«Дала күні – 2025»: Күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті

475

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Жалағаш ауданы «Ер Әлі» шаруа қожалығының егіс алқабында күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті.

Аталған шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, аудан әкімдері, облыстық және республикалық мекеме басшылары, су шаруашылығы мекемелерінің басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.

Шара барысында егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникалары мен жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Аймақ басшысы ізгі тілегін білдіріп, агросалада атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасын өрістеткен негізгі бағыттардың бірі. Оның ішінде, аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақыл – күріш.

Биылғы жылы вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет мүшелерінің бастамасымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөздер жүргізіп, үлкен қолдаулар жасалды.

«Дала күні – 2025»: Күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы жұмыс сапарымен аймағымызға келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тапшылығы жағдайында Үкімет резервінен 53 жылжымалы дизельді насос алуға 1 млрд. теңге бөлініп, насостардың алғашқы легі облысқа жеткізіліп, шаруалар игілігіне пайдаланды.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2026 жылы су үнемдеу технологияларын қолдау шараларына облысқа 9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл Мемлекет басшымыздың Сыр дихандарын ерекше қолдауы. Бізге берілген осындай үлкен қолдаудың арқасында егінді, оның ішінде күріш дақылын тамшылатып суару көлемін барынша ұлғайтуымыз қажет. Ыбырай атамыздың бүгінгі ізбасарларының ала жаздай еткен еңбектері ақталып, қамба астыққа толсын, қырмандарыңыз таси бергей!», – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиында бірқатар ауыл шаруашылығы мамандарын арнайы ҚР Премьер-Министрінің «Алғыс хатымен», ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапаттады.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Сыр дихандарын егіс науқанының басталуымен құттықтап, қамбаның астыққа толуына тілегін білдірді.

Вегетациялық кезеңде маңдай терімен егісті барынша күтіп-баптаған ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне Су ресурстары және ирригация министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды.

«Дала күні – 2025»: Күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті

Қазіргі таңда күзгі егін жинау науқаны кестеге сай жүргізілуде. Қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті, ауыл шаруашылығы техникалары да күріш егісін оңтайлы мерзімде жинап алуға толық дайын.

Шаруашылықтар облыс бойынша ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын толық аяқтады. Бұдан бөлек, дәндік және сүрлемдік жүгерілермен қатар картоп, майлы, мал азықтық, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы күріш дақылын жинау науқанын қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмейаяқтау көзделуде.