Ауылдың көсегесі кәсіппен көгереді

2508

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қармақшы, Жалағаш аудандарында болды. Осы аудандарға қарасты ауылдарға барған аймақ басшысы кәсіпкерліктің дамуы мен өндіріс саласына баса мән берді. Сонымен қатар, шаруашылықтардың егін жинау барысымен танысып, әлеуметтік нысандардың жұмысын көрді.


«ТҰРМАҒАМБЕТТІҢ» «БЕРЕКЕСІ»

Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округіндегі «Тұрмағамбет» серіктестігі ауыл­шаруашылық саласымен қатар өндірісті де қолға алған. Соңғы жылдары соны технологияларды қолданысқа енгізген шаруашылық сүт өңдеу цехын ашқан болатын. Бүгінде қоршауға арналған тор сымдар мен макарон өнімдерін шығаруды қолға алды. Гүлшара Наушақызы тыңнан түрең салған серіктестіктің жұмысымен танысты.


– Қазір күріштің көп бөлігін жинап, қамбаға құйып үлгердік. Орташа өнім гектарына 60 центнерден келіп жатыр. Келер жылы мақсарыны мол егіп, май сығатын қондырғыны іске қоссақ деп жос­парлап отырмыз. Әзірге макарон цехы мен сым қоршау станогы жұмыс істеп тұр. Шаруашылық алқапты қоршауды өзімізден бастап жатырмыз. Болашақта ауыл халқына қолжетімді бағамен ұсынамыз. Ал макарон цехында «Береке» атымен өнім шыға бастады. Ауылдағы жаңа бастама елге берекелі болсын деп, ырымдап ат қойдық, – дейді серіктестік директоры Нұржан Пірмантаев.


Цехта макаронның бес түрі шығарылады. Бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір ауысымда 700 келі өнім өндіреді. Облыс әкімі цехтың жұмысына оң бағасын берді.

– Итальяндық қондырғымен жұмыс істейміз. Аппараттан макарон дайындалып шығады. Оны жинап, кептіру бөліміне апарамыз. Ол жерде 12 сағат кепкеннен кейін қалтаға салынады. Жұмыс процесі өздеріңіз көріп отырғандай, – дейді цех меңгерушісі Бабахан Бөрібаев.


Облыс әкімі мұнан соң елді мекендегі «Сәлима ана» балабақшасына аялдады. Өткен жылы салынған балғынжай 88 орынға лайықталған. Десе де, карантин уақытында кезекші топ қана жұмыс істеп тұр. Бар-жоғы 29 бала тәрбиеленуде. Мұнда 13 маман жұмыс істейді.


– Қауіпті індеттің алдын алуда барлық қауіпсіздік шараларын сақтап отырмыз. Балалар бес түрлі сақтық шараларын жасайды. Ережеге сай жұмыс істейміз. Таңертең дене қызуын тексеріп қабылдап, белгілі бір уақыт аралығында бетперде мен қолғапты ауыстырып отырамыз, – дейді балабақша әдіскері Жанар Қаражанова.

АҚЖАРДЫҢ АЖАРЫ

Ақжар ауылының бүгінгі бет-бейнесі бөлек, жұмыс қызу. Ауылға кіреберістен бас­тап, көркейту-көгал­дан­дыруға мән берілген. Елді мекендегі қос шаруашылық туған жердің тү­ле­уіне атсалысып келеді. Таяуда ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бірнеше көше жөнделіп көріктендірілген. Ауылда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қарқынды. Биыл 5 азамат мем­лекеттік бағдарламалар бойынша қайта­рымсыз қаражатқа қол жеткізген. Одан бөлек, 10 адам «Бастау» бизнес мек­тебінде білімін жетілдірді. Ауыл әкімі Нұржамал Тұрсынбаева облыс әкі­мін атқарылған жұмыстармен таныс­тырды.


– Ауылда 8 азамат 22 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие алды. Одан бөлек, ауыл келіншектерінің басын қосып, тігін цехын аштық. Қазір төсек жаймалары, қыз жасауы, перде тігілуде. Бірінші рет ауылдағы шаруашылық еңбеккерлеріне арнап жұмысшы киімдерін тіктік. Бағасы да қалтаға қонымды. Оған қоса, кондитерлік өнімдер шығарудамыз. Бос тұрған ғимаратты қолданысқа алып, кәсіпкерлер белсенділік танытты, – дейді ауыл әкімі.


Маңайдағы бірнеше ауылдан жұртшы­лыққа қажетті дүниелер шығарылуда. Оның барлығын клуб үйіндегі көрмеден байқадық. Мәселен, мұндағылар шеге, қораға арналған тікен сым, тор сым, аулаға қажетті тас төсеніш алу үшін облыс орталығына сабылмайды. Барлығы ауылдан шығып жатыр. Тұрғындардың еңбеккештігі үлгі тұтарлықтай. Екі мың халқы бар Ақжарда тігін цехының өзі халықаралық нарыққа шығып үлгерген.


– Өнімдерімізді Ресей, Өзбекстан секілді мемлекеттердің тұтынушылары да тапсырыс­пен алдырып жатыр. Тігінге қатысты барлық жұмысты орындаймыз. Қыз жасауынан бас­тап, перде, жұмысшы киіміне дейін тігеміз. Қазір заман дамыған. Әлеуметтік желіде жарнамалап, тапсырыс қабылдап отырмыз. Ауыл әкімі бастамашы болып, үйде отырған 8 келіншектің басын қосып, осы кәсіптің бойына қан жүгіртті. Ғимарат мәселесін де шешіп берді. Қазір табысымыз жақсы, –дейді Нұргүл Әбішева.


Мұнан соң облыс әкімі аудан орталығы Жосалыда болып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеуден өткен №6 «Айсұлу» балабақшасының жұмысымен танысты. Балғынжай 1975 жылы салынған. Мұнда 50 бала тәрбиеленуде. Жөндеуден кейін әрі кіріп, сәні артқан ғимараттың бүгінгі жай-күйі кісі қызығарлықтай. Жалпы аудан бойынша бағдарлама аясында 3,05 млрд теңгенің 43 жобасы қаржыландырылған. Нәтижесінде әлеуметтік нысандар жөнделіп, көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқын алды. Орташа жол жөндеу мен инфрақұрылым тарту да назардан тыс қалған жоқ. Спорт алаңдары салынып, абаттандыру жұмысы да қыза түсті.


– Бүгінде Төретам кентіндегі №22 қосалқы станция қайта жаңғыртылуда. Ең негізгісі – осы. Бұдан бөлек, екі стритбол алаңы салынуда, 10 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, орталықтағы Қорқыт ата көшесіне салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы да аяқталуға жақын, – дейді аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдын Әнуар.


Өңір басшысы 1200 орындық №250 мектеп-лицейінде оқушылар мен мұғалімдердің қолынан шыққан туындылар көрмесін тамашалады. Мұнда карантин талаптары сақталған.


– Мектепте кезекші сыныптар ашылған. Қашықтан оқу жүйесіндеміз. Санитарлық талаптар қатаң сақталып тұр. Бірінші орында – балалардың қауіпсіздігі. Сыныптар желдетіліп, бактерияға қарсы лампамен залалсыздандырылып отыр. Қашықтан оқуға балалар да, ұстаздар да қалыптасты, – дейді мектеп директоры Гүлжахан Мұнарбаева.


Облыс әкімі аудан әкімі Мұса Қалдарбековке карантиннен кейін шағын және орта бизнесті одан әрі дамытып, жергілікті азаматтарды қолдауды тапсырды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік даму картасы аясында жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бастысы пандемия кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Аймақ басшысының сапары Байқоңыр қаласында жалғасты. Мұнда ол «Союз МС-17» ғарыш кемесінің ұшырылуын тамашалады.

«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесіп, зымыранды ұшыруға жұмылдырылған мамандарды құттықтады.

– Бүгінгі ұшырылым өте маңызды, өйткені кеме бортинженері Сергей Владимирович – біздің жерлесіміз, Байқоңыр қаласының тумасы. Сондай-ақ, ғарыш кемесінің сапары НАСА астронавты Кэтлин Рубинстің туған күніне сәйкес келді. Мен оларға мықты денсаулық, қойылған міндеттерді ойдағыдай орындауды тілеймін. Сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен біліктілігіңіздің арқасында бүгінгі ұшырылым сәтті аяқталғанын да атап өткім келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, сар­қылмас қуат тілеймін, – деді облыс әкімі.


Айта кетейік, «Союз МС-17» ғарыш кемесін Ресей Федерациясының 121-ғарышкері Сергей Рыжиков, ғарышкер-сынақшы Сергей Кудь-Сверчков пен НАСА астронавты, 339-АҚШ астронавты және 549-әлем астронавты Кэтлин Кэйт басқарады.


Ғарыш зымыранын ұшырудан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Рос­космос» мем­лекеттік кор­пора­циясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен бірқатар мәселелерді талқылады.


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<