Қасым-Жомарт Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне бейнебайланыс режимінде қатысты. Сонымен қатар аталған жиында Ресей Президенті Владимир Путин мен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэсух спикер ретінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, Таиланд Премьер-Министрі Прают Чан-Оча форум қатысушыларына бейнеүндеу жасады.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде осындай маңызды жиынға қатысуға шақырғаны үшін Ресей Президентіне ризашылық білдірді. Қазақстан Президенті аталған форумның экономикалық ынтымақтастықтың мейлінше өзекті проблемалары бойынша, шын мәнінде, беделді халықаралық диалог алаңына айналғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін бұл аймақтың стратегиялық серіктес ретінде маңызы зор екенін айтты. Өйткені өңір географиялық жағынан Еуразияны қарқынды дамып келе жатқан Азия Тынық Мұхит аймағымен түйістіреді.
«Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел ретінде өзінің аталған аймақпен қарым-қатынастарын күшейтуді жоспарлап отыр. Мұндай қадам еліміздің Азиядағы серіктестерімен арадағы байланыстарға зор мән беретінін көрсетеді. Біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз, ұлы еуразиялық алпауыт ел – Ресей Федерациясымен жан-жақты ынтымақтастық орнату Қазақстанның еуразиялық стратегиясының негізгі элементі болып табылады», деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы өзара ықпалдастықты күшейту үшін бірқатар бағытқа егжей-тегжейлі тоқталды.
Қазақстан Президенті тиімді көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығына баса мән берді. Сондай-ақ транзиттік тораптарды дамытуда еліміздің әлеуеті мен мүмкіндіктері жөнінде, соның ішінде, осы саладағы ұлттық жоспарларды Еуразиялық экономикалық одақтың қызметімен және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштастыру туралы кеңінен айтты.
«Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың әлеуетін арттыру үшін ынтымақтастықтың жаңа формасын қалыптастыру жөніндегі Шығыс экономикалық форумының идеясына қатысты ой-пікірін ортаға салды.
«Біздің ортақ мүддеміз инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашатын және келешекте орнықты дамуды қамтамасыз ететін өсімнің жаңа көздерін табу», деді Президент.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы тау-кен металлургиясы, цифрландыру, коронавирус індетіне қарсы вакцина әзірлеу, қаржы, ғарыш, мұнай-газ, жаңартылатын энергия көздері, автомобиль жасау салалары бойынша табысты жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар жөнінде, сондай-ақ, жыл сайын өтетін Өңіраралық ынтымақтастық форум туралы айтты.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР мен Оңтүстік Корея арасындағы ықпалдастыққа бағытталған осыған ұқсас бірлескен жобалар жайында мәлімет берді.
«Жалпы, шетел инвестициясын тарту – еліміздің экономикалық саясатының сөзсіз басымдығы. Қазақстанға 365 миллиард доллардан астам шетелден тікелей инвестиция тартылды. Тіпті былтырғы дағдарыстың өзінде Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 35 пайызға артты», деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Азия Тынық Мұхит аймағы елдерімен іскерлік байланыстарды нығайтудың перспективаларына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл өңірмен арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Соның 94 пайызы Ресей, Қытай және Корея елдеріне тиесілі.
«Сауда-саттықты одан әрі дамытып, оның географиясын кеңейту үшін әлеуетіміз жетеді деп санаймын. Осы ретте, әлемдік сауда-экономикалық қоғамдастықта маңызды орын алуға уәде беріп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың рөлін ерекше атап өту керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігін жаһандық деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған ықпалдастық орнатудың маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ауыл шаруашылығы дамыған елдердің мүмкіндіктеріне сілтеме жасай отырып, мұқтаж адамдарды сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірлесе күш жұмылдыруға шақырды. Осы ретте Президент Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы, соның ішінде, отандық өңделген өнімді сыртқы нарыққа экспортқа шығару жөнінде айтты.
«Қазақстан мен Ресейдің салалық ведомстволары ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына шығару мақсатында күш жұмылдыру мүмкіндігін қарастыра алар еді. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көміртекті азайта отырып дамуға көшуді Форумдағы өзекті тақырыптардың бірі ретінде атады. Осы ретте, ол көмір өнеркәсібіне тартылатын инвестицияның азаюына және мұнай-газ секторын қаржыландыру деңгейінің төмендеуіне байланысты туындауы мүмкін қиыншылықтарға баса мән берді. Оның пікірінше, бұл жағдайлар елдеріміздің экономикасына қатер төндіреді. Мұның салдары ресурс тапшылығына, инфляцияға және тұрмыс деңгейінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
«Аталған мәселеге барынша прагматикалық тұрғыдан, мүмкіндігінше, үйлесімді тұрғыдан келу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әрбір ел технологиялық және экономикалық құрылыс трансформациясына байланысты қиыншылықты бастан өткереді. Бұл, әрине, ұлттық экономикаға қауіп төндіреді. Бірақ бұл қатерді тек өңірлік, әсіресе жаһандық деңгейде бірлесе жеңуге болады», деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, елеулі технологиялық прогресс пен тұрмыс сапасының артуына қарамастан, қауіпсіздік тұрғысынан әлем одан сайын әлсіз бола түскенін айтты.
«Қазақстан Еуразия – «біздің ортақ үйіміз» деген ұстанымды қолдайды. Біз барлық сала бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Керемет құрлығымыздағы мемлекеттер өзара тиімді сауда-саттық пен экономикалық ынтымақтастық арқылы ортақ әрі жарқын болашақ идеясы жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қоғамдастық бола алар еді. Мұндай әдіс өңірлік және жаһандық кооперацияны дамытуға, экономикадағы өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тың серпін беретіні сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы форум аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасында цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу жобалары мен Data-Driven Government тұжырымдамасын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты. Аталған құжатқа Қазақстан тарапынан Премьер-Министр Асқар Мамин, Ресей жағынан «Сбербанк» ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Греф қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойылған Меморандумға қатысты түсіндірме жасай отырып, бұл жоба екі мемлекеттің бір-біріне деген өзара сенімін білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ сипаты жағынан шын мәнінде стратегиялық бастама екеніне назар аударды.
«15 жылдан астам уақыт біздің нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан СБЕР-дің қазақстандық мемтехтың институционалдық негізін қалыптастыруға атсалысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты зияткерлік технология сияқты аса маңызды сала арқылы жан-жақты ете түседі. Шын мәнінде, бұл өте маңызды қадам. Бұл стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес-климатты жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз», деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин СБЕР-ді стратегиялық серіктес ретінде таңдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
«Бүгінгі бірлескен жұмыстар жемісті әрі нәтижелі болады деп санаймын. Бұл елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы толыққанды әрі маңызды серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді», деді Ресей Президенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<