Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуына орай видео Үндеу жолдады

277

0

Фото: Ақорда

Құрметті достар!

Қадірлі ғарыш саласының қызметкерлері мен ардагерлері!

Баршаңызды «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуымен құттықтаймын!

1957 жылы дәл осы арадан жасанды Жер серігі ұшырылып, ға­рышты игеру дәуірі басталды. Көп ұзамай, 1961 жылы айлақтан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көк жүзіне аттанды. Бұл тарихи оқиға жаһан жұрт­шылығын біріктіріп, адамзаттың ғылым мен өркениет прогресіне деген сенімін нығайтты. Содан бері Байқоңырдан мыңдаған Жер серігі ұшырылып, ондаған миссия орындалды. Мұн­да көрнекті ғалымдар, конструк­торлар мен инженерлер жұмыс істеді. Ұлы жетістіктердің бас­та­уын­­да тұрған барлық маманға шек­сіз ризашылығымды біл­діре­мін!

Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айла­ғының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұта­мыз. Халқы­мыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанды.

Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады. «Байқоңыр» айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақ­мерзімді стратегиялық серік­тесті­гінің жарқын көрінісі.

Соңғы онжылдықтарда Қазақ­стан ұлттық экономиканың да­муына ықпал ететін бірқатар ауқымды ғарыш жобаларын іске асырды. Еліміз Байқоңырды халық­аралық ынтымақ­тастықтың, ғылым мен білімнің және туризм­нің орталығына айналдыруға ұм­ты­­лады. Ғарыш қызметінің жаңа нарықтарына шығу, жас инже­нерлердің, конструкторлар мен ғалымдардың әлеуетін арттыру жарқын болашаққа жол ашады.

Осы орайлы сәтті пайдаланып, Байқоңыр қаласының тұрғын­дарына айрықша алғыс айтқым келеді. Сіздер табанды еңбек етіп, ғарышты зерттеу ісінің ізашар­ла­рынан қалған мол мұраны мұқият сақтап келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық. Ғарыш саласы бүкіл адамзатты әрдайым ортақ мақ­сатқа жұмыл­дырып, жаңа­шыл­дық пен ғылыми-техникалық прогреске бастайды. Байқоңыр алдағы уақыт­та да ұлы жаңалықтар мен озық инновация­лардың қайнар көзі бола береді деп сенемін!

Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!