2024 жылғы докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау testcenter.kz сайтында 11 шілдеден бастап 3 тамызға дейін жүргізіледі.
Өтініш беру кезінде тек тестілеу ОРНЫН (ҚАЛАСЫН) таңдай аласыздар.
Ал тест тапсыру күні, уақыты және орны (мекенжайы) туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинеттің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде ұсынылады.
Айта кетейік, сіздерге өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 3 тамызға дейін білім беру бағдарламаларының тобына, тест тапсыру тілі мен орнына (қаласына) өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріледі.
Емтиханға қатысу құны – 21 072 теңге.
TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді (қосымша тестілеу) тапсырады.
Қосымша тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат 5 тамызда талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Қосымша тестілеуге қатысу құны — 14 162 теңге.
Түсушілер міндетті түрде ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсынуы керек.
2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейі B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.
Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде 9 (тоғыз) ай еңбек өтілі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқу бітірген адамдар қабылданады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл — 75 балл.
2024 жылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы аясында докторантураға түсуге мүмкіндігі бар.
Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді.
Сондай-ақ, бейіні бойынша докторлар бағдарламасына түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды.
Ең жоғары көрсеткіш — 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге — 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) — 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары — 50 балл.
Шекті балл — кемінде 50.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<