Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумына үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында еліміздің білімді білікті, іскер де белсенді жастары республикалық форумда бас қосып отыр. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын», – деген Елбасы Тәуелсіздік тәңірдің бүгінгі ұрпаққа берген баға жетпес үлкен сыйы екенін атады.
«30 жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Мен Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы бақуатты, жастары бақытты болсын деп армандадым. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, лайықты өмір сүруі жолында аянбай еңбек еттім. Бүгінде сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылдары біз дамыған елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрибеледік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<