Кеше Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Шараға «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров, «Ауғанстандағы соғыстың мүгедектері мен ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ислам Датаев қатысты.
Айта кетейік, Қызылорда облысынан Ауған соғысына 827 адам қатысып, олардың 18-і қаза тапты. 30 адам жарақат алып, мүгедектер қатарында.
Аймақ басшысы ерлік пен елдік сынға түскен сәтте Отан алдындағы әскери антына адалдық танытқан азаматтардың ішінде Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің орны ерекше екенін айтып, құрметін жеткізді.
– Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін бірқатар қиындықтарды бастан кешірді. Ауған соғысы да – қаралы даталардың бірі. Сондықтан соғыс кезінде шейіт болған бауырларымыздың бәрін қаһарман деп айтуымызға негіз бар.
Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Олар мәңгілік біздің жүрегімізде. Өткеніміз ұмытылмайды. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында аймақ басшысы ел намысын қорғап, өзінің конституциялық борышын өтеген жауынгер-интернационалистердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Кездесуде Қайраддин Баймаханов, Әлібек Жаров сөз алып, Ауған соғысының тарих қатпарында ерекше оқиға ретінде сақталатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, кездесуге шақырып, құрмет білдірген облыс әкіміне алғыстарын жеткізді.
Кездесу соңында облыс әкімі ерлігімен елге қызмет еткен ардагерлердің отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<