Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті

648

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің жетекшісі Кэролайн Кларинвалмен кездесіп, Сovid-19 және экология мәселелерін талқылады деп хабарлайды облыс әкімінің қызметі.

Сонымен қатар кездесуде кеңесші-дәрігер Омар Салеха және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық және қоршаған ортаны қорғау саласының сарапшысы, дәрігер Осама Магер қатысып, қоршаған орта мен экологияның адам өміріне әсер ететін факторлары туралы ой бөлісті.

Аймақ басшысы тәжірибесімен бөлісуге келген мәртебелі меймандарға бірлескен жұмыстар үшін алғысын айтып, өңірде вирус індетінен сақтануға мен дайындық барысын сөз етті.

– Дәл қазіргідей күрделі өтпелі шақта әрбір адамның денсаулығы аса маңызды. Мұндай кездесудің берері мол. Себебі қазіргі жағдайда ең өткір проблемаларды анықтап, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруда күш біріктіру арқылы ғана біз өз мақсатымызға қол жеткізе аламыз. Сіздердің Арал өңіріндегі проблемаларды зерттеуге деген ынталарыңыз және халық денсаулығын сақ­тауға арналған кешенді жұмыс­тарыңыз біз үшін қажет. Пан­демияның болжамды екінші толқыны кезінде біз медицинаның дайындығын күшейтіп, жаңа аурухана салып, қажетті медициналық препараттардың мол қорын жасаудамыз, – деді облыс әкімі.

Қабылдау барысында Елдік кеңсесінің жетекшісі, медицина докторы Кэролайн Кларинвал қоршаған ортадағы экологияның адам ағзасына әсерін зерттеу арқылы медицинадағы бірқатар проблемаларды шешуге болатынын айтты. Ал, дәрігер Омар Салеха Арал теңізінің экологияға тигізер әсерін зерделеу керектігін қаперге салып, бұл іргелі ізденістерді қажет ететінін тілге тиек етті.

Медицина маманы, қоршаған ортаны қорғау саласының сарапшысы Осама Магер қоршаған ортаның ластануы тыныс алу, аллергия және онкологиялық аурулардың  жиі көтерілуіне алып келетінін назарға салды. Бұл ретте әр өңірдің ерекшелігіне қарай жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.

Жиын соңында облыс әкімі арнайы жұмыс сапарымен келген білікті медицина маман­дары­ның еңбегін атап өтіп, ортақ мәселелерді шешудегі ықпал­дастығы үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері 3 күнге жоспарланған сапары аясында арнайы «дөңгелек үстелге» қатысып, өңірдің емдеу мекемелеріне барып, медициналық ахуалымен танысады. Сонымен бірге кіші Аралға сапар жасайды. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<