Елшілерден сенім грамотасын қабылдады

386

0

Елшілерден сенім грамотасын қабылдады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Тәжікстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода, Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Чех Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл, Хорватия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович және Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Тхи Хонг Оань сенім грамоталарын тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақ­стандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың қызметі еліміздегі маңызды реформалардың жүзеге асырылу кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Қазақ­стан­ның келешегі заманауи технологияны жете меңгерген өскелең ұрпақтың қолында. Сон­дықтан, осы жылды «Жастар жылы» деп жарияладым, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жастарды сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабыл­данып жатқанын жеткізді.  Бұған қоса, бизнес ахуалын жақсарту, шетелдерден инвестиция тарту және Қазақстан экспортының бағыт­тарын кеңейту үшін бірқатар бағдар­ламаның жүзеге асырылып жатқаны жөнінде айтты.

Қазақстан Президенті халықаралық күн тәртібінде тұрған заманауи сын-қатерлерге де тоқталды.

– Жетекші ядролық державалар арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда, Орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткім келеді. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаһандық жаңа апаттың болуына жол бермей, оның алдын алуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның бітім­гершілік қызметінің нәтижелерін ерекше атап өтіп, әлемде ядролық қаруды таратпау үшін қабылданған шаралардың маңыз­дылығына назар аударды. 

Қазақстан Президенті елшілерге арналған сөзінде мемлекетаралық достық қатынастарды нығайту және ілгерілету қажеттігін айтты.

– Біз Тәжікстанмен дәстүрлі ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамытуға зор мән береміз. Астана мен Душанбе арасындағы ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ынты­мақтастықты қарқынды нығайтудамыз. Осы ретте, Тәжікстанның Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіндегі төрағалығына табыс тілей отырып, аталған бағытта бірге жұмыс істеуге дайын екенімізді айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония арасындағы қатынастардың нәтижелеріне және оны дамыту перспективаларына тоқталды.  

– Былтыр Брюссельде өткен АСЕМ саммитінде Премьер-Министр Синдзо Абэмен жүздесіп, екі мемлекет арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға уағдаластық. 2018 жылы өзара сауда айналымы 30 процентке өсті. Біз жапон компанияларының Қазақстан нарығына атсалысуына мүдделіміз және қажетті жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Чехия Президенті Милош Земанның «ЭКСПО-2017» көрмесіне келуі екі жақты байланыстың дамуына тың серпін бергенін атап өтті.

Мұнан соң Қазақстан мен Хорватия арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелеріне де тоқталды. Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қатынастардың тиімділігін атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті елшілерді жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, дипломатиялық қызметтеріне табыс тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<