Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті. Оған әкім орынбасарлары, салалық басқарма басшылары мен онлайн селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Қаралған екі мәселенің алғашқысы – жылу маусымын қорытындылау және алдағы міндеттерді айқындау. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов жылу беру маусымы кезеңінде атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жауапты маусымда облыстағы 1185 әлеуметтік нысан мен орталық жылуға қосылған 784 қөпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылды. Бұл ретте әлеуметтік нысандарға қажетті 40 мың тонна көмір, 26 мың тонна дизельдік отын қоры мерзімінде жасақталып, тұрғындарға қажетті 164 мың тонна көмір отыны толық жеткізілген.
Руслан Нұрмағанбетов электр энергиясынан болатын ақаулардың мәселелері, тұрғын үйлерге жылу, су, электр есептеуіш құрылғыларды орнату бойынша нақты жағдайды тізбектеді. Сондай-ақ, алдағы жылу беру кезеңінде іске асырылатын жұмыстарға тоқталды. Алдағы жылу маусымында 5 шақырым жылу, 1447 шақырым электр, 2 шақырым су және кәріз, 2307 шақырым газ желілері жөнделеді. Мұнан бөлек, «Қызылорда жылу электр орталығы» мен 13 қазандық жөндеуден өтпек.
Аймақ басшысы бірқатар жылу-энергия кәсіпорындары басшыларына негізгі проблемалық мәселелерді айқындап алуды, нақты механизмге сай жұмыс жасау қажеттігін қаперге салды. Сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, 2020-2021 жылғы жылу беру маусымында жіберілген кемшіліктерге талдау жасап, алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының кестесін әзірлеп, тиісті шараларды осы жылдың 1 қазанына дейін толық аяқтауды, әлеуметтік нысан қазандықтарын қолданыстағы нормаларға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар бойынша қажетті отын қорын жасақтау, коммуналдық төлемдерді жинақтау, мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау жұмыстарын пысықтауды міндеттеді. Бұл тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Серік Сүлейменовке тапсырды.
Екінші мәселе – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға облыс аумағындағы нысандарды бейімдеу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова баяндады.
Жалпы облыста 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Биылдан бастап олар техникалық оңалту құралдары мен қызметтерін толығымен Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алуда. Облыста жеке оңалту бағдарламасы әзірленген 11061 мүгедектігі бар адамдардың 9013-і электронды цифрлық қолтаңбамен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде, әлеуметтік қызметтер порталына жіберілген жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 65%-ті құрап, республика бойынша өңір 3-ші орынға шықты.
Өңірде ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімдеу және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта 2021-2025 жылдарды көздейтін әкімдік пен Еңбек министрлігі тарапынан 1294 инфрақұрылым объектілерін бейімдеуден өткізу жоспары бекітілген. Оның ішінде биылға жоспарланған 258 объектінің 243-і мемлекеттік мекеме, қалғаны жеке сектордың үлесінде.
Нысандардың қолжетімділігіне мониторинг жүргізуде Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері жанынан жұмысшы топтар құрылған. Нәтижесіне қарай бейімдеуге қажетті қаржы көлемі нақтыланатын болады.
– Облыс аумағындағы нысандарды бейімдеу жұмыстары бойынша Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы әкімдеріне жыл аяғына дейін жоспарланған объектілердің бейімделуіне қажетті қаржы көлемін нақтылап, тартылатын қаржы көздерін шешуді тапсырамын. Бұл жұмыстарды үйлестіруді орынбасарым Балжан Шәменоваға жүктеймін, – деді облыс әкімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<