Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

909

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин қазіргі таңда мұз Қызылорда су торабынан 178 шақырым жоғары Шиелі ауданы аумағындағы Көлекбаз учаскесі тұсында тұрғандығын жеткізді.

– Бүгінгі күнге Шардара су қоймасы арқылы Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 200 текше метр су жіберілсе, оның 100 текше метр көлемін Көксарай су реттегіші алып отыр. Төменгі ағысқа секундына 100 текше метр су босатылуда. Ағымдағы қыс мезгілінде өзен арнасында мұз Арал ауданынан бастап, Жаңақорған ауданы аумағына дейін толықтай ұстасқан болатын. Жылы ауа райының қалыптасуына байланысты 7 ақпаннан бастап өзен беті мұздан ашыла бастады, – деді басқарма басшысы.

Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс бойынша су басу аймақтары анықталып, оған 402 бірлік арнайы техникасы және 1 178 адамы бар 130 ұйым бекітілген. Оған қоса, 68,6 тонна жанар жағар май, 154 590 дана қаптар және басқа да материалдар қоры жасақталған. Мұз жару жұмыстарына мамандандырылған мекеме «KazDrillingCompany» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 1 тікұшағы, халықты көшіруге 84 жинақтау және 103 қабылдау эвакуациялық пунктері дайындыққа келтірілген.

Облыс аумағындағы азаматтық қорғаудың барлық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, бұл жұмыстар су тасқыны кезеңі аяқталғанға дейін жалғаспақ. Ал, қазіргі таңда облыстың су шаруашылығы жағдайы бірқалыпты, бақылауға алынған.

 Жиында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова сала басшыларына Сырдария өзеніндегі суды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<