Бейнетпен келер береке

107

0

Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылындағы «Дамир-С» шаруа қожалығы 2009 жылдан бері күріш егумен айналысады. Ауыл шаруашылығы құрылымы жылма-жыл табысқа кенеліп, қырманға мол астықты құйып жүр. Биыл да сол үрдістен жаңылмауға бекінген. Су тапшылығы кезеңінде жауапты жұмыс жасап, астықтың бітік шығуына барынша еңбек етті.

– Әуелі әкем Серік Тәукебаев шаруа қожалығын қолға алған еді. Қасында жүріп егінге қатысты барлық мән-жайды біліп өстік. Енді сол тірлікті інісі Санжар екеуіміз атқарып келеміз. Жалпы, күріш өсіру оңай емес. Алдымен дария деңгейіне алаңдаймыз. Биыл судың тапшылығы қолбайлау болды. Соған қарамастан егіннің қалыпты өсіп-жетілуіне күш салдық. Қазіргі орақ науқанында әрбір күнді құр жібермей, мейлінше жинақы әрекет етуге көңіл бөліп отырмыз. Өнім түсімі тәуір. Орташа есеппен гектарына 50 центнерге дейін астық жиналып жатыр. Нақты есеп маусым соңында белгілі болады. Біз биыл 75 гектарға «Лидер» сортын еккен болатынбыз, – дейді шаруа қожа­лығының құрылтайшысы Ағияр Тәукебаев.

Оның айтуынша, құрылым суды үнемдеу технологиясына баса назар аударып келеді. Бұл мақсатта сала мамандары, ғалымдармен жиі жүз­десіп, ақыл-кеңес алып тұрады.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқар­ма­сының мәліметіне сүйенсек, 80,9 мың гектар күріш егісінің қазірге дейін 10 мың гектары орылып, оның 6 мың 400 гектары бастырылды. Орта өнім әзірге 44 центнерден айналуда. Қамбаға 28 мың тонна астық құйылды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»