Кәсіпкерлерге қойылатын артық талаптардың күшін жою мәселелері қаралды

645

0

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысы мен 2022 жылдың ІІ жартыжылдығы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары қаралды.

Үкімет басшысы бизнеске әкімшілік жүктемені барынша азайту мақсатында қолданыстағы реттеуші актілердің бәріне ауқымды талдау жүргізілгенін атап өтіп, нәтижесінде 44 сала бойынша жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап анықталғанын атап өтті.

Осыған байланысты Премьер-Министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және І жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтты.

Селекторлық мәжілістен кейін Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, қолайлы бизнес климатты қалыптастыруда қабылданатын шешімдер мен рәсімдердің тиімділігін арттыруды қажет ететінін қаперге салды.

«Өткен жылы кәсіпкерлік саласындағы өзекті, проблемалық мәселелерді талқылау, шешімін қарастыру үшін арнайы жұмысшы топ құрылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа өңірдегі кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді құзырлы мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен осы жұмысшы топта бірлесе қарап, шешу бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Өйткені, жергілікті жердегі кәсіпкерлердің ахуалы, олардың қызметін жүргізуге кедергі келтіретін жағдайлар сіздерге айқын көрінеді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өзекті деген мәселелерді дер кезінде облыс, республика деңгейінде көтеріп, бизнес үшін қолайлы шешімін қарастыруға жұмыс жасау қажет», – деді аймақ басшысы.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша өткен жылдың ІІ жартыжылдығында халықпен кездесулердің қорытындысымен өңір тұрғындары тарапынан 1871 ұсыныс-тілек айтылғаны аталып өтілді. Нәтижесінде 1559 мәселе шешімін тапты, 312-сі бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұған дейін аймақ басшысы Президент Жарлығы аясында аймақтың барлық ауданы мен Қызылорда қаласында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге халықпен кездесіп, кезектілік тәртібімен аудан, қала тұрғындарын жеке қабылдады. Былтырғы жыл көлемінде облыс әкімі мен құқық қорғау орган басшылары жалпы алғанда 1000-ға жуық азаматтың өтінішін тыңдап, ұсынысына құлақ асты.

2022 жылы Қызылорда облысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 901 кездесуі өткізілді. Оның ішінде, облыс әкімі – 16 кездесу, Қызылорда қаласының әкімі – 36, аудан әкімдері – 411, кент, ауылдық округ әкімдері халықпен – 438 кездесу өткізді. Кездесулерге 61 418 адам (офлайн – 57 919, онлайн – 3499) қатысты.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге өткен жылы облыстық бюджеттен 43,9 млрд. теңге қаржы бөлінді.

Биылғы жылы осы мақсатта облыс бюджетінен 24,1 млрд. теңге бағытталуда.

Мұнан бөлек, орталық атқарушы органдар тарапынан шешуді қажет ететін мәселелер тізбегі жасалып, тиісті құжаттамалары әзірленді.

Нәтижесімен, бүгінде орталық атқарушы органдарға жалпы құны 120,4 млрд. теңгені құрайтын 230 жоба ұсынылып, биылғы жылы қаржыландыруға 78,2 млрд. теңге бюджеттік өтінім берілді.

Барлық кездесулер Мемлекет басшысының Жарлығында көрсетілген талаптарды сақтай отырып, күнтізбелік кестеге сәйкес өткізілуі қажет екенін ескерткен аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне тұрғындармен кездесулердің нәтижесімен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, халықты жиі толғандыратын сұрақтардың мерзімінде әрі сапалы орындалуына басымдық беруді тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<