Б.ӘЙТІМОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «СЫРДАҒЫ ТӘЖІРИБЕНІ ҮЗДІК ҮЛГІ РЕТІНДЕ РЕСПУБЛИКАДА ЕНДІРУ КЕРЕК»

478

0

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша Қызылорда облысының тәжірибесі еліміздің өзге өңірлеріне үлгі. Аймақта өткен Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі мәжілісінде комитет төрайымы, сенатор Бірғаным Әйтімова осылай мәлімдеді. Мәжіліске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Сенат депутаттары, бірқатар министрлік өкілдері, сала жетекшілері мен аудан, қала басшылары қатысты. Отырыс денсаулық сақтау және білім беру саласының мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты мәселелеріне арналды. 

Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, мемлекеттік маңызы зор әлеуметтік жобаларға бизнесті тарту қажеттілігі туралы Елбасы әркез айтып жүр. Өйткені бұл – ел экономикасын жаңа белеске көтерудің, оны әртараптандырудың, кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарту арқылы мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өріске шығарудың бірден-бір жолы.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік тетіктерін қолданудың артықшы­лығы көп. Жеке сектор үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер, кіріс көздері, ауқымды жобаларға қатысу мүмкіндігі пайда болады. Бүгінде республика бойынша екіжақты әріптестік негізінде жасалған келісімшарт саны 200-ден асты. Олардың жалпы құны 766 млрд теңгеден жоғары. Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл толады. Бір ғана мысал, аймақтағы 400-ге жуық балабақшаны кәсіпкерлер салған. Бұл – барлық балабақша санының 71 проценті. Осылайша артылған қаражат өзге әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерді орындауға жұмсалуда, – деді Б.Әйтімова.

Одан кейін аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы аз-кем айтып берді. 2013-2017 жылдар аралығында өңір экономикасына 1,3 трлн теңге тікелей инвестиция тартылған. Бұрын өнеркәсіптің ауқымды бөлігі мұнай, газ және ураннан тұратынына байланысты экономика осы шикізаттардың бағасына тәуелді еді. Ал қазіргі күні өңдеу өнеркәсібі көлемінің 2 есе өсуі экономиканы әртараптандырудың арқасында ғана мүмкін болып отыр. Соңғы бес жылда 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ең үлкен әлеуметтік мәселе – баспана түйткілін тарқатуға ықпал етті.

Қызылорда әлеуметтік салаға жан басына шаққанда ең көп қаржы бөлетін аймақтардың алдында тұр. Есепті кезеңде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып, 645 отбасы өздері тұрып жатқан апатты үйлерден жаңа баспанаға көшті. 2018-2020 жылдар облыста «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы» деп жарияланды. Осы мақсатта кешенді «Жол картасы» әзірленіп, оны іске асыруға 32 млрд теңге бөлу қарастырылды. Оның ішінде 3 млрд теңге стартап жобаларға бөлінді.

– Қазіргі таңда мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында өңірде 75 жоба жүзеге асырылуда. Басым бөлігі денсаулық сақтау саласы бойынша, яғни 75 жобаның 29-ы немесе 39 проценті осы салаға тиесілі. Сондай-ақ, спорт, білім беру, цифрландыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша жобалар да іске асуда, – деді өңір жетекшісі.

Айта кетейік, Қызылорда облысы мем­лекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша еліміздегі үздік 5 аймақтың қатарында. Аймақ басшысы әріптестік меха­низмін инвесторлар қызығушылық танытқан жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ғана пайдалану керектігін ескертті. Өйткені, жобаларды іске асыру инвестор үшін кіріс деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекет тарапынан оларға төленетін өтемақы мөлшерін барынша азайтуға, қажетсіз шығындарды жоюға мүмкіндік береді.

Мәжілісте бірқатар министрлік өкілдері өз салаларында атқарылып жатқан шараларды баяндады. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, қазіргі күні бұл бағыттағы жобалар саны 219-ды құрайды. Оның 216-сы – жергілікті, ал қалғаны 3-і – республикалық. 57 жобаға байланысты келісімшарт жасалды. Жобалар саны жөнінен Сыр өңірі аймақтар арасында екінші орында тұр. Ендігі мақсат – 2025 жылға қарай саланы дамытуға 1,3 трлн теңге инвестиция тарту.

Еліміз бойынша әріптестік негізінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың шамамен 60 проценті білім саласының үлесіне тиесілі. Аталған салаға инвестиция тарту мақсатында жыл сайын заңнамалық база жетілдіріліп, сәйкесінше жеке инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршыбеков мәлімдегендей, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы басталған Қазақстанда 2010 жылдан бергі уақытта 200 мыңнан астам балаға арналған 2336 жекеменшік балабақша мен мектеп жанындағы шағын орталық ашылды. Оларда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 900 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жалпы сомасы 37 млрд теңгені құрайтын 320-ға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Аймақтағы бірлескен жобалар эконо­миканың барлық саласын қамтиды, әсіресе, инвесторлар негізінен денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына қызығушылық танытып отыр. Көшпелі отырыста бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким тарқатып айтты. Мысалы, денсаулық сақтау саласында – 29, дене шынықтыру және спорт саласында – 12, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында – 10, білім беру саласында – 8, цифрландыру саласында – 7, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында – 5, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп және экология салаларында бір-бір жобадан жүзеге асырылуда.

– Қазіргі уақытта аймақта 18 келісімшарт жасалды. Оның 10-ы – медициналық диспансер құрылысы, 4-і – спорттық-сауықтыру кешенін жалға беру және қызмет көрсету, Қызылорда қаласындағы бір ауысымда 400 келушіге қызмет көрсететін емхана ашу, № 101 орта мектепте арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге кішігірім үй салу және қазандығын жаңғырту (газ жылыту жүйесіне көшіру), Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінде балабақша салу жобалары, – деді Е.Ким.

Сонымен қатар, жиын барысында «Қазақс­тандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Талғат Матаев, Қызылорда қаласындағы №2 «Нұр-Шұғыла» жекеменшік балабақшасының жетекшісі Бибіайша Төлегенова әріптестіктің тиімділігіне тоқталды. Кездесуді Сенат ко­ми­тетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова қорытындылады.

– Біз мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік шеңберінде салынған бірқатар бала­бақшалардың, нысандардың жұмысымен таныстық. Әріптестерімізбен бірге Қызылорда облысындағы бұл тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деп ойлаймыз, – деді ол.

 

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<