Мақсат – адамға бағдарланған қызметті дамыту

618

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жыл сайын өтетін Digital Bridge форумы төрт жылда ірі және маңызды өңірлік алаңға айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Дегенмен Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек. Президент өз сөзінде оның басымдықтарын айқындап берді.

– Бірінші. Адамға бағдарланған қызметті дамыту. Мемлекетке цифрлық технологиялар, ең алдымен, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін игеру, Финтех пен Индустрия 4.0-ді енгізу үшін қажет. Дегенмен «Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні – мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді. Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшіріледі. Бюрократиялық рәсімдердің бәрі алынып тасталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Атап айтқанда, Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге жол ашты.

Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласына қолайлы жағдай жасау мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті. Президенттің пікірінше, аймақ бойынша Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасаған елдердің бірі. Бұл нормативтік базаға да, IT бизнесті дамытудың бірегей режимдері мен құралдары бар арнайы платформаларға да қатысты. «Astana Hub» IT стартаптарының халықаралық технопаркі арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.

– Жуырда АҚШ-та Microsoft, Epam, Coursera сияқты компаниялардың басшыларымен кездестім. Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту, елімізге кәсіпорындарды көшіру жөнінде нақты келісімдерге келдік, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан IT инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту ісін жалғастырады. Мемлекет басшысының айтуынша,  трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін транскаспий учаскесінде әзербайжандық әріптестермен бірлескен жұмыстар басталған. Бұл жерде сөз Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа туралы болып отыр. Сонымен қатар Қазақстанға Cloud есептегіш нарығының ірі өкілдері саналатын Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud және басқа да компаниялар тартылып жатыр.

Цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту ісі де еліміздің басым бағыты болмақ. Президент әлемнің бір орнында тұрмайтынын, технологияның одан әрі дами беретінін айта келе, Үкіметке цифрлық экономиканы одан әрі дамыту үшін қолдау шараларын дер кезінде ұйымдастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды күшейту мәселелеріне арнайы тоқталды. Мемлекет

 басшысы екі жыл бұрын әлемнің IT нарығына 30 миллион маман керек болғанын айтты. Бүгінде қажеттілік 100 миллионға жетті, 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Сондықтан Президент 2025 жылға қарай, кем дегенде, 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау қажет екенін айтты.

– Жуырда Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарым барысында Digital Nomads IT қоғамдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ пен Еуропадағы ірі компанияларда жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Бүгінде Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өнім шығаруға қабілетті дарындылар аз емес.

Сондықтан мен Үкіметке оларды қай жерде жұмыс істесе де қолдау көрсетуді және елімізді цифрландыруға барынша араластыруды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі ақпараттық қоғамда және цифрлық экономикада үздіксіз білім алмасу аса маңызды деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа идеялар мен серпінді жобалар тек еркін және үйлесімді қоғамда ғана жүзеге асатынына сенімді екенін жеткізді.

***

Мемлекет басшысы жыл сайын өтетін «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумына қатысты. Іс-шараға Премьер-Министр, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың жетекшілері, отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Президентке Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі қызметі және Google for Startups компаниясымен бірлескен бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды, сондай-ақ Alem бағдарламалау мектебі мен «Қазақстан халқына» қорының жобасы таныстырылды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев стартап аллеясындағы әрбір жобаға арнайы тоқталып, компания өкілдерінің жетістіктерін тыңдады. Олардың бірқатары тек Қазақстан нарығымен шектелмей, шетел нарығына да шыға бастаған.

***

Мемлекет басшысы «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы аясында халықаралық IT компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Samsung Electronics компаниясының корпоративті президенті Ин Йонг Ри IT мамандарды даярлау, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және ғылым саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Арсен Томский Мемлекет басшысына Қазақстандағы көлік қызметі саласындағы ең танымал мобильді қосымшалардың бірі іnDriver-дің қызметін дамытудың перспективалары туралы айтты. G42 компаниясының директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесуде ақпараттық технологиялар мен цифрлық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударылды. Bharti Enterprises және OneWeb құрылтайшысы әрі төрағасы Сунил Барти Митталмен кездесуде шалғай елді мекендерді интернетпен қамту үшін төмен орбиталы спутниктерді және жерүсті станциялар желісін пайдалану мәселелері талқыланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<