Қаламыздағы Саяхат ықшам ауданының тұрғындары «Сыр бөбегі» балабақшасына келіп, өз таңдауын жасауда. №348 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-де еліміздің Әнұранымен ашылды. Учаске ашылғаннан-ақ жұрт дауыс беруге ағылып келе бастады. Әсіресе, сағат 9-дан өте дауыс берушілер қатары көбейді. Олардың арасында 18 жастағы, яғни, ең жас дауыс беруші Рамазан Жамбыл да бар. 2004 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Рамазан биыл алғаш рет саяси науқанға қатысып отыр.
Сайлауда өз таңдауын жасаған ол өзінің алғашқы әсерімен бөлісіп, пікірін білдірді.
– Бүгін облыс тұрғындары үшін, жалпы ел үшін айтулы күн болды. Тұрғындардың таңнан бастап белсенділік танытқанына қуаныштымын. Биыл алғаш рет дауыс бердім. Бұл мен үшін есте қалар ерекше сәт. Сайлауға дауыс беруге келгенде ең алдымен елімізге жасалар игі істер мен бастамаларды ойладым. Халқымызға жағдай жасалып, молшылықта өмір сүрсе, дамыған елдердің қатарына қосылса деймін. Қазір жастардың дамуына мемлекет қолдау білдіріп келеді. Сол үрдіс үзілмей, алда дами түссе деген тілегім бар, – деді ол.
Қазіргі сәтте бұл учаскеге сайлаушылар бірінен соң бірі үздіксіз келіп, таңдауын жасап жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<