Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен 2023 жылғы бюджет қаражатын игеру нәтижесі бойынша мәжіліс өтті.
Аймақ басшысы бөлінген қаржыны толық игермеген мекемелерді сынға алды.
«Өздеріңізге белгілі, бюджет қаражатының сапалы игерілуі өткен жылы ай сайын тұрақты қаралды, тиісті тапсырмалар да берілді. Дегенмен, 2023 жылдың қорытындысында облыс бюджетінің игерілуі 99,3%-ды құрады. Игерілмеген қаржы – 4 млрд. 378 млн. теңге. Үнемделген қаржы 1 млрд. 692,6 млн. теңгені құраса, басқа да себептермен игерілмегені – 2 млрд. 685,3 млн. теңге. Мен барлық облыстық мекеме басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржысының тиімді жоспарлануына, пайдаланылуына қатысты қатаң талап қойылатынын ескерттім. Бюджеттің әр тиынының сұрауы бар! Дегенмен, кейбір бюджеттік бағдарлама әкімшілері және әкімдіктер жұмысты дұрыс үйлестіре алмады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қаржының толық игерілуін қамтамасыз ете алмаған басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері жағдайды баяндап, қабылданған шаралар туралы айтты.
Аймақ басшысы көрсеткіші нашар мекемелердің жұмысына орынды сын айтып, кемшіліктерді шұғыл арада түзетуді міндеттеді. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінген 120,8 млн теңгені игермеген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына биылға қаржының қайта бөлінуін қамтамасыз етіп, жоспарланған жұмыстарды аяқтау тапсырылды. Ұлттық қор қаржысы есебінен 247,3 млн. теңгені, республикалық бюджеттен бөлінген 32,4 млн.теңгені игермеген Қызылорда қаласы әкімдігінің көрсеткіші өте төмен. Осыны ескеріп, тиісті шара қабылдануы керек. Мұнан бөлек, қаржыны игеруде межені жеткілікті орындамаған Арал ауданы әкімдігіне де ескерту жасалды.
Мәжіліс соңында облыс әкімі жыл қорытындысымен республикалық бюджеттен бөлінген игерілмеген қаржыны биыл толық пайдалану үшін министрліктермен тиісті жұмыс жүргізуді, басталған қаржы жылының ай сайын жоспарланған қаражатының толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Осыған байланысты, жауапты басшылар бірінші кезекте өткізілуі тиіс мемлекеттік сатып алулар бойынша өтінімдерді веб-портал арқылы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына шұғыл жолдауы тиіс. Аймақ басшысы мемлекеттік сатып алу конкурстарының жедел жариялануы үшін тапсырыс берушілер техникалық ерекшелік және біліктілік талаптарын сапалы әзірлеуі қажеттігін қаперге салды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<