«Елдің қолдағанына, жігер бергеніне ризамын!»

470

0

«Елдің қолдағанына, жігер бергеніне ризамын!»   Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 11 қазан күні «Хабар» телеарнасына сұхбат берді. Бүкпесіз әңгіме барысында Елбасы өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейінгі өмірі, жаңа жұмыс кестесі және елдің даму болашағы туралы сауалдарға ашық жауап беріп, еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктері, жаңа сайланған Президент туралы ойын айтты.

Халық үшін қабылданған дұрыс шешім

Журналистер сұхбатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатуы туралы 2019 жылғы 19 наурыздағы шешіміне қатысты сұрақпен бастады. «Содан бері жарты жыл өтті. Қабылдаған шешіміңізге өкінбейсіз бе?» деген сауалға орай Елбасы бұл шешімнің әбден ойластырылып барып қабылданғанын, оған өкінбейтінін жеткізді.

– Бұл әр қырынан әбден ойластырылған шешім болатын. Ел басқарғаныма 30 жыл, ал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болғанымды есепке алсақ, 40 жыл толған. Осы уақытқа дейін мені сайлап келген халқыма рахмет. Елімізге өзгерістер керек. Сол үшін жаңа адамдар, жаңа мамандар қажет. Жаңа тұлғаның өзгеше көзқарасы, ойлары болатыны анық. Сондықтан халық үшін дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын және ешқандай өкінішім жоқ. Әлемдегі көптеген мем­ле­­кеттердің басшылары қоңырау шалып, өкініштерін біл­­дірді, сонымен бірге билік транзитін қантөгіссіз, бейбіт, демо­кратиялық жолмен өткіз­генімізге қуанатындарын жет­кізді. Мұны көптеген сарапшылар үлгі-өнеге ретінде ұсынады. Ендігі мәселе – 30 жыл ішінде жеткен орасан зор же­тістіктерді төгіп-шашып ал­май, молайту, – деді Елбасы.

Жалпы, 30 жыл ел басқарып, экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек ету кез келген тұлғаның қолынан келе бермейтін дүние. Осы орайда журналистер Тұңғыш Президенттен табысты қызметінің сырымен бөлісуді өтінді.

– Бұл туралы көп жазылды. Биыл менің ел басқаруымның 30 жылдығын қорытындылауға арналған конференцияда танымал азаматтар сөз сөйлеп, қандай қиын-қыстау кезеңдерді еңсергенімізді, не істегенімізді жан-жақты талқылады. Елдің сенімін арқалап, осы жылдар ішінде серіктестеріммен, замандастарыммен бірге ғасырға татитын шаруаны атқардық. Оның бәрі елге мәлім. Елдің әл-ауқатын арттыру үшін ең бастысы – экономика. Экономика өспесе, экономика өнімді болмаса, мемлекеттің қалтасында қаржы болмайды. Мемлекетте қаржы болмаса, зейнетақыны да, жалақыны да төлей алмайды. Айта кетейік, осы жылдар ішінде экономикамыз 20 есеге жуық өсті. 2 мыңға жуық аурухана-емхана, 1,5 мыңнан астам мектеп, мыңға тарта балабақша салынды. Осындай қамқорлықтың, ел табысының ұлғаюы арқасында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жастан 73 жасқа дейін артты. Бұйыртса, одан да жоғарылап, 80 жасқа дейін жетеді. Мұндай бізде қашан болды? Ешқашан болған емес, – деді Тұңғыш Президент.

Елбасы одан әрі халықтың саны да, құрылымы да өзгергенін сөз етті.

– Мысалы, 1991 жылы, тәуелсіздікті жариялар кездегі жағдайға қарасақ, Парламентте Жоғарғы Кеңес депутаттарының ішінде қазақтардың үлесі небәрі 44 пайыз болатын. Қазақстанда да ұлтымыздың үлесі соған шамалас еді. Ал бүгінде Қазақстанда қазақтардың үлесі 70 пайызға жетіп қалды. Бұл – үлкен табыс. Кеңес өкіметі құлап, ел абдырап, басқа ұлт өкілдері тарихи отандарына үдере көшкенде, халқымыздың саны 14 миллионға дейін азайып кетті, – деді Елбасы.

Сонымен бірге мемлекет астанасын ауыс­тыру туралы естелігімен де бөлісті.

– Елорданы Алатаудың баурайынан Арқаның төсіне алып келу де оңай шаруа болған жоқ. Осы сұхбат алдында Моңғолия премьер-министрі Ухнаагиин Хүрелсүхпен кездестім, олар да Ұлан-Батырдың түбінде қала салайын деп жатыр. Бұл ретте біздің тәжірибені үйренгісі келеді. Бізде кезінде астананы көшіруге қарсы адамдар болды. Себебі – сенбеді. Жағдай қиын, Үкіметте ақша жоқ. «Бұл қаланы қалай саласың, су шықты ма Алматыдан?» дегендей көп әңгімені естідім. Бірақ бұл геосаясаттың шаруасы болатын. Оны түсіне алатын адам ғана түсінеді. Бұл жақта қазақ қалмай бара жатқаны аңғарылды. Ал қазір Қазақстанның ең қазақы шаһары – Нұр-Сұлтан қаласы болып отыр. Оңтүстіктегі қалың жұртты көшіріп, үлкен шаруа атқардық. Мен кейде қарап отырып, атқарылған жұмысты көре отырып, өзіме-өзім таңғаламын. «Өз көзіме өзім сенбеймін» деген сөз бар ғой. Бұл қалай қолдан келді?! Біздің буынның атқарған шаруасы еді бұл! Елдің қолдауына, осылай жігер бергеніне ризамын! – деді Тұңғыш Президент.

Одан кейін журналист мемлекетте қос биліктің орнағаны туралы пікірлердің қылаң беріп қалатынын айтып, осы тақырыптағы алып-қашпа әңгімелерге нүкте қоюын сұрады. Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы хабары барын, арагідік естіп қалатынын айтты.

– Бұл, әрине, жалған сөз. Ондай қауесетті Қазақстанда тұрақтылық болуын қаламайтын адамдар әдейі таратады. Халықтың берекесін қашыруға ниеттілердің әрекеті. Шетелдегі қашқын ұрылар, Отанды сатқандар сөз таратып, халықтың тыныштығын бұзуды қалайды. Бұл байламдардың еш негізі жоқ. Өйткені Қазақстан – президенттік билік нысанындағы унитарлы мемлекет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халық сайлады. Ол – Мемлекет басшысы. Ал өзіме келсек, заңға сәйкес, ішкі және сыртқы саясат мәселелерін шешетін, кадрларды келісімнен өткізетін Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымын. Бұл алқалы орган, оған елдің барлық басшы тұлғалары кіреді. Қателікке жол бермеу үшін олармен ақылдасып, ұжымдық шешім қабылдаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол, сондай-ақ, Елбасы ретінде Nur Otan партиясына, Қазақстан халқы Ассамблеясына басшылық ететінін жеткізді.

Тұңғыш Президент Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзімен кеңесетінін, ондай жағ­дайда көпжылдық мол тәжірибесіне жүгініп, елге игілік әкелердей ақыл-ой қосуға тырысатынын айтты. Бірақ ол ақырғы шешімді бәрібір Президенттің өзі қабылдайтынына екпін түсірді. Елбасы, сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық саясаттың сабақтастығы сақталатынын жариялағанын, сабақтастықтың үзілмеуін қолдайтынын да жеткізді.

Алдымызда ауқымды міндеттер тұр

Сұхбат алушының көп азаматтардың, соның ішінде шетелдік сарапшылардың Президент сайлауына дейін Қ.Тоқаевтың жеңіске жететінін болжағанын айта келіп, «Неге сіздің таңдауыңыз Қ.Тоқаевқа түсті? Өзге кандидатуралар қарастырылды ма?» – деген сауалына жауап қатқан Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі үміткерлер қарастырылғанын жеткізді.

– Әрине, төңірегімде көптеген жақсы азаматтар болды, өсіп-жетілді, оны өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Шынымды айтсам, бірнеше адамның кандидатурасын қарадым. Солардың ішінде сай келетіні – Қасым-Жомарт Тоқаев деген тоқтамға келдім. Біріншіден, ол – менің жанымда ширек ғасырдан бері келе жатқан адам. Оны білемін. Ол да менің жұмысымның сыр-сипатын жақсы біледі. Екіншіден, Тоқаев – қазақтың бірден-бір сауатты азаматы. Үшіншіден, ол дипломатиялық қызметте жүріп, шетелге танымал болды. Мемлекеттер басшылары да таниды. Менің ұсынысыммен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында Женевада жұмыс істеді. Оншақты жыл Сенатты да басқарды. Яғни, заң шығару саласын меңгерген. Естеріңізде болса, кезінде оны Үкімет басшысы етіп тағайындағанмын, 2 жылдан артық жұмыс істеді. Ел басқару оңай нәрсе емес. Ел басқара аламын деп әркім-ақ ойлайды. Бірақ бұл істің барлық сынағынан өзің өтуің керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы солардың біразынан өтті деп санаймын. Nur Otan партиясының, менің ұсынуыммен сайлауға түсті, халық оны Президент ретінде сайлады. Енді бар істе осы Президентімізді бәріміз қолдауымыз керек. Елге сол керек, – деді Елбасы.

Осы ретте Төле бидің бірлік туралы толғауын еске алған Тұңғыш Президент: «Көкірек қаққан хандарым Лауазымға таласып, Быт-шыт қылды елімді. …Бұл қазақтың даласы Тегінде нені кермеген. Неше бір жайсаң баласы Шешен де болып сөйлеген. Көсем де болған ойменен. Бірақ соның бәрі де Ыдырап жатқан қазақтың Қоса алмады бастарын. Бейбіт жатқан елімді Жаулап алып қор қылды, Көк атты келіп көлденең» деген Төле би», – деді.

Сонымен қатар Елбасы алдымызда ауқым­ды міндеттер тұрғанын, қол жеткізілген табыс­тарға тоқмейілсуге болмайтынын атап көрсетті.

– Заманында дүние жүзіндегі ең ұлы империя болған Римнің философтары: «Глупые молодые ораторы уничтожили мою респуб­лику» деп айтқаны бар. Біздің халқымыз – дана. Үлкені-кішісі бірауызды болып, тентекті жолға салып, елімізді алға бастыруымыз қажет. Алдымызда толып жатқан мәселелер бар. Дүние қым-қуыт, шым-шытырық. Алып мемлекеттердің өзі бір-бірімен келісе алмай, сауда жағынан, санкция жағынан текетіресіп жатыр. Қазақстан – үлкен державалар ортасында орналасқан мемлекет. Біз әр уақытта өте мұқият болғанымыз абзал. Елдегі тыныштық арқылы ғана өркендеп, өсе аламыз. Біз әзірге жететін жерімізге жеткен жоқпыз. Осындай қарқынмен қозғалған Оңтүстік Корея бүгінгі деңгейіне тек 54 жыл ішінде ғана жетті. Басқалары 40-50 жылдан кейін барып аяғынан тік тұрып, қазіргі жағдайына келді. Барлығын жасап алдық деп тоқмейілсуге болмайды. Алда ел үшін, халық үшін істейтін талай жұмыс бар. Сол жұмысқа келер ұрпақ дайын болуы қажет. Менің буыным өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Енді жаңа буын бізден жақсырақ істесін. Оны да көрелік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сұхбат кезінде өткенге шолу жасап, өзінің президенттік қызметін қорытындылай кетті.

– Егер ойлана, сарапқа сала келе, осы жылдары оң нәтиже шығармағанымды түсінсем, мүмкін, президенттік қызметтен кетпес те едім. Президенттік өкілеттігім 2020 жылдың аяғына дейін болғаны мәлім. Бірақ оған қарағаным жоқ. Елімізде де, сыртқы сарапшылар тарапынан да Қазақстанның осы жылдардағы өсіп-өркендеуіне оң баға берілді. Біз бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалар арасында реформаларды ең жылдам іске асырдық. Экономикамыз да тез өсті. Бұл – атқарылған жұмыстың нәтижесі. Біз дүниежүзілік тәжірибені пайдаланып, стратегиялық бағдарламалар жасадық. «Қазақстан – 2030» стратегиясын уақытынан бұрын орындап тастадық. Қазір 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Соның аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру», индустриялық даму және басқалары ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – өркендеп-өскен, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу. Сонда еліміздің жағдайы сол елдердегідей болады. Атқарылған жұмыстарға оң баға беремін. Айта берсек, атқарылған шаруа көп. Ендігі кезекте қарқынды тоқтатпай, жұмысты әрі қарай жалғастыра беру керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар Елбасы тарихымызды да ұмытпай, бүгінгі табыстарға жету жолындағы қиыншылықтарды да жастарға жиі айтып отыру керегін ескертті.

– Қазақстандық жас ұрпақ тәуелсіздік жылдарындағы қиыншылықтарды біле бермейді. 90-жылдары не болғанын қайталап айтып отыру керек. Пәтерлерге жылу берілмей, жұрт суық үйлерде тұрды. Электр қуаты аптасына бір-ақ рет берілетін. Жалақы, зейнетақы, басқасын төлеуге ақша жетпеді. Дүкен сөрелері босап қалды. «Сендер мемлекет бола алмайсыңдар! Сендерде ешқашан мемлекет болмаған» дегенді мен талай естідім. Әйткенмен, мемлекетіміз құрылды, мемлекеттілігімізді дүние жүзі мойындады. Қазақстанда шегенделген шекара да болмаған. 14,5 мың шақырым шекарамыздың барлығын келіссөз арқылы бекітіп, құжаттап, БҰҰ-ға тапсырдық. Егер шекараның 1-2 шақырымына қатысты дауы шешілмесе, ол үлкен соғысқа бастайды. Оның барлығын шешіп, шекараны шегендеп, келер ұрпақ алдынан ондай проблеманы алып тастадым. Бұл деген – өте үлкен табыс! – деді Н.Назарбаев.

Nur Otan партиясы халықпен бірге болуы керек

Сұхбат барысында Елбасы қоғамдағы әлеуметтік мәселелер жөнінде де айтып, бұл орайда Nur Otan партиясы халық жанынан табыла білетін басты саяси күшке айналу керек екенін жеткізді.

– Қазақтың тарихы мен табиғатында бір отбасының бала-шағасы көп болып, оның жағдайы қиындаса, ағайын-туыс жиналып қол ұшын созып, көмектеседі. Халыққа түсіндіру керек. Егер де құр сұрап отыра бермей, маған жұмыс беріңдер десе, онда бұл – Үкіметтің шаруасы. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін мемлекет жұмыс орындарын ашуға міндетті. Міне, осы тұрғыда Nur Otan партиясы халықпен бірге болып, адамдардың мұң-мұқтажын билікке жеткізе білуі тиіс. Тұрғындардың бірде-бір талабының орындаусыз қалмауын қадағалау қажет. Кез келген мәселені жүйелі түрде жеткізсең адам оның байыбын түсінеді. Ал халықпен тікелей жұмыс істемей, сенікі дұрыс емес десең, бұдан жақсы нәтиже шықпайтыны мәлім. Мұндай ұстаным жақсылыққа апармайды. Сондықтан Nur Otan партиясының алдына осындай міндетті қойып отырмын. Бұл партия соңғы жиырма жылда елдегі негізгі саяси күшке айналды. Бүкіл сайлау науқандары осы партия арқылы жүзеге асты. Бүгінде жұмыс жалғасып жатыр. Партия қызметін жаңғырту – жаңа міндеттерді айқындап, жаңа деңгейге көтерілуге ықпал етуі тиіс, – деді Н.Назарбаев.

Мегаполистер өмір сүруге ыңғайлы болғаны жөн

Тұңғыш Президент урбанизация туралы да ойларымен бөлісті. Ол бұл үрдісті тоқтату қиынға соғатындықтан, оны басқара білу керектігін айтты.

– Әлбетте, адам өмір сүруге ыңғайлы жерге ұмтылуға тырысады. Үлкен қалаларда ғылым, зауыттар мен кәсіпорындар, үздік мектептер мен оқу орындар, сапалы мейрамханалар шоғырланған. Сол себепті халықтың мегаполистерге ағылуы заңдылық. Урбанизацияны тоқтата қою қиын. Алайда, бұл оны басқаруға болмайды дегенді білдірмейді. Мысалы, астана мен Алматы қаласында осыған қатысты проблема аз емес. Бұл үрдіс жабайы мәнерде өрбімеуі тиіс. Қаласақ та, қаламасақ та үлкен шаһарлардың саны артатыны күмәнсіз. Сарапшылар әлемді миллиондаған тұрғыны бар алып мегаполистер басқаратынын айтып, жарыса жазуда. Өйткені халқы көп қалада жұмыстың аз болмайтыны белгілі. Түрлі дағдарыстарды да үлкен шаһарлар оңай еңсере алады. Неге десеңіз, жұмыс күші көп және өндірілген өнімді сатып алатын адамдар бар. Осылайша миллиондық қалалар өздерін қамтып, тіршілікке қолайлы жерге айналады. Алматыда тұрғындардың саны 2 млн-ға таяп қалды. Астанада қазір 1 млн 200 мың адам тұрып жатыр. Шымкент шаһарында халықтың саны миллионға жеткендіктен оның мәртебесі республикалық деңгейге жетті. Жақын болашақта бұл қатарға Қарағанды, Ақтөбе сынды жарты миллион тұрғыны бар қалалар қосылуы әбден мүмкін. Біз урбанизацияны қолдан жасап жатқан жоқпыз. Мұндай бағдарлама да жоқ. Ол халықтың қозғалысы. Бұған кедергі келтіру қиын, – деді Елбасы.

Ауылға деген қамқорлық азаймауы тиіс

Тұңғыш Перзидент ауыл шаруашылығы саласына қатысты ой-пікірлерімен бөлісе отырып, шетелдік тәжірибелерге тоқталды.

– Дүниежүзілік тәжірибеге келетін болсақ, алып мемлекет АҚШ-та ауыл шаруашылығымен айналысатын халықтың саны 5 пайыз. Бізде халықтың 43 пайызы ауылда тұрады. Бірақ та соның ішінде 20 пайызы ғана ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүр. Қалғаны қалаға келіп-кетіп жүргендер. Германия, Канадада дәл солай. Неліктен оларда өнімділік жоғары? Себебі үлкен көлемде жұмыс істейтін техника мен шаруа­лар өз істерін жолға қойған. Сол арқылы өнімділік көрсеткіші жоғары. Қазір ешкім ақшаны бекер шашпайды. Табысты болу үшін әр тиынды есептейді. Сондықтан біз ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп келеміз. Дүние жүзінде барлық мемлекеттер ауыл шаруашылығына субсидия бөледі. Өздеріңіз білетіндей, ауыл шаруашылығына бірінші күннен бастап көп көңіл бөлдім. Бірнеше реформа жасадық. Қазіргі бағдарламаларда субсидия жағы қарастырылғанымен, өнімділік төмен. Гектардан 13-14 центнер өнім алсақ соған қуанамыз. Көрші Қытай елінде өнімді 25 центнерден кем алмайды. Канадада одан да жоғары. Жерлері бізбен бірдей. Неге? Бізде тыңайтқыштар жетіспейді. Техниканы әлі толық алған жоқпыз. Бұл мәселенің екі жағы бар. Қазір ауыл шаруашылығы мамандарының жалақысын көтеріп, қолдап келеміз. Бұл бағытта өңдеу индустриясы жолға қойылса, онда жұмыс болады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко» компаниясы, елорданың іргесіндегі «Родина» сынды компанияны алып қарайық. Сонда барған жас­тар сол жерде қалады. Үй беріп, біліктіліктерін арттырады. Ауыл шаруашылығында істеп жүрген азаматтар, жастарға жағдай жасап, саланы дамытуды қолға алуы тиіс. Біз де ауыл­дан шыққан балалармыз, ауылды аңсаймыз. «Egemen Qazaqstan» газетінде жусан туралы үлкен мақала шығыпты. Онда жусанның иісі адамды сергітеді деп жазылыпты. Шынында да ауылға барсаң, бір түп жусанды алып иіскейсің. Иісі аңқып тұрады. «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде жусанды иіскеп, қай елден екенін таныған. Ауыл – бәріміздің бесігіміз. Ауылға деген қамқорлықты мемлекет әрдайым назарында ұстап, жағдай жасау керек. Жаңа техниканы алып, тыңайтқыштарды көбейту керек. Аз адаммен көп өнім шығара алатында жағдайға жетуіміз қажет. Одан қорқуға болмайды, – деді Елбасы.

Балама экономика – тұрақтылықтың тың жолы

Н.Назарбаев жаһандық экономиканың архитектурасын ескеріп, дамудың тың жолдарына көшу керектігіне тоқталды. Елбасы табиғи ресурстар нарығының шатқаяқтауы ұлттық экономиканың моделін қайта қарастыруға сеп болғанын айтып, бұл ретте балама жолды мықтап қолға алған абзал дейді.

– Кезең-кезең дамуымыз қажет. Қазақ­стан­ды өркендетуге арналған 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарымыз бар. Елде­гі бағдарламалардың басым бөлігі соның негізінде әзірленді. Жер қойнауындағы ресурс­тарға қарап отыру қателік. Мысалы, мұнайдың бағасы биыл 70 доллардан жоғары еді. Ал қазір 60 доллардан да төмен. Бұл дегеніңіз бюджетке үлкен шығын. Қалай оның орнын толтырамыз? Экономикасы табиғи шикізатқа негізделген мемлекеттер бұл жағдайдан өткен. Сондықтан балама экономиканы құру қажет және біз бұл жұмысты бастадық. Мыңдаған кәсіпорын аштық. Онда қазір 400 мыңдай адам еңбек етеді.

Қытай бізді жаулап жатыр деген әңгімені жиі естіп, оқып жүрмін. Қайда, кімді жаулап жатыр? Қазақстан жерін вагонға тиеп, басқа жаққа алып кете ме? Қытай билігімен уағда­ластығымыз бар. Онда бірлескен кәсіп­орындар құрылған жағдайда қанша мамандардың елге келетіні туралы Үкіметпен келісімге келеді. Құрылыс аяқталған соң барлық мамандар елдеріне қайтады. Сондықтан мұндай күдіктен арылу керек. Ешкім кәсіпорынды көшіріп алып келмейді. Біз өзімізге қажетті озық кәсіпорындарды құруға мүдделіміз.

Ұлттың жанашыры ретінде жастарға беретін ақылым, ең алдымен білім алуға ұмтылу керек. Өмір деген қиын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей!» деген Абай бабамыздың сөзі бар. Жастарды еңбекке, білімге баулуымыз қажет. Білім алып, еңбек етсең отбасыңды асырайсың және ешкімге мұқтаж болмайсың. Осыны ойлану керек. Барлығымыздың ойымыз елдің амандығы, жұрттың тыныштығы және Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгі болуын ойлануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде сыйлы елге айналамыз, – деп айтты Н. Назарбаев.

 

Түркістан – Түркі әлемінің рухани орталығы

Былтыр Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Арнайы Түркістан облысы құрылды… «Дәл осындай тарихи шешімді қабылдауға не түрткі болды?» деген сұраққа орай әңгімесін сабақтаған Тұңғыш Президент кезінде елорданы Түркістанға көшіру туралы ой болғанын жасырмады.

– Елорданы таңдаған кезде осы шаһар ойымда жүретін. Кішігірім қала ол кезде. Алайда астананы бұл жаққа көшірмейміз деп шештік. Себебі ол – рухани орталығымыз. Тіпті Түркі әлемінің рухани орталығы. Қожа Ахмет Ясауидің шығармалары сол жерде шыққан. 1500 жылдық тарихы бар көне қала. Сол өңірді жандандыру мәселесі бұрыннан бері ойымда болатын. Елорданы салғаннан кейін оған көңіл бөлуге қаражат тапшы еді. Шымкентті миллион тұрғыны бар болғаннан кейін Алматы және бас қаламыз секілді тікелей орталыққа бағынатын қала еттік. Сондықтан Түркістанды облыс орталығы деп жарияладым. Барлық түркітілдес мемлекеттер бұл шешімді қолдады. Түрлі мұражайлар бой көтеру үстінде. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауиге, Қазақ тарихына, Түркі тарихына байланысты нысандар салынып жатыр.

Түркістанға мыңдаған турист келетін. Енді олардың саны одан  да артады. Қала «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан. Көрші Ташкент қаласымен қарым-қатынасы жақсы. Меніңше, жаңа облысымыз пайда болғаны қуанышты жағдай, – деді Н. Назарбаев.

Халықтың қолдауы қуат береді

Сұхбаттың соңында Елбасы өкілеттілігін тапсырғаннан кейінгі өмірі жайлы бөлісіп, бұрыннан бері жүзеге асырғысы келіп жүрген армандарын айтты.

– Қазір ешкімді де өзіме шақыртпаймын. Міндетім конституциялық заңмен бекітілген. Партияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарымен айналысамын. Қауіпсіздік кеңесінің міндеттері де аз емес. Түрлі халықаралық форумдарға шақыру бойынша қатысамын. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақтың Құрметті төрағасымын. Мені Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің (Түркі кеңесі) де Құрметті төрағасы ретінде сайлады. Оның отырысы алдағы апта басында Бакуде өтеді. Осындай форумдарда Қазақстанға қатысты мәселелер де шешіледі. Яғни, бұл лауазымда да мен Отанға қызмет жасауды жалғастырудамын. Жеке басыма уақыт аз қалады. Пейзаж салғанды, табиғатты бейнелегенді ұнатамын. Алда музей құрылысы аяқталады. Сонда өзім салған суреттерді ел назарына ұсынбақпын. Көрмеге 30 шақты сурет қажет. Әлбетте, айтарлықтай туынды болмас, бірақ достарым көрсетуді сұрайды. Сондай-ақ бұрын оқуға уақытым жете бермеген саяси кітаптарды, әлемдік көркем әдебиетті көп оқимын. Менде көп кітап жиналып қалды. Балалармен, немерелеріммен жиі көрісуді қалаймын. Қазіргі балалар басқаша, олардың толып жатқан өз қызығушылықтары бар. Жұмыс кестем осындай. Менің бұрынғы өмірімде де, қалған өмірімде де барлық ойым – еліміздің, Қазақстанның тыныштығы мен өсіп-өркендеуімен байланысты. Қолымнан келгенше, осы жұмысты істеп келе жатырмын, өмірбақи осы іспен айналысып өтемін. Менің басқа арманым да жоқ. «Бірлік болмай, тірлік болмайды». Отыз жылғы жұмысты қалай бағалайсыз дегенде айтқым келгені, мені бүкіл халық 6 рет Президент етіп сайлады. Алтауын­да да 80-90 пайыз арасында сайлаушылар маған дауыс беріп отырды. Халықтың осы сенімі маған қуат берді! Бір болғанда табысты боламыз, бір болғанда барлық жұмысымыз жемісті болады. Еліміз мәңгі болсын! – деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Жазып алғандар

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<