Классикалық шахматтан Қызылорда облысы әкімінің I ашық кубогы басталды

657

0

Фото: ашық дереккөз

Ақыл-ой мен логикалық қабілетті дамытатын шахмат ойыны – әлемде кең таралған спорттың бірі. Облыстың жас шахматшылары халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарып, ел намысын қорғап келеді.

Осы ретте шахматшылар арасындағы бәсекелестікті қалыптастырып, спортқа деген қызығушылықты арттыру аса маңызды.

Бүгін классикалық шахматтан Қызылорда облысы әкімінің І ашық кубогы басталды.

3-9 қараша аралығында өтетін халықаралық жарысқа 80-ге жуық спортшы қатысады. Олардың арасында Қырғызстан, Белорусь, Өзбекстан, Қазақстанның халықаралық рейтингтегі 10 спортшысы бар.

Қызылорда облысынан 70-ке жуық шахматшы сынға түспек. Үш кезеңдік жарыстың А секциясы халықаралық норма бойынша өтеді. Ал, В секциясына Швейцария жүйесі бойынша эло рейтингінен жоғары емес шахматшылар қатысады. С секциясы мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлері үшін блиц-турнир түрінде ұйымдастырылады.

Кубоктың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов арнайы қатысып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Саланың даму қарқыны мен әлемдік ареналарда ел намысын қорғаған спортшылардың жетістігіне тоқталды.

-Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімінің тікелей бастамасымен дене шынықтыру және спорт саласын дамыту мақсатында Сыр өңірінде биыл 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілсе, оның 9-ы спортсүйер қауымның игілігіне табысталды. Өңірде заманауи үлгіде жасақталған тағы бірнеше спорт кешені ашылатын болады. Шахмат – ойлау қабілетін дамытатын спорт түрі. Осыған орай, бүгін классикалық шахматтан Қызылорда облысы әкімінің І ашық кубогы ұйымдастырылуда. Нағыз үздіктер анықталатын сайыстың жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Жеңісті күндеріміз көп болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Іс-шарада Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Алексей Бобенко сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бүгінде облыста 16 314, оның ішінде ауылдарда 7 189 адам шахматпен тұрақты айналысады, 365 жаттықтырушы жас шахматшыларға ойынның қыр-сырын үйретуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<