Биыл Сыр өңіріне 500 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ

378

0

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту. Осы ретте, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің құрамындағы инвестицияның үлесін 25%-ға жеткізу міндеті қойылып, өңірлер үшін жоспар бекітілген.

Айта кетейік, 2022 жылы аймаққа 413,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл 517,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 5 айда 174,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53,2 млрд теңгеге немесе 40% артық.

Еске салсақ, облыс өңірлер арасында өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші бойынша бірінші орынға тұрақтаған. 2022 жылдың қазан айында шетелдік инвестордың қатысуымен ашылған, 197 мың тонна өнім шығаруға қабілетті шыны зауыты тұрақты жұмыс жасауда. Өнеркәсіп саласының дамуына серпін беретін бұл жобаға 42 млрд теңге инвестиция тартылды. Қажетті шикізат шетелден, негізінен Ресейден, Өзбекстаннан тасымалдануда. Зауыт іске қосылғалы бері 23,9 млрд теңге болатын 19 млн м2 шыны өндірді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейге экспортқа жіберіледі. Зауытта 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Осы ірі жобаның айналасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Мәселен, «Айна Гласс» компаниясы жылына 720 мың шаршы метр айна шығаратын жобасын бастады. Қаржыландыру мәселесі Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шешілді. Мемлекеттік қолдау ретінде зауыт орналасатын жер телімі берілді. Сондай-ақ, «Комфорт-1KZ» ЖШС «Шыңдалған шыны және автомобиль шыныларын өндіру зауытын кеңейту» жобасын жүзеге асыруға ниетті. Өндірістің негізгі шикізаты – табақша шыны, жылына 360 мың шаршы метр өнім шығару жоспарлануда. Оны Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізу үшін құжаттары салалық министрлікке жолданды.

Ілеспе жобаларды құру шыны кластерін дамытуға, салық базасын кеңейтуге, қосымша 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға, өнім түрін ұлғайтуға, заманауи халықаралық технологияларды енгізуге және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға серпін береді.

Мұнан бөлек, «Medal Group GmbH», «Horn Glass» және «Wehrhahn GmbH» компанияларымен тау-кен байыту комбинатын, фиброцемент, газобетон және құрғақ құрылыс қоспалары өндірістерін құру, шыны бөтелке зауыты жобасын жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойылды. Бүгінде «Seven Rivers Technologies» ЖШС «Horn glass» германдық технологиясымен жылына 220 миллион бөтелке шығаратын, шыны қалдығын қайта өңдейтін желіні іске қосуды жоспарлауда.

Электр энергиясын тұтыну қарқынын, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту маңыздылығын ескеріп, түркиялық «Aksa Energy» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Құны 215 млрд теңге болатын жаңа станция – егемендік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ірі жобалардың бірі. Оған қоса, қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу-газ станциясын салу туралы келісімге қол қойылды. Осы жобаны 2024-2029 жылдары іске асыру, оның аясында 800 млрд теңге инвестиция тарту, «Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Жезқазған» бағыттары бойынша жаңа электр желілерін салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Тесис» ЖШС Шиелі ауданында қуаттылығы 40 МВттық күн-электр станциясын салмақ. Оған 80 гектар жер учаскесі бөлінді. Аукцион талаптарына сәйкес іске қосу мерзімі 2025 жыл болып белгіленген.

Сәуір айындағы Түркия Республикасына жұмыс сапары кезінде өңдеу өнеркәсібі саласындағы компания басшыларымен кездесулер ұйымдастырылып, ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды. «Bayteks Tekstil» компаниясы «Тоқыма емес маталарды шығару» жобасын жүзеге асырады деп жоспарлануда. Қазір аталған жобаны орналастыру үшін жер телімі қарастырылуда.

Сонымен қатар, «Akplas» компаниясының тамшылатып суару өндірісі жобасын іске асыру арқылы су үнемдеудің заманауи әдісі енгізіледі. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде компания басшысы арнайы іссапармен келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Бұдан бөлек, жасанды мәрмәрдан еден мен қасбетке арналған қаптама шығаратын «Capra Insaat» серіктестігімен келіссөздер жүргізілуде. Атап өту қажет, өткен жылы елімізге құны 600 мың АҚШ долларын құрайтын жасанды мәрмәр импортталған. Сондай-ақ, сүт және тамақ өнімдеріне арналған пластикалық қаптама өндірісімен айналысатын «Teknika Plast» компаниясымен келіссөз бар. Былтыр елімізге құны 37,9 млн АҚШ доллары болатын 9,7 мың тонна пластик ыдыс-аяқ, оның ішінде Қызылорда облысына 453 мың АҚШ долларына бағаланған 149 тонна осындай өнім сырттан әкелінген. «Uranus Wind» компаниясымен қуаттылығы 50 МВт жел-электр станциясын салу, кореялық «With YOU» компаниясымен қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу бағытындағы бастамалар қолға алынды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Invest» акционерлік қоғамымен бірлесіп, агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және басқа да салалардағы 90-ға жуық әлеуетті шетелдік компанияға ұсыныстар жолданып, келіссөздер жүргізілуде. Тағы 50-ге жуық жоба облыс аумағына орналастыру үшін сүйемелденуде.

Экология және әлеуметтік салаға инвестиция тартумен қатар, инновация, жаңа технологиялар енгізу мақсатында нидерландтық компаниялармен бірлескен жұмыстар қолға алынды. Мамырдың 10-ы күні Астана қаласында Нидерланд Премьер-министрінің Қазақстанға іссапары аясында «DGB Group» және «Spectator eHealth» компанияларымен 2 меморандумға қол қойылды. Жобалар денсаулық сақтау және экология салаларымен байланысты. Біріншісі, телемедицина платформасын енгізуге 10 млн еуро тартылмақ. Екіншісі, Арал теңізі аймағындағы 80 мың гектарға, бастапқы кезеңде 10 мың гектарға жасыл екпе егу жоспарлануда. Бұған 5 млн еуро инвестиция құйылмақ.

Тау-кен металлургия саласында жаңа кеніштерді игеруде екі инвестициялық жоба іске асырылуда. «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кеніштеріне 400 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарлануда. Мұнан бөлек, «Баласауысқандық» кен орны 100% шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылуда. Мұнда 2016 жылдан бері тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. Кеніштен алынған аммоний метаванадаты, ферромолибден, ванадий пентоксид өнімдері Ұлыбритания және Австрия, Швейцарияға экспортталады.

Мемлекет басшысы сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырған болатын. Облыста құс етіне қажеттілік жылына 14,1 мың тонна. Осыған дейін оның барлығы сырттан келетін. Өткен жылы Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы іске қосылып, алғашқы өнімі шығарылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<