Ірі жоба – іргелі еңбек көзі

889

0

Облыста қазынаға қаржы түсіруден негізгі үлеске ие болып келе жатқан мұнай өндірісі кейінгі жылдары екі еседей төмендеді. Бұл жағдайдың өңір экономикасына тигізер әсері жеткілікті. Алайда, облыс басшылығы өзге де салалардың дамуын мұқият зерделей отырып, «қара алтын» өндірісінен жоғалтқан шығынның орнын толтырып келеді. Осылайша облыс халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жоспарлар мүмкіндігінше жүзеге асуда.

Дегенмен, өңірде шешімін кейінге қалдыруға болмайтын өзекті мәселелер бар. Ал оларды іске асыру орталық мемлекеттік органдардың кө­мегінсіз мүмкін емес. Қауіпті вирусқа байланысты әлем бо­йынша жарияланған пандемия экономикалық жағдайларға біраз өзгерістер әкелді. Мұнай өндірісі төмендеп, көптеген сала жұмысы іркілді. Осындай кезеңде жаңа жоспарларға қаржы бөлу де қисынсыз. Дегенмен, бүгінгі таңда басты назар мен барлық күш-жігер эпидемиологиялық ахуалды оңалтуға бағытталып жатса да, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің ертеңіне қатысты мәселелерді бір сәтте естен шығарған жоқ. Мемлекет басшысы мен Үкіметке өз ұсыныстарын жеткізе білді.

Өткен ғасырдың 50 жылдары пайдалануға берілген Қызылорда су торабы соңғы жылдары апаттық жағдайда тұр, сол себептен тез арада күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал егер бұл нысан бұзылса, онда өңірдегі 38 елді мекенді су басу қаупі бар. Сонымен бірге, облыстың 3 ауданы, Қызылорда қаласы аумағындағы 110 мың гектар суармалы, 250 мың гектар шабындық, жайылымдық жер сусыз қалады. Мұндай қауіп жыл өткен сайын күшейе бермек.

Сәуір айында болған Үкімет отырысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су торабын жаңғырту жұмыстары тезірек басталмаса, қауіп күшейетінін айтқан еді.

– Жобаның құны – 3,2 млрд теңге. Бұл жөнінде мемлекеттік сараптама бар. Енді жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2 жыл болғандықтан, ол жол картасына кірмей қалды. Өйткені, ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сол себепті бірден 2 жылды қамтитын қомақты қаражат қарастыруымыз керек. Сонымен қатар, бұл жерде маусымдық мәселе бар. Мысалы, егін егу, егін жинау кезінде жұмыс істей алмаймыз. Тек күзде, егін біткеннен кейін бастауымызға болады, – деген еді өңір басшысы.  Премьер-Министр Асқар Мамин аталған нысанмен және басқа жобалар бойынша көмек көрсетілетінін айтты.

Міне, енді осындай табан­дылықтың нәтижесінде Қы­зылорда облысын дамыту бойынша 100 млрд теңге көлемінде экономикалық көмек жасалатын болды. Өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жетекшілігімен ке­ңес өтіп, онда Қызылорда облысын дамыту мәселелері жө­ніндегі жұмыс тобы 79 жобаға қолдау болатынын хабарлады.

Осы қолдау аясында 2020-2022 жылдар ішінде облыста 80-ге жуық іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Экономиканың дамуы және басқа да маңызды міндеттермен қатар халықты толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік болады. Атап айтқанда,  тұрғын үй, су,  газ, жылу, электрмен жабдықтау және жол жөндеу секілді көптеген жоба іске асырылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту шараларының арасында облысты газдандыру мен көліктік инфрақұрылымды же­тілдіру бар. Транспорттық инфрақұрылымды дамыту ая­сында 2022 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың санын 72%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 63,5%-ті құрағанын атап өткен жөн.

Бүгінгі жағдай  халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларына қатысты көптеген пробемаларды ашып көрсетті. Соның бірі – осындай отбасылардан шыққан оқу­­шылардың компьютерлік тех­никаларға қолжетімсіздігі. Соған байланысты облыста 34,7 мың оқушыға  компьютер, ноутбук, планшет және модем секілді  компьютерлік техникалар сатып алу көзделіп отыр.

Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беруді және шағын несиелендіруді арт­тыру жобасы облыста кәсіп­керліктің дамуына оң әсер беретіні сөзсіз. Аймақтың ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы үшін суармалы алқаптардың маңызы ерекше. Мемлекет қолдау көр­сетіп отырған жобалар қа­тарында «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларын жаң­ғырту, сондай-ақ иррига­циялық жүйелерді жетілдіру шаралары бар. Қыс мезгілінде тоғандарға жинап алынған су жаз айларында егістікке жіберіледі. Ал «Көкарал» бөге­тінде атқарылар жұмыс – балық шаруашылығымен ай­на­лы­са­тындар үшін қуа­ныш­ты жа­ңалық. Сонымен қатар, ол эко­логтардың, сондай-ақ төтен­ше жағдай қызме­тін­дегілер көңі­лінен шығатын ша­ра екені де даусыз.

– Жалпы, жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру об­лыстың дамуына жаңа серпін әкеледі. Оларды іске асыру 8 мыңға тарта жұмыс орнын құруға, салық  базасын к­ңейтуге және ең бастысы жал­пыөңірлік өнімнің 1%-тен ас­там өсуіне мүмкіндік береді, – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Жеңіскүл Омарова.

Жалпы Үкіметте мақұлдан­ған жобалар өңір тарихындағы елеулі жаңалықтармен айшық­талмақ. Мәселен, ауданнан шалғай орналасқан Ақбасты, Тоқабай, Абай және Төретам, Жанқожа батыр, Майдакөл ауылдарын сумен жабдықтауды жүзеге асыру халықтың тұр­мыс-тіршілігін жаңа деңгейге көтеру деп білген жөн.

Қысқасы, облыста маңызды деген міндеттерге мықтап көңіл бөлініп отыр. Өңірді дамытуға бағытталған жілікті жобалар туралы алдағы уақытта да оқырманға жеткізетін боламыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<