Коммуналдық мекемелер үздіксіз қызмет көрсетуі керек

393

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласындағы бірқатар маңызды мәселе талқыланған мәжіліс өтті.

«Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Акция аясында қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет. Бүгінде қоғамда жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ауыз су сапасы. Осы түйткілдерді шешіп, уақытылы су берілуін қадағалаңыздар. Коммуналдық қызметтер үздіксіз жұмыс жасауы керек. Жылу маусымына дайындық та назардан тыс қалмасын. Осы кезден бастап жұмысты бақылауға алыңыздар. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық электр трансформаторларының жабық болуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар аймақ басшысы мереке күндері жұмыс істейтін коммуналдық мекемелердің қызметкерлеріне сыйақы беру мәселесін қарастыруды жүктеді.

Айта кетейік, Сыр өңірінде жол инфрақұрылымын, көлік қатынасын дамыту саласында ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның ішінде, аймақ тұрғындарының сұранысына орай авто және теміржол үстінен өтетін көпір өткелдері құрылысы қарқын алған.

Өткен жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен 5,7 млрд. теңгеге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол айырығына салынған жаңа көпір пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1 млрд теңгеге жуық қаржыға Қызылорда қаласының Белкөл кенті мен Яссауи көшесі тұсында, Жалағаш ауданы орталығында теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі ел игілігіне табысталды. Арал ауданында 3,1 млрд. теңгеге автожол көпірінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қаланың Шанхай мөлтек ауданы тұрғындарының көптен бері көтерген мәселесі де оң шешімін тапты.
Қазір облыс орталығында абаттандыру бойынша 213 жоба жүзеге асуда, оған 12,7 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, 160 көше 31,7 млрд теңгеге жөнделеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<