Бақылау босаңсымауы керек

419

0

Сейсенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалык етуімен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Облыс басшысы әуелі жыл басында барлық құқық қор­­ғау органдарында алқа мәжі­лістері өткізіліп, өткен жыл қорытындыланғанын еске сал­ды. 2020 жылы қоғам­дық тәртіп пен қауіп­сіз­дік қызметіндегі жаңа мін­дет­­­­тер мен басымдықтар ай­қын­­далды. Өткен жылдың қо­ры­­­тындысымен облыс кө­ле­міндегі жалпы құқық бұзу­шылық қылмыстар 19%-ке азайған. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған жас­өспірімдер жасаған қылмыс 28,1%-ке төмен­деген. Көрсеткіш жақ­сар­ды дегенмен кәмелетке тол­ма­ғандар арасындағы құқық бұзу­шылық өзекті күйінде қалып отыр.

Кәмелетке толмағандар ара­сын­дағы құқық бұзушы­лық­тың алдын алу мақсатында 2019 жылы қабылданған және 2020  жы­лы ат­қарылатын шаралар туралы облыс­тық білім басқармасы бас­шы­сының мін­детін атқарушы Бағдат Бер­дәулетов хабарлама жасады.

Оның атап өткеніндей, 2019 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіші 2018 жылмен са­лыстырғанда 28,1%, жас­өс­пі­­рім­дердің қатысуы 34%-ке азай­ған. Жасалған қыл­мыс­тар­дың 54%-і ұрлық, 46%-і тонау, бұзақылық, ауыр және ор­таша дәрежедегі дене жара­қа­тын салу секілді құқық бұзу­шылықтар. Білім беру ұйым­дарының ішкі тәртіп ере­жесіне сәйкес тәртіпке ба­ғын­­байтын, қылмысқа бейім балалар мектепішілік, кол­ледждік және ішкі істер ор­ган­дарының есебіне алынады. Аталған са­нат­тағы балалар саны 305 болып отыр. Оның 170-і мек­теп­ішілік, 32-сі кол­ледждің және 103 бала ішкі істер орган­дарының есебінде. Бұлар білім беру ұйым­да­рындағы тәрбие жөніндегі орын­басарлар мен психологтардың бақылауына алын­ған. 2019 жылы дәстүрлі «Түнгі қала­дағы балалар» жедел-про­филактикалық бірлескен іс-шаралар рейді 1193 рет ұйым­дастырылып, оған 4339 адам қатысқан. Сондай-ақ, отбасылық және рухани тәрбие беру бо­йынша «психологиялық көмек» мақсатында ата-аналар конферен­циясы ұйым­дастырылып, пси­хо­логтардың кеңесі берілген.

2020 жылдың алғашқы екі айында кәмелетке толмағандар тарапынан екі аса ауыр қылмыс орын алды. Топтық төбелес нәтижесінде бір жасөспірім  қайтыс болса, екі оқушы пышақ жарақатын алған. Осыған байланысты комиссияның жедел отырысы өтіп, жан-жақты талқыланды. Оқиғаға қатысы бар оқушылар оқитын мектеп директорларына сөгіс беріліп, колледж директоры қызметінен босатылған.

Облыстық полиция депар­таменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров ішкі істер органдарының бақылауына алынған 103 балаға арнайы сараптама жасалғанын айтты. Әрбір мектеп бойынша ювеналды полиция қызмет­керлері ұстаздармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.

– Балалар мектеп бітір­генде өмірге бейімделіп, бәсекелестікке қабілетті болып шығуы керек. Ал мектеп табалдырығынан шықпай жатып, пышақтасып жатса не болғаны? Қазір XXI ғасыр, бұл – интернеттің заманы, бандитизмнің заманы емес. Балалар білім алуға ұмтылуы керек. Біз сол бағытта тәрбие беруге тиіспіз,  – деген облыс әкімі білім ошақтарының басшылары, тәрбиеге жауапты қызметкерлері, сынып жетекшілері өз міндеттеріне барынша жауапты болу керектігін ескертті.

Аймақ басшысы сондай-ақ жас­өс­пі­рімдер тарапынан болатын құқық бұзушылықтың про­филактикалық шараларын заң­дастырып, салауат­ты өмір салтын қалыптастыру бағы­тындағы жұмыстарды күшейту жөнінде білім басқармасына, полиция департаментіне, аудан және қала әкімдіктеріне тапсырма берді. Сонымен бірге мектепте, колледжде білім алушылар тарапынан құқық бұзушылық орын алатын болса, оған бірінші басшы жауапты екенін, қатаң ескертті. Сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігі жайлы түсіндірме жұмыстары да күшейтілуі тиіс.

Комиссия отырысындағы келесі мәселе – азаматтардың жеке мен­шігіндегі мал ұрлығының профилактикасы туралы болды. Облыс басшысы бұл мәселе комиссияның бұрынғы отырыстарында да қаралып жүргенін, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша ерекше назар аударылып келе жатқанын жеткізді. Осы бағытта жоспарланған іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының бірлесіп орындауы нәтижесінде облыста мал ұрлығы азайып келеді. Биылғы қаңтар айындағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда  35%-ке төмен.  Бұл ретте аймақ басшысы Шиелі ауданындағы Н.Бекежанов атындағы ауыл­дық округ әкімінің 2018 жылдан бері пада жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыруы нәтижесінде осы елді мекенде бірде-бір мал ұрлығына жол беріл­мегенін атап өтті. Ауыл әкімі облыс басшысының Алғыс хатымен марапатталып, тә­жірибесі барлық деңгейдегі әкімдерге жолданған.

Мал ұрлығына қатысты облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары С.Шалқаров жыл көлемінде 1165 бас мал ұрланып, оның 401-і табылғаны туралы мәліметтер келтірді. Малдың өрістен ұрлануы басымдық алып отыр. Қараусыз қораға да ұры сұқтанғыш. Мал ұрлығының негізгі себептері – бақылаусыз жайылуы, әрі оны иелерінің ұзақ уақыт қараусыз қалдыруы. Сонымен қатар, малы жоғалған кейбір азаматтар полицияға жүгінбей өз бетінше іздейді. Бұл ретте ұрланған мал мен оған қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалып кетеді. 2019 жылы мал ұрлығымен тіркеліп, ұрланып кетті деген мал далалық жерде табылып, иелеріне қайтару жағдайы жиі кездескен.

– Осындай дерек бойынша 131 қылмыстық іс тоқтатылды, бұл ретте ұрланған малды іздеуге жеке құрамның басым күштері мен автомобиль көлігі тартылады. Мал иелерінің жауапсыздығынан мемлекет қаржысы шығындалуда, – деді департамент өкілі.

Комиссия отырысында малды пада бойынша бағу дұрыс ұйымдастырылмаған аудандар мен елді мекендерде ұрлық көрсеткішінің жоғары екені айтылды.

Облыс әкімі бұл мәселе бо­йынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын арттыруды тапсырды. Сонымен бірге облыста мал союға арналған 38 пункт болғанымен, малды үйден сойып, оның етін сатуды кәсіп қылған жеке тұлғалардың көп екені де жасырын еместігі сөз болды.

– Ұрланған малдарды сою дерек­тері орын алуы әб­ден мүмкін. Себебі, ол – бақы­лаусыз. Бұ­нымен қоса, олар өз қызметін сани­тарлық-эпи­демиологиялық талап­тарды сақ­тамай, кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркелмей атқаруда. Мемлекет басшысының мал ұрлаған адамдардың қыл­мыс­тық жауапкершілігін кү­шейту, сондай-ақ, осындай қыл­мыстардың алдын алу және профилактикалық жұмыстарды кешенді түрде жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындауымыз үшін кешенді жоспар қажет, – деді облыс әкімі. Бұл ретте ауылда мал ұстап, оның өнімдерімен күн көріп, артылғанын сатып, бала-шағасының несібесін айырып отырған жұрт­шылық үшін малын ұрлатып алу өте ауыр соққы екені қадап айтылды.

Ендігі жерде ішкі істер органдарына мал ұрлығының алдын алуда ұдайы түрде түнгі мезгілде рейдтік жұмыстарын жүргізіп, жиі қылмыс орын алатын аумақтарға полиция бекеттерін орнату жолдарын қарастыру тапсырылды. Сонымен қатар, мүдделі органдармен бірлесіп, ет өнімдерін сату, сатып алумен және өңдеумен айналысатын орындарды заң­намаларға сәйкес ретке келтіру қажеттігі ескертілді.

Ыдырыс Тәжіұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<