Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері кеше 730 елді мекенде өткен әкім сайлауының ел дамуындағы орны туралы пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық кеңестің хатшысы, Прездент кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, бұл сайлау Президент жариялаған саяси реформалардың сәтті жүзеге асып жатқанын тағы бір рет көрсеткен.
«Өздеріңіз білесіздер, екі жылдың ішінде Президенттің бастамасымен саяси реформалар бағытында 10 заң қабылданған болатын. Кеше ғана өткен әкімдердің тікелей сайлауы да сол жаңа заңнамалық нормалардың қабылдануы арқасында жүзеге асып отыр», – деген Ерлан Қарин ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімдерін тікелей сайлау бастамасы бір жылға жетпейтін уақытта іске асқанын еске салды.
«Былтыр Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу қажеттігі жөнінде бастамасын жариялаған болатын. Міне сол бастамасы бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде жүзеге асты. Кешегі өткен сайлау Президенттің жариялаған саяси реформаларының, саяси модернизация курсының түбегейлі жүзеге асуының айқын бір көрінісі болып отыр», – деді Ұлттық кеңес хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<