.
Айта кету керек, Қызылорда қаласында ЕҚДБ-мен бірлесіп жылумен жабдықтау жүйесін салу және қайта жаңарту, сумен жабдықтау, су жүйелерін салу және қайта жаңарту, электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобалары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, келісім-шарт бойынша несиелер төленіп жатыр.
Кездесу барысында ЕҚДБ Қазақстандағы өкілдігі директорының орынбасары Бахтиер Файзиев көтерілген мәселелерді қолдап, Қызылорда облысы инвестициялық тұрғыдан тиімді өңір екенін атап өтті. Жетекші банкир Владимир Сидоренко да өз ұсыныстарын жеткізді.
Қорытындылай келе өңір басшысы одан әрі ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныс айтып, Бахтиер Файзиевке жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келгені үшін алғыс білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<