«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері қаралды

357

0

Фото: Облыс әкімдігі

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың қатысуымен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Үкімет аппаратының қызметкерлері қатысты.

Сондай-ақ, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасу үшін арнайы келді. Мәжіліске «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшылары, қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, жұмыспен қамту мекемелерінің басшылары, ауылдық округ және кент әкімдері қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев саладағы негізгі мәселелердің шешілуі жолында осындай жиындардың маңызын атап өтті.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Президентіміздің тапсырмасымен ауыл тұрғындарының табысын, тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытында Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 34 млрд. 500 млн.теңге қарастырылған болса, оның ішінде Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында субсидия және кепілдіктер беру үшін 9 млрд. теңге бөлінді. Мемлекеттік гранттар беруге 73 млн. 100 мың теңге қаралды. Биылғы 6 айда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 64 мың 478 болды. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық жобаны қаржыландыру көзделген. Кәсіпкерлер санының өсуі жастар және «Ауыл аманаты» жобасы аясында алынған микрокредиттер есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Еске салсақ, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін шешу. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді. Аймаққа өткен жылы республикалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға 3 млрд. теңге бөлінсе, биыл 4 млрд. 600 млн. теңге қаржы қаралуда. Барлығы 411 жоба несиелендіріліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты.

Іс-шарада Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Сырдария, Шиелі аудандарының әкімдері «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы мен артықшылықтары туралы баяндады.

Мұнан бөлек, Алматы облысынан арнайы келген «Дәулет Бекет» ЖШС бас директоры Сыдық Дәулетов, Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағалиев, Түркістан облысынан келген жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов өз тәжірибелерін бөлісті.

Мәжілісті қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бағдарламаны іске асыру бағытында бірқатар ұсыныс айтты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<