Ел саулығы – сақтықта

938

0

Коронавирус бойынша өңірде өсім 0,03 процентті құрап отыр. Осылайша эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Науқастардың 92 проценті ауруынан айықты. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті 47-сессиясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.


Сессияның күн тәртібіндегі мәселелерден бұрын аймақ басшысы өткен жеті айдың еншісіндегі жұмыстарға, алдағы міндеттерге тоқталды. Өнеркәсіп өндірісіндегі өсімді әдеттегідей «қара алтын» қорының біртіндеп түгесілуі тежеп тұр. Өйткені саланың 60 процентке жуық үлесі мұнай өндірісіне тиесілі еді. Бірақ биыл жерасты қазба байлығының көлемі былтырғыға қарағанда 1 млн тоннаға азаюы мүмкін.


– Соған қарамастан мұ­най компаниялары жұмыс орын­дарын сақтап, қысқаруға жол бермеді. Шу-Сарысу, Сыр­дария, Оңтүстік-Торғай шөгінді мұнай-газ бассейндеріне геоло­гиялық зерттеу жүргізу жос­парланған. Ол үшін респуб­ли­ка­лық бюджеттен 2019-2022 жыл­дарға жалпы сомасы 11 млрд теңге бөлінді. Биыл Шу-Сарысу бассейнін зерттеуге 700 млн теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.


Көрсеткіштің төмендеу тен­денциясы инвестиция тарту, құрылыс, бөлшек сауда сала­ларын­да да байқалды. Соның алғашқы екеуіне өткен жылы ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы әсер етті. Олар – Арал, Қазалы аудандарында газкомпрессорлық стансалар, «Сарыарқа» магистральды газ құбыры.


Ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы бағыттарында ілгерілеу анық көрінеді. Осы жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1406 пәтерлі 87 үйдің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 698 отбасы сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін бас­па­намен қамтылады. 115 отбасы кредиттік үй алса, жеке компаниялар есебінен 156 пәтерлі 4 үй пайдалануға беріледі. Мемлекеттік бағдарла­маларға сәйкес мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойламақ.


Пандемия барлық саланың жұмысына өзгеріс енгізіп, жаңа тәсілдер қолдануға ықпал етті. Соның қатарында білім жүйесі де бар. Балалар жаңа оқу жылын онлайн форматта жалғастырады. Тек 1, 4-сынып оқушылары кезекші топтарға бөлініп, дәстүрлі түрде оқиды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына компьютер беріледі. Облыс әкімі тұрғындардың, оның ішінде балалардың денсаулығын сақтау мен сапалы білім беруді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.


Қауіпті індеттің беті қайтқандай. Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Өйткені ғалымдар коронавирус күзде қайта айналып соғуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Сондықтан бұған сақадай сай болу керек.


– Эпидемиолиогиялық ахуал кезінде қоғамдық ұйымдар, кәсіп­керлер мен мәслихат депу­таттарының демеушілігімен 470 оттегі концентраты ауру­ханаларға берілді. Дәрі-дәрмек тапшылығын болдыр­мау мақ­са­тында жергілікті бюд­жеттен 350 млн теңге бөлініп, тұрақтандыру қоры құрылуда. Көп ұзамай Қызылорда қала­сынан 200 орынға арналған модульді инфекциялық ста­ционар салына бастайды, – деді аймақ басшысы.


Одан кейін депутаттар сессия­ның күн тәртібіне ойысты. Тиісті мәселелер тұрақты комис­сиялардың бірлескен және жеке отырыстарында алдын ала талқыланған еді. Негізгісі индустриялық-инновациялық даму бағытында атқарылған шаралар, индустрияландыру бағ­дар­­ламасының үшінші бесжыл­­дығы аясындағы міндет­тер болды. Ол туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндады.


– Өңірде 904,9 гектар аумақты құрайтын 6 индустриялық аймақта жұмыс атқарылуда. Оларда 55 жоба қамтылып, жер телімінің 27 проценті игерілді. Бүгінде 21 жоба іске асырылып, өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 7,6 есе өскен. Жер телімін белсенді игерген – Жалағаш, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласы, – деді ол.
Одан соң уақытша комиссия төрағасы, депутат Бақдәулет Мақашов шешімін күткен мәселелерге тоқталды.


COVID-19 статистикасы жөнінде облыс әкімінің орын­басары Наурызбай Байқадамов хабарлама жасады. 24 тамыз күнгі есеп бойынша өңірде 3227 адам ауру жұқтырды. Өкі­нішке қарай 9 адам көз жұм­ды. 1 тамыздан бері 1620 адам пневмонияға шалдықса, комис­сия соның ішінде 5 науқастың қайтыс болуына аталған дерт тіке­лей себеп екенін анық­тады.


– Қазір эмидемиологиялық жағдай біршама жақсарды. Мысалы, медициналық же­дел жәрдем стансасына ең көп шақырту 28 маусым күні тіркелді. Сол күні 2120 қоңырау түскен. Бүгінде шақырту саны 53 процентке кеміп отыр. Пневмония мазалап хабарласушылар қатары 95,5 процентке азайды, – деді облыс әкімінің орынбасары.


Ал індеттің күзгі мезгілдегі болжамды толқынына дайын­дық шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Осы ретте Наурызбай Байқадамов тұр­ғындарды медициналық бет­перде тағу, әлеуметтік арақа­шықтық пен жеке бас тазалығын сақтау сынды қарапайым қағи­даларды орын­дауды әлі де жалғастыруға шақырды. Өйткені ел саулығы – сақтықта.


Мәслихат сессиясына қа­тысқан Парламент Сена­ты­ның депутаты Мұрат Бақ­тияр­ұлы пандемия кезіндегі проб­­лемаларға тоқталды. Жиын қоры­тындысымен күн тәрті­бін­дегі мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<