Биыл еліміз 20 млн тонна астықты қамбаға құюды көздеп отыр

441

0

Биыл еліміз 20 млн тонна астықты қамбаға құюды көздеп отыр «Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, өнімді еселеу қажет». Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Елбасы өңір диқандарымен кездесіп, астық жинау науқанымен танысты. Солтүстік өңірі майлы дақылдар өсіруден де жетекші орынға шығып келеді. Аймақта тағы басқа қандай салада өсім бар?
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Ильичевка ауылындағы «Тайынша май» зауытымен танысты. Аграрлы аймақ соңғы жылдары дәнді дақылдардан бөлек майлы дақылдарды өсіруге ерекше ден қойып отыр. Өндіріс орны майлы дақылдарды өңдеп, экологиялық өнімді экспортқа шығарады. Күнбағыс, зығыр және рапс майына сырттан сұраныс жоғары. Зауыт өзіне қажетті шикізатты жергілікті шаруалардан сатып алады. Кәсіпорын осы жылы 100-150 мың тонна шикізат өңдеуді жоспарлап отыр. Елбасына зауыттағы өңдеу цехы таныстырылды.
Өңірдегі өсім еселеніп келеді. Соңғы 6 айда облысқа 75 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Елбасыға өңірдің экономикалық-әлеуметтік тынысы туралы есеп берді.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында қысқамерзімді экономикалық индикатор 107,6%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есе негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 13%-ға, ауыл шаруашылығы 3,6%-ға, өнеркәсіп өндірісі 2,2%-ға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 10,2%-ға өсті.
Адамның кәсібі – өмірлік нәсібі. Аймақтағы тапшы жұмыс күшін оңтүстіктен келген мамандар толықтырып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тайынша ауданы, Ильичевка ауылында жаңадан салынған үйлерді аралады. Су жаңа баспаналардың иелері – оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған тұрғындар. Биыл Ильичевка ауылына оңтүстіктен 14 отбасы көшіп келген. Солардың бірі – шымкенттік Әубәккр Ахметов. Отбасымен осында тұрады.
Әубәкір Ахметов, Ильичевка ауылының тұрғыны:
– Отбасымызбен арнайы бағдарламаңыз бойынша СҚО-ға қоныс аудардық. Жергілікті «Тайынша май» зауытында электрик мамандығы бойынша жұмыс істеймін. Жұбайым медбике болып істейді медпунктте.
Әйгерім Төлендиева, Ильичевка ауылының тұрғыны:
– Мен жақында осы жаққа келместен бұрын Бурабайға баруды армандадым. «Осындай үймен, жұмыспен қамтамасыз етеді екен» деп енем айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Оңтүстік өңірінің халқы тығыз орналасқан. Сондықтан осындай бағдарламаны қостық.
Елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету үшін қолға алынғаны белгілі. Мемлекет қоныс аударушыларға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Ильичевка ауылына көшіп келгендердің алды ауыл шаруашылығы кооперативін құрып үлгеріпті. Шаруасы күйлі ағайынның көңілі тоқ.
Балабек Оралов, Ауылшаруашылық кооперативінің иесі:
– Мен өзім мал шаруашылығына жақын болғандықтан ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. Біз секілді Шымкенттен көшіп келген 6 отбасы кооперативке қосылып жатыр. Шаруаларымызды дөңгелетіп жүрген жағдайымыз бар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: –
Келгендер тоңып өліп қаламыз деп ойлайды. Қазақтың жері бәріміздің Отанымыз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың егін орағы алдында теріскейдегі облыстарды аралап шығуы әдетке айналған.
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыруға ерекше мән беріліп отыр. 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есеге ұлғайту міндеті тұр. Биыл бидайдан бөлек 1 млн гектар жерге майлы дақылдар егілген. Дегенмен бидай – өңірдің бренді.
Жайқалған егін – елдің берекесі. Қазақтың мұнайы мен газы, түсті металдан кейінгі арқасүйері. Сол берекені төкпей-шашпай жиып алу үшін комбайндар егінге орақ салды. Президент дайын өнімді сатып алуға көрші нарықтың есігі ашық екенін айтты.
Расында, Солтүстік Қазақстан шекарада отырған облыс. Ресеймен сауда-саттықты қыздыруға әлеуеті зор. Нұрсұлтан Назарбаев алқаптағы жиында өңірдің өзге де ахуалын сұрап үлгерді.
Теңіздей тербелген сары далада комбайндар жүйткіп жүр. Бұл бітік шыққан егінге орақ түсті деген сөз. Президент жергілікті шаруа қожалықтарының иелері және диқандардың атқарған жұмыс барысын тыңдады. Биыл еліміз 20 млн тонна астықты қамбаға құюды көздеп отыр.
Президент аграршыларды озық технологиялар мен жұмыстың заманауи тәсілдерін белсене қолдануға шақырды. Әсіресе, цифрлық технологияның игілігін көру қажет. Облыста 700 мың гектар аумақ технологияның көмегі арқылы өсім көбейген. Біздегі астықтың орташа шығымы 15 центнерден аспайды. Ізденіс керек.
Мемлекет шаруаларға барлық жағдайды жасап берді. Техника сатып алу үшін, технологияларды енгізу үшін субсидия берді. Президенттің астық өңірлерге жыл сайын келуі мереке. Әр жолы жаңа бастамалар айтылады. Шаруалар өз ойларын Елбасына тікелей жеткізеді. Ал сол тапсырмаларды қаперіне алғандардың ісі әрқашан өрге жүзеді.

www.24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<