Бюджетті айқындаудағы басымдықтар белгіленді

1056

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстың алдағы орта кезеңге арналған экономикалық және бюджеттік саясатын айқындау мәселесі жөнінде селекторлық мәжіліс өтті. Аймақ басшысы өз баяндамасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында қаржыны оңды-солды жұмсайтын заманның келмеске кеткенін, соған сәйкес үнемді әрі жауапты жаңа бюджет саясатын қалыптастырып, тек басым бағыттар мен жобаларға ғана қаржы бөлудің маңыздылығына мән бергенін еске салып өтті.

– Пандемия жаңа сын-қатерлер әкелді. Алдағы жылдары біз қоғамның, экономиканың барлық салаларына және нарыққа тікелей әсер ететін зардаптарымен бетпе-бет келеміз. Сондықтан ең тиімді бюджеттік жос­парлау саясатын қамтамасыз ету маңыздылығы бұрынғыдан да артып отыр, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы алдағы 2021-2023 үшжылдық кезеңге арналған облыстық бюджеттің жобасы жасалып жатқанын, 15 қазанға дейін облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылатынын жеткізді. 2021 жылға арналған бюджет жобасында облыстық бюджеттің барлық қарыздарын жабуға 27,6 млрд теңге сомасында қаражат жоспарланғанын келтіріп өтті. Оның ішінде республикалық бюджеттен трансферттер есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды қоса қаржыландыру бо­йынша міндеттемелерді толық өтеуге 5,6 млрд теңге қаралып отыр. Ал 2017 жылдан бастау алған облыстық бюджет есебінен өтпелі инвестициялық жобаларды аяқтауға 7,8 млрд теңге бөлінеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді төлеуге бөлінгені 3,5 млрд теңге болса, 10,7 млрд теңге облигациялық бағалы қағаздар шығаруға жұмсалмақ,

– 2021 жылы осы қарыздарды жабу 2022 жылға арналған бюджет жобасын берешексіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, қазір біз бюджет қаражатын жоспарлауға теңдестірілген көзқараспен қарап, кемшіліктер мен тәуекелдерді мүмкін­дігінше болдырмау үшін барлық шараларды қабылдауымыз керек. Бұл тұжырымдамада тұрақты негіздегі базалық шығындарды қарас­тыр­май, ағымдағы шығындар мен даму бюджеті бойынша жаңа бастамаларды іске асыруды талқы­лаймыз, – деген аймақ басшысы оларға ретімен тоқталып өтті.

Бірінші, мемлекеттік органдардың қызметі және әкімшілік реформаны дамыту мәселесінде Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, алдағы екі жылда мемлекеттік аппаратты қысқарту шаралары күтілуде.  Биыл 10, келесі жылы 15% қысқарту болады. Осыған байланысты 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап факторлы – балдық шкала енгізіледі.

– Бұл процесті мүмкіндігінше ауыртпалықсыз өткізу үшін  бірінші кезекте бос орындарды, ықтимал бос жұмыс орындарын және зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерлердің есебі­нен қысқартамыз. Сондай-ақ, қыс­қартуға жатпайтын санаттар бар. Мұ­ның бәрі ескерілуі керек. Осы орайда, әр мемлекеттік мекеменің басшысы, жұмыстан қысқаратын адамдарға қам­қорлық жасау керек, оларды жұмыссыз қалдыруға болмайды, – деді облыс әкімі.

Екінші кезекте қорғаныс саласы бойынша аймақты су тасқынына қарсы, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі шараларға дайындау бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажеттілігі айтылды. 2022 жылға дейін Қызылорда қаласы шегінде Сырдария өзенінің 9 шақырым түбін тазарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында 2023 жылға дейін Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында қорғаныс бөгеттерін салу, Жалағаш аймағындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру және нығайту жоспарланған. Сондай-ақ Жа­лағаш ауданындағы Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзеу жобаларын іске асыру және Қармақшы ауданының Дүр Оңғар елді мекені тұсындағы учаскесі бойынша ұсыныстар енгізу қажет.

Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласында облыс тұрғындарының қауіпсіз және жайлы өмір сүруіне арналған іс-шаралардың орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бюджетті қалыптастыру кезінде ішкі істер органдарын реформалау аясындағы өзгерістерді, оның ішінде учаскелік полиция қызметкерлерінің рөлін күшейтуді ескеру керек.

Білім берудің тиімділігі – көбіне экономиканың тиімділігі. Осы орайда облыс басшысы өкінішке қарай, экономикаға қажетті кадрлар бойынша жоғары оқу орындарына ақпарат беруді қамтамасыз етуі тиіс мемлекеттік жос­парлау жүйесі жұмыс істемейтінін айтты. Еңбек нарығы мен оқу орындары зерттелмей, экономикадағы тенденциялар ескерілмей отыр. Университеттерде де, колледждерде де түлектерді жұмысқа орналастыруға қызығушылық жоқ. Мысалы, облыста 30 колледж бар, оның 16-сы мемлекеттік колледж, онда 20 мыңнан астам студент 97 мамандықта оқиды, оның 9 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады.

Меншік түріне қарамастан, жыл сайын колледждерге 3100 студент оқы­туға мемлекеттік тапсырыс берілуде.

–    Бұл белгілі бір дәрежеде колледж басшыларының масылдық көңіл-күйін тудыруы мүмкін. Жұмысты жақсартуға, оқыту үдерісін жаңартуға ниет жоқ. Соңғы рет колледждерде 10 жаңа мамандық осыдан 4 жыл бұрын ашылған. Бұл – өте аз. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, біздегі колледж­дер түлектерінің жұмысқа орналасуы шамамен 67% құрайды. Олардың едәуір бөлігі өз мамандықтарынан тыс жұмыспен қамтылғанына сенімдімін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі өңірде іске асырылып жатқан және жүзеге асырылатын жобалардың картасын зерделеуді тапсырды.

Биыл медицинадағы бірқатар мәсе­лелер анықталды. Соған байла­нысты өткен қиындықтарды ескеріп, дәрі-дәрмек қорымен, төсек-орын­мен, медициналық персоналмен, ғима­раттар және үй-жайлармен қамтамасыз етілу жағы тағы бір рет егжей-тегжейлі зерттелуі қажет. Университет бітірген мамандардың профилін талдап, медициналық университеттерге инфекциялық дәрігерлер мен өңірге қажет басқа профильдегі ма­мандар бойынша ұсыныстар енгізу туралы денсаулық сақтау сала­­сына жетекшілік ететін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыру қажеттілігін түсіндіру, денсаулықты жақсарту үшін профилактикалық шаралар қабыл­данып,  аурудың алдын алу бойын­ша шаралар кешенін жүзеге асыру қажет. Осы орайда облыс әкімі өсу тенденциясы бар немесе ауру­шаңдық құрылымында үлесі жоғары әр ауруға сәйкес жол карталарын әзірлеудің маңыздылығын атады.

Аймақ басшысы санитарлық-эпиде­миологиялық талаптарға сай кел­мейтін облыстық қан орталығы бөлме жалдауға мәжбүр болып отырғандықтан, Қызылорда қала­сында облыстық қан орталығын салу жобасын жасау бас­талғанын мәлімдеді. Оның құры­лысын 2022 жылдан кешіктірмей бастау туралы мәселені пысықтау қажет.

Алда әлеуметтік қызметтерді көрсетудің декларативті сипатынан бас тартып, «Бақытты отбасы» жобасын облыстың барлық аудандары мен Байқоңыр қаласына тарату міндеті тұр. Баяндамада, сондай-ақ,  мүгедектердің қоғамға бейімделуіне және жұмысқа орналасуына бар жағдайды жасау үшін  әлеуметтік кәсіпкерлікті белсенді дамыту, оған бизнес құрылымдардың да қатысуы туралы айтылды.

Дене шынықтыру және спорт саласында бұқаралық және балалар спортының дамуына көңіл бөлу керек. Облыс басшысы спорттық инфрақұрылымды, соның ішінде ауылдық жерлерде дамыту бойынша Жаңақорған ауданының тәжірибесіне сүйенуді ұсынды.  Мұнда соңғы бірнеше жыл ішінде 13 толыққанды спорт кешені пайдалануға берілген.

Қазіргі кезде облыста 9 миллион гектардан астам жайылымдық жер пайдаланылмайды, оның 7 миллион гектарында 2500-ге жуық құдық, алыс жайылымдықты дамытуға қажетті сумен жабдықтаудың басқа көздері бар. Оның 1200-і қолданыстағы ұңғымалар, 1285-і пайдаланылмаған көз. Түгендеу нәтижелері бойынша олардың 452-сі резервтік қордың аумағында орналасқан су көздерін қалпына келтіруге болатындығы анықталды. Бұл мал басын көбейтуге және шалғайдағы жайылым шаруашылығын дамытуға үлкен әлеует жасайды. Сондықтан, алдағы жылдары алыс жайылымдардағы құдықтарды қалпына келтіру міндеті тұр. Ол үшін ең алдымен сертификаттау жұмыстары жүргізіліп, содан соң оларды қалпына келтіру жобалары әзірленгені абзал. Бұл мал басын және мал шаруашылығы өнімдерінің санын едәуір көбейтуге, тауарлардың осы тобы үшін азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.        

Агроөнеркәсіптік кешеннің міндеті – өз өндірісі арқылы аймақтың азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан, облыс орталығының айналасында азық-түлік белдеуін құру бойынша шаралар кешенін анықтау қажет. Аймақ басшысы ҚР Премьер-министрінің тапсырмасы бойынша балық шаруашылығын дамытудың өңір­лік бағдарламасы жобасы әзір­ле­ніп жатқанын жеткізді. Оны жүзеге асыру үшін 2021 жылғы бюджетке 1 мил­лиард теңге қарастыруды сала жетекшілеріне тапсырды. Осы бағ­дарлама аясында 2030 жылға дейін көлдерден балық аулайтын 55 шаруа­шылық, 9 тоғандық, 4 торлы ферма және 3 акваөсіру өндірісі құрылуы керек.

Мәжіліске қатысушылар мұнан кейін жер қатынастары, кәсіпкерлікті дамыту, ветеринария, индустриялық даму, цифрландыру секілді басқа да маңызды салалардағы мақсаттар мен міндеттер туралы мәліметтерге қанықты. Мәжілісті қорытындылаған облыс басшысы бюджеттік бағдар­ламалар әкімшілеріне бюджетті жос­парлау және атқару барысында қаржылық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды. Олар аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, орта мерзімді кезеңге арналған өңірлердің экономика салаларын дамытудың перспективалары мен басымдықтары туралы ұсыныстар беруі тиіс.

– Бұл іс-шаралар бір реттік емес және бір жолғы сипатта болмайды. міндеттер мен мақсаттар қолда­ныстағы жағдайларға сүйене отырып, өзектендіріледі. Бірақ, бір нәрсе тұрақты, ол – мемлекеттік органдардың мемлекеттік саясатты іске асыруға, бюджет қара­жатын тиімді және мақсатты пайда­лануға жауапкершілігі, – деді  сөз қорытындысында облыс әкімі.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<