Бүгін Астанада АӨСШК VI саммиті өтеді

1308

0

Бүгін Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық форумға АӨСШК мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысады. Бұған дейін хабарланғанындай, 11 елдің мемлекет басшылары осы жиында бас қосады. Саммит аясында ықпалдастықтың өзекті мәселелері мен осы ұйым қызметінің басым бағыттарын талқылау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл 30 жыл. Азия кеңесі – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттердің ынтымақтастығы мен өзара ықпалдастығын нығайтуды мақсат еткен халықаралық ұйым.

Кеңесті шақыру туралы идеяны алғаш рет сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Нәтижесінде бұл идея Ұйым тарапынан және бірқатар Азияның негізгі елдерінен қолдау тапты. АӨСШК Еуразия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Азия елдері арасында достық, ынтымақтастық пен өзара тиімді қатынастар құруды мақсат етеді.

АӨСШК құрамына енетін 27 мемлекет елдер арасындағы бейбіт қарым-қатынас пен халықаралық дипломатияны дамытуға өз үлесін қосып отыр. Кеңестің алғашқы саммиті 2002 жылы өткен болатын. Сонымен қоса ұйым шекаралас аудандарда қоршаған ортаны қорғау бойынша жалпы бағдарламалар қолдануды іске қосуда.

АӨСШК-ға 2002 жылдан 2014 жылға дейін Түркия төрағалық етті. 2014 жылдан 2018 жылға дейін Қытай, 2018 жылдан 2020 жылға дейін Тәжікстан, 2020 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан төрағалық етті. Халықаралық ұйымның әкімшілік органы Қазақстанның елордасы Астанада орналасқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<